ҚАЛА ТҰРҒЫНДАРЫНА МЕРЕКЕЛІК ТАРТУ С.Торайғыров көшесі қайта түрленді

ҚАЛА ТҰРҒЫНДАРЫНА МЕРЕКЕЛІК ТАРТУ С.Торайғыров көшесі қайта түрленді«Қала күні» мерекесіне орай шаһардағы үлкен кө­ше­нің бірі Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы кө­ше күрделі жөндеуден кейін пайдалануға берілді. Оның Қорқыт Ата мен Хон Бен До көшелерінің ара­лығындағы бөлігі 4,8 шақырымды құрайды. Көшені қайта жаңғырту жұмыстарына облыстық және қалалық бюджет есебінен 1 млрд 142 млн теңге бөлінген.

 

Тұрғындардың көптен күткен бұл қуанышына облыс әкімі Қырымбек Көшербаев пен қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаев ортақтасты. Олар жол сапасын бақылап, тұрғындармен тілдесті.

– «Қала күні» мерекесінде жаңа жолды пайдалануға беріп отырмыз. Асыға күткен қуаныштарыңыз құтты болсын. Темір жолдың бұл беті көп жылдардан бері ұмыт қалып келген еді. Былтыр ұзындығы 4,9 шақырым болатын әл-Фараби, биыл Торайғыров көшесін жөндеп отыр­мыз. Бұл Шанхай, Гагарин, Коммунизм шағын аудандарында жол кептелісін, жол-көлік оқиғаларын азайтып, шет аймақтардың инфрақұрылымын жақсартады деген ойдамыз. Жол соңғы құрылыс технологиясы негізінде салынған. Ал адам қауіп­сіздігін сақтау мақсатында екі бетінен ені – 3, ұзындығы 9 600 метр болатын жаяу жүргіншілер жолын салдық. Осындай сапалы жұмыс атқарып отырған «УАД» ЖШС-ның басшысы Мұрат Үдербаевқа және оның ұжымына тұрғындардың және өз атымнан алғыс айтамын, – деді Қырымбек Көшербаев.

Тұрғындар да аймақ басшысының бұл сөзін қоштап, алғыстарын білдірді:

– Бұл көшенің бұрынғы сиқын көріп, қарнымыз ашатын. Біраздан бері жөндеу көрмеген жол шұрық-тесік еді. Ал қазіргі келбеті көңіл қуантады. Көше бойына жаңа үлгідегі аялдамалар, жарық шамдар қойылған. Ерекше айта кететін жайт, жаяу жүргіншілерге арналған жолдың салынуы. Бұл ең алдымен балалардың қауіпсіздігі үшін маңызды. Сондықтан осындай сапалы жолдың салынуына үлес қосып отырған барлық азаматтарға халықтың атынан ризашылығымды айтамын, – деді Торайғыров көшесінің тұрғыны Өмірзақ Құлымбетов.

Айта кетейік, қаламызда жалпы ұзындығы 612 шақырым болатын 760-тан аса көше бар. Соңғы үш жылда бұның 244-не қайта жаңғырту, күрделі және орташа жөндеу жұмыстары жүргізілген. Ал биыл ұзындығы 51,2 шақырымды құрайтын 69 көшенің құрылысы жүргізілуде.

Аймақ басшысы келесі кезекте темір жол вокзалына аялдап, тазалық айлығына өз үлесін қосты.

Мөлдір ҚОЖАХМЕТОВА.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 22 қыркүйек 2015 г. 1 056 0