
«ЭКСПО» көрмесі – жаһандық ауқымдағы оқиға. Оны маңыздылығы жағынан ірі экономикалық форумдармен, туристік тартымдылығы бойынша әлемдегі ең танымал спорттық ойындармен салыстыруға болады. Көрме біздің елімізге ірі инвестиция тартуға мүмкіндік туғызады. Сондай-ақ, «ЭКСПО» көрмесін өткізу арқылы Қазақстан «жасыл экономиканы» дамытуға тікелей септігін тигізетін жаңа технология мен инновация алады, – деді Мемлекет басшысы жуырда өткен «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесін ұйымдастыру және өткізу мәселелері жөніндегі Мемлекеттік комиссияның отырысында.
Қазақстан Президенті елдің көрме тақырыбына тығыз байланысты бастамаларының көп екенін атап өтті. Бұлар энергиялық-экологиялық стратегия, «жасыл көпір» және «жасыл өсім» стратегиялары болып табылады.
Елбасының атап көрсеткеніндей, «болашақтың энергиясына» көшуге мүдделілік идеясын елдің өзі көрсете білуі тиіс. Үкімет біздің елімізде бұл бағыттың тиісті деңгейде дамуы мәселелерімен жұмыс істеуі керек. Алдағы бес жыл ішінде Қазақстан таза энергия түрлерінің әзірлемелері мен енгізілуі саласында инновациялық серпіліс жасауы қажет. Сондықтан ол болашақтың энергиясын дамытудың 2013-2017 жылдарға арналған тиісті кешенді жоспарын қабылдау жайын анықтап алуды тапсырды. Ол жоспар барлық өңірді, ұлттық холдингтерді, зерттеу институттары мен әлеуетті отандық және шетелдік инвесторларды қамтуы тиіс. Бағдарламалық барлық құжаттарды үйлестіру керек.
«ЭКСПО» кезінде бес миллион шамасында келушілер қабылдау жоспарланып отыр. Осыған орай Президент тиісті органдарға қаланы дамыту жоспарын қайта қарау мәселесін жүктеді. Сондай-ақ баспананың және жайлылықтың ең заманауи талаптары мен стандарттарына сай келетін «ЭКСПО-Сити» құрылысын анықтауға кірісу міндеті жүктелді. «Ауылшаруашылық жерлер қатаң түрде мақсатқа сай қолданылуы қажет. Астана мен облыс төңірегінен жер телімдері берілуіне тыйым салу керек. Тек «ЭКСПО-2017» символына айналып қана қоймай, әлемдік архитектура мен қала құрылысы қазынасының қатарына енетін бірегей сәулеткерлік ғимарат құрылысы туралы ойлану да аса маңызды. Оған қоса, жаңа коммуникациялар құрылысы мен оларды басқару «ақылды қаланың» қағидаттары бойынша жүзеге асырылуы тиіс», – деді Мемлекет басшысы.
Президент «ЭКСПО» көрмесін өткізу нәтижесін барынша игілікке жарату, ең алдымен туризмді дамытуға пайдалану мәселесіне назар аударды. Мемлекет басшысы, сонымен қатар, Мемлекеттік комиссияға туристік бағыттардың еншісіндегі автожолдардың бойындағы сервисті осы заманға сай жабдықтау жөнінде ұсыныстар енгізуді, сондай-ақ, қалалар арасындағы көлік жүйесінің жаңа жүктемелерін ескеруді тапсырды.
Мемлекет басшысының атап өткеніндей, «ЭКСПО-2017» көрмесіне дайындалу және өткізу кезінде отандық экономиканың ресурстарын, әсіресе шағын және орта бизнестің жетістіктерін барынша пайдалануды жүктеді. Осы шараға арналған құрылыс материалдары мен қызмет көрсету импортын төмендету үшін біздің барлық ішкі өндірісті іске қосу керек. Өз кезегінде шағын және орта бизнес сондай қызметтер мен тауарлар көлемін көрсетуге дайын болуға тиіс. Олардың қызметі сапаның ең жоғары талаптарына сай болуы керек.
Қазақстан үшін 2017 жыл спорт саласында да ерекше жыл болады. Жуырда Yкімет отырысында 2017 жылғы 28-ші қысқы Бүкіләлемдік универсиадаға дайындық мәселесі талқыланды. Атап айтқанда, бұл елеулі спорттық шара 2017 жылы Алматыда өтетін болады. «Студенттік олимпиадаға дайындық мәселесі тек Алматыға ғана емес, сонымен қатар, барлық өңірлерге де қатысты. Бұл ауқымды спорттық шараға 5 жылға жуық уақыт қалды. Ал уақыт тез өтеді, 2017 жылғы қысқы студенттік олимпиада ойындары мен «ЭКСПО-17-ні» өткізуге дайындықты қазірден бастау керек. Бүгінде осы спорттық шараға әзірленіп жатқан жастар, оқушылар, студенттер 100 пайыз даярлықтан өтуі тиіс», – деп тапсырды Премьер-министр Серік Ахметов. Осы орайда, Премьер-министр Білім және ғылым министрлігіне, ҚР Спорт және дене тәрбиесі жөніндегі агенттікке, барлық облыс әкімдерімен және Алматы мен Астана әкімдіктерімен бірлесе спорттық резервін даярлау бойынша тиісті шараларды қабылдауды жүктеді.
Сонымен алдағы жылдары Қазақстан халықаралық көрме мен бүкілдүниежүзілік универсиада өткізілетін әлемдік өркениеттің орталығына айналады. Бұл Қазақстанның жаһандық ортадағы өзінің лайықты орнын анықтауға жетелейтін шаралар болып табылады. Президенттің «Қазақстан-2050» стратегиясымен қаруланған ел-халқы осынау маңызды саяси-экономикалық шараларды өз деңгейінде өткізетініне сенімдіміз. Бүгінгі дайындық барысы бұл ойымызды дәлелдей түседі.
Ж.ӘЛМАХАНҰЛЫ.