ӘЛЕУМЕТТІК МӘСЕЛЕЛЕР ӘРДАЙЫМ МАҢЫЗДЫ

ӘЛЕУМЕТТІК  МӘСЕЛЕЛЕР  ӘРДАЙЫМ  МАҢЫЗДЫОблысымызға жұмыс сапарымен келген Премьер министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев пен облыс әкімі Қырымбек Көшербаев кеше "Smoll” сауда үйіндегі тауарлар бағасымен танысты. Жібек жолы көшесінің бойында орналасқан аталмыш сауда үйінде баға бірқалыпты.

"Smoll” сауда үйі 2008 жылдың желтоқсан айынан өз жұмысын бастады. Бүгінде 232 адамды жұмыспен қамтып отыр. Ауласында сыйымдылығы 70 көлікке арналған автотұрағы бар. Сауда үйінде 21596 тауар түрі тұрғындарға тиімді бағамен ұсынылуда. Бағаны тұрақтандыру мақсатында әлеуметтік маңызы бар деген 33 тауар түріне шектеулі баға белгіленген болатын. Бұл бағытта сау­да үйінің директоры Гүлнұр Батырханова да әлеуметтік жауапкершілік танытып отыр­ғандарын айтты. Осы тауарлар шектеулі бағадан 20-30 теңгеге төмен сатылуда. Сауда жасауға келген тұтынушылар да бағаның қалыпты екенін айтып, атқарылып жатқан шараларға өз алғыстарын білдірді.

***

Сыр өңіріне жұмыс сапары аясында Премьер-министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев облыстағы мекемелер және кәсіпорындар басшыларымен, қоғамдық ұйымдар өкілдерімен, кәсіпкерлермен кездесіп, мәжіліс өткізді. Мәжіліске төрағалық еткен облыс әкімі Қырымбек Көшербаев ерекше экономикалық кезеңдегі аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты өзекті мәселелерді талқылауды ұсынды. Мемлекеттің жаңа экономикалық саясатқа көшуі аймақтың ахуалына қалай әсер еткенін бағамдау, сауда орындарындағы баға тұрақтылығын қамтамасыз етуде жүйелі жұмыстар жүргізілуде.

Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік және басқа да тауарлардың бағаларын тұрақтандыруда атқарылып жатқан іс-шараларды баяндаған облыс әкімінің орынбасары С.Қожаниязов күнделікті 3 мезгіл жүргізілетін мониторинг нәтижелеріне тоқталды. Дәрі-дәрмек пен құрылыс материалдарының бағасын тұрақтандыруға да мән берілуде. Азық-түлік бағалары бойынша облыс нарығындағы жағдай бірқалыпты. Қанттан басқа әлеуметтік маңызы бар 33 тауардың бағасына валюта бағамының өзгерісі әсер еткен жоқ. Жаңа экономикалық саясат жиын-терін науқанына дөп келгендіктен көкөніс, картоп, бақша өнімдерінің бағалары 3-5 пайызға дейін түсуде. Бағалардың негізсіз өсуіне, жасанды тапшылыққа, алыпсатарлыққа жол бермеу үшін сауда үйлері және базар басшыларымен меморандумға қол қойылды. Ұн қоры жеткілікті болғандықтан нан бағасын өсірмеуге негіз бар. Кейбір құрылыс материалдарының бағасында жоғарылау байқалады. Жанар-жағармай шекті бағамен сатылуда.

Облыс басшысы «Қант корпорациясының» бағам өзгерген соң бір аптадан кейін бағаны көтергенін, бұл мәселеге Ауыл шаруашылығы министрлігінің назар аударуын сұрады. Тұрақтандыру қоры толықтырылып, 2016 жылдың 1 мамырына дейін азық-түлік бағасын бірқалыпты ұстап тұруға мүмкіндік бар.

Облыстағы дәрі-дәрмек бағаларын тұрақтандыру шаралары туралы хабарлама жасаған облыс бойынша медициналық және фармацевтикалық қызметті бақылау департаментінің басшысы Ш.Исағалиева өмірлік маңызы бар 800-ден астам дәрі-дәрмекке шектеулі баға қойылып, мемлекеттік қадағалауға алынғанын айтты. Аса қажетті дәрілердің бағасын өсірмеуді, тапшылықты болдырмауды көздейтін меморандум жасалған. Арнайы құрылған жұмысшы топ күнделікті мониторинг жүргізуде. Дәрі-дәрмек қоры жыл соңына дейін жетеді. Облыс басшысы СК «Фармацияның» дәріні уақытылы жеткізудегі кемшіліктерін атап өтті. Бұл шетін мәселе тиісті министрлікке де жеткізілді. Премьер-министрдің орынбасары аталған мәселені жіті зерттеп, жауабын беруді құзырлы мекемелерге тапсырды.

Жиында сөз алған «Анвар» СҮ директоры М.Қарабалин бағаны тұрақтандырудағы, облыстық кәсіпкерлерпалатасының директоры Р.Досмаханов шағын кәсіпкерлікті дамытудағы шараларды айтты. «Рза» АҚ президенті С.Имандосов теңге бағамының еркін айналымынан кейін отандық өндіру­шілердің тауарларына сұраныс өсетініне сенім білдірді. Сатып алу заңына өзгерістер енгізіп, отандық өнімдерді сатып алуды қамтамасыз ету туралы ұсынысын жеткізді. Тендер кезінде шетелдің сапасыз, арзан құрғақ сүттерін жеткізіп берушілер жеңімпаз болып жатады. Табиғи әрі жергілікті өнімдерді қолдаудың осындай жолдарын пайдалану керек.

Мәжілісті қорытындылаған Бердібек Мәшбекұлы:

– Қазіргі айрықша экономикалық кезеңде Елбасы мен Үкімет тапсырмаларының қалай орындалып жатқанын көрдік. Халықпен сөйлескенде олардың тұрмыс-жағдайының қалыпты екенін байқадық. Қиын жағдайға қарамастан, экономиканың қарқыны төмен­де­меу керек. Елбасының тапсырмасы – жұ­мыссыздықты өсірмеу. Мемлекеттік бағ­дар­ла­малардың барлығы дер кезінде орындалады. Солар арқылы жаңадан жұмыс орындары ашылады. «Нұрлы жол» бағдарламасы дағ­дарыс жағдайында инфрақұрылымды дамыту арқылы жұмыс орындарын ашуды көздейді. Осы жиында айтылған ұсыныстар жан-жақты зерттеліп, тиісті жауабы айтылады, – деді.

***

Облыс әкімдігіндегі мәжілістен кейін Үкімет басшысының орынба­сары Бердібек Сапарбаев пен облыс әкімі Қырымбек Көшербаев қаладағы бірқатар нысандарды аралады.

Әуелі «Бәйтерек» Девелопмент» АҚ арқылыСПМК-70 шағын ауданынан салынып жатқан 12 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысымен танысты. Нысан басында қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаев салынып жатқан құрылыс пен қаладағы инфрақұрылым жүйесін қайта жаңғырту жұмыстарының барысын баяндады. Уақыт өткен сайын шаһарымыз гүлденіп, жаңа нысандардың көптеп бой көтеріп жатқандығын айтқан ол биыл пайдалануға берілген және құрылысы аяқталуға тиісті нысандарға тоқталды. Сондай-ақ, қалада ауызсу, жылу мәселесі бір жүйеге түсіп келе жатқандығын жеткізді.

– «Нұрлы жол» бағдарлама­сы аясында қа­лаға 3 млрд теңгеден аса қаржы бөлініп, 11 шақырым жылу жүйелері қайта жаңғыртылып жатыр. 3 млрд теңгеден аса қаржыға 22 шақырым ауызсу тартылып, жаңадан 22 ұңғыма бұрғыланып, 4 су тораптары салынады. Жыл аяғына дейін біз қаланы сапалы, жерасты суымен толық қамтамасыз еткелі отырмыз, – деді қала әкімі.

Одан әрі нысан басында жұмыс жасап жатқан құрылысшылармен тілдескен Үкімет басшысының орынбасары олардың еңбектеріне алғысын жеткізді. Айта кетейік, бұл аудандағы 12 үйдің жетеуі жаңа жылға дейін пайдалануға беріледі деп күтілуде. Ал қалған бесеуі көктемге дейін аяқталады деп жоспарланып отыр.

Келесі аялдама кеше ғана пай­далануға берілген «Ипподром» ша­ғын ауданындағы №278 орта мектеп болды. Мектеп заман талабына сай, соңғы үлгіде жабдық­талған. 900 баланы қамтитын бұл білім ордасының ашылуын аталмыш шағын аудан тұрғындары асыға күтті. Қонақтар ғимарат ішін аралап көріп, оқушылармен тілдесті. Оқу залында болып, ізденімпаз өрендерді әңгімеге тартты. 9-сынып оқушысы Алмас Апбазовқа тосыннан өлең оқып беруін сұраған аймақ басшысы оқушының өзіне жасаған әдемі тартуына ризашылығын білдірді.

Үкімет басшысының орынбасары рухани қазынамен танысуды да назардан тыс қалдырмады. Әбділдә Тәжібаев атындағы об­лыс­­­­­тық әмбебап кітапханасының іші­­­нен ашылған халық жазушысы Қалтай Мұхамеджановтың же­ке кітап­хана­сында болды. Онда жинақ­­талған сирек кітаптар қорын, тұтын­ған жеке зат­­тарын тамашалады. Кітапхана ішін­дегі шағын көрмеде қаламгерге Ел­басы арнайы табыс еткен шапан да сақталыпты. Тіпті, көзі тірісінде өзі арнайы Италияда жасатқан кітап сөресі де Алматыдағы үйінен арнайы алын­ған екен.

Соңғы аялдама «Атамекен» отбасы үлгісіндегі балалар ауылы болды. Қосқабатты сегіз үй мен әкімшілік ғи­мараттан тұратын қалашық жетім жә­не ата-ана қамқорынсыз қалған жет­­кіншектерге биылғы жылы Ха­лық­­аралық балаларды қорғау күнін­де пайдалануға берілген болатын. Олар­ға өз отбасыларындағыдай жайлы жағдай жасау мақсатында ашыл­ған арнаулы үйлерде 4 пен 16 жас ара­лы­ғындағы 65 бала тұрады. Коттедж­дерге 7-10 жаннан бөлініп орналас­қан әр топтың өз отанасы бар. «Бұл ба­лалардың тәрбиесі мен дұрыс өсіп-же­тілуіне өз ықпалын тигізіп жатыр» дей­ді қалашық әкімшілігі мамандары. Бала­лар ауылындағы бере­кеге риза бол­ған Үкімет басшысы­ның орын­ба­сары жет­кіншектерге музыка­лық ор­­­та­­­лық сыйлады. Тосын сыйға бала­­лар да өз ризашылығын білдірді. Айта ке­тейік, мұндай бала­лар ауылын ашу ар­қылы Қызыл­орда облысы жетім және ата-анасы­ның қамқорлығынсыз қал­ған жеткіншек­тер үйі жойылған бір­ден-бір аймақ болып саналады. Мұн­дағы негізгі мақсат –балалардың қоғам­ға әлеуметтік бейімделуін отба­сы­лық жағдайда қалыптастыру.

Кенжетай БАЛҒАБАЙҰЛЫ,

Гүлжазира ЖАЛҒАСОВА,

Мөлдір ҚОЖАХМЕТОВА,

Нұрболат НҰРЖАУБАЙ (сурет).

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 03 қыркүйек 2015 г. 977 0