
Тәуелсіз Қазақстанның болашақ тағдырын айқындаған кезеңдердің бірі – астананың Сарыарқа төсіне ауысқан кезі. Елбасының бас қаланы Ақмолаға көшіру туралы идеясы салған жерден іске асты деуге болмайды. Елдегі әлеуметтік-экономикалық жағдайдың әлі оңала қоймаған тұсында астананы ауыстыру бастамасы қоғамнан бірден қолдау таппады. Бірақ Елбасының табандылығы арқасында Арқа төсінде әсем шаһар бой көтерді. Бүгінде "Астана, Елбасы, Тәуелсіздік” ұғымдары бір-бірімен қабысып кетті.
Астана Астана болғалы қазақтың киелі төрі адамзат баласын бейбітшілік пен келісімге, түсіністік пен толеранттылыққа үндейтін әлемдік деңгейдегі шаралардың орталығы болды. Салтанаты келіскен зәулім сарайлар, сәулетті үйлер де Астананың көркін айдай әлемге танытты.
1994 жылдың 6 шілдесінде ҚР Жоғарғы Кеңесі сессиясында Президент алғаш рет еліміздің астанасын басқа қалаға ауыстыру туралы нақты идеясын ұсынды. Осы бір кезең туралы естеліктердің бірі былай дейді:
«Астананы көшіруді Қазақстанның жаңа талпынысының бір белгісі деп қарадым. Қаныш Сәтбаевтың айтқан сөзін де ескердім. Кейбір ақпарат құралдарына ұсыныс жасадым: «Осыны айтайықшы, жазайықшы, ел не дер екен?» деп. Әуелде ел онша елеңдей қоймады. Депутаттармен де сөйлестім. Олар да қозғала қоймады. Алматыға қарасақ, жағдай анау. Таудың қуысына сыймай отырған қала, қыс ауасы көк түтін. Былай қарай шығайын десең, Қаскелеңге тірелесің, мына жағында Талғар. Баяғыда Ақмешіттен көшіп келгенде Іленің бойына жаңа қала салмақ болған, вокзалының орнына дейін бар. Өте жақсы идея, бірақ жүзеге аспай қалған. Сонан болашақ астана бола алатын жерлерді қарастыра бастадым. Ел ортасы – Жезқазған. Жер жағдайы онша емес. Қарағандыны да, Көкшетауды да қарадық, айналып келгенде Есілдің бойында тұрған баяғы Геродот айтатын Батыстан Шығысқа баратын жолдың бойында жатқан Ақмолаға тоқтадық».
Астананы Арқаға көшіру Қазақстанның тәуелсіз ел ретінде өз бетінше жасаған алғашқы батыл қадамы болуымен де құнды еді. Бүгінде тоғыз жолдың торабында, Еуропа мен Азияның тоғысқан жерінде, Ұлы Жібек жолының күретамырында бой көтерген Астана Елбасымыздың бастамасымен ғасырлар тоғысында дүниеге келген ғажайыптардың бірі екеніне ешкім дау айта алмайды.
Қазақ тарихында Арқа Әз Тәуке ханның жаз жайлауы болғаны айтылады. Халқымыздың басына бұлт үйірілген кер замандарда елдің болашағы үшін жаны күйген батырлар мен билер, хандар мен қайраткерлер Ақмола төңірегінде Ұлытауда, Қарқаралыда, Қараөткелде жиі-жиі бас қосып, азаттық үшін ұлы күресте елді болашаққа бастаған. Тағы бір дерек, ХХ ғасырдың 50-жылдары ұлы ғалым Қаныш Сәтбаев Ғылым Академиясының ғимаратын Ақмоладан салу туралы батыл пікір білдіргенін айғақтайды.
Ақ патшаның маусым жарлығына қарсы ұлт-азаттық көтерілістің Ақмола жерінде болғаны белгілі. Азаттық жолындағы күрестің ордасы болған Ақмола жері бүгінде азат Қазақстанның ақ ордасына айналды.
Жаңа Астананы тұрғызу 1995 жылдың аяғынан басталып кетті. Есіл өзенінің оң жағалауындағы қала біртіндеп сол жағалауға қарай қоныстанды. Қала алып құрылыс алаңына айналды. Астананың бас жоспарын жасауға Н.Назарбаевтың басшылығымен әлемдік сәулет өнерінің атақты шеберлері қатысты. Олар – әлемге әйгілі жапон сәулетшісі Кисе Курокава, қазіргі заманның ұлы сәулетшісі, ағылшын Норман Фостер, итальяндық шеберлер Манфреди Николетти мен Максимильян Фуксас еді.
Бас қаланың тарихындағы айтулы күндер ел есінде мәңгі қалды. 1997 жылдың 20 қазанында «Ақмола қаласын Қазақстан Республикасының астанасы етіп жариялау туралы» Жарлық шықты, онда 1997 жылдың 10 желтоқсанынан бастап Ақмола Қазақстан Республикасының астанасы болатыны, ал астананың ресми тұсаукесері 1998 жылдың 10 маусымында өткізілетіні айтылды. Сол жылы жаңа астанаға еліміздің рәміздерін көшірудің салтанатты рәсімі болды. Астанада бірінші ашылған ескерткіштің саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналуы халқымыздың өткенге салауат, ертеңге аманат айтатын дәстүрін ұлықтады. 1998 жылдың 6 мамырында Президент «Ақмола қаласының Қазақстан Республикасының астанасы – Астана қаласы болып өзгертілгені туралы» Жарлыққа қол қойды. 1998 жылдың 10 маусымында астананың ресми тұсаукесері болды.
Міне, содан бері бұл қала заманауи тұрпатты, сән-салтанаты келіскен ғажайып шаһарға айналды. Күн санап көркейген қала экономикалық және саяси жаңғырулардың ғана емес, мәдени-рухани өміріміздің орталығына айналды.
Бүгінде халқымыз «Астана – Елбасының ерен ерлігі» дейді. Тәуелсіз мемлекетіміздің жаңа астанасын қалыптастырудағы Елбасының еңбегіне халқы осындай баға берді. Елбасының өзі "Астана, бұл – менің төл перзентім. Әр адам, тегінде, өз қаласын сүйетін шығар. Ал, біз, астаналықтар өзіміздің жас қаламызды үш есе артық сүйеміз, өйткені, біз оның құрылысын тақыр жерден бастадық. Мұндағы әрбір жаңа мүйіс, әрбір жаңа ғимарат біздің жүрегімізден шыққан, өйткені олар туған сәтінен бастап біздің көз алдымызда» деген еді.
Президент қаламынан туған «Қазақстан жолы» атты кітапта «Жаңа дәуірдің жаңа астанасы» деп аталатын бөлім бар. Онда "Астана Еуропа мәдениетінен – прагматизмді, ал, Шығыстан рухани дәлдікті мұра етіп алады. Таяу болашақта Астана Қазақстан Республикасының ірі саяси, мәдени және іскерлік орталығы, осы заманғы қаласы болады» деген жолдарға кезігесіз.
Арада аз уақыт өткен соң Астана шынымен де тәуелсіз Қазақстанның бойтұмарына, әр қазақтың жүрегінен орын алған байтағына айналды. Өйткені миллиондаған қазақстандықтардың арманы Астанада орындалуда.
Гүлжазира ЖАЛҒАСОВА.