АҚМАЯДАҒЫ АЛҒАШҚЫ ОРАҚ

АҚМАЯДАҒЫ АЛҒАШҚЫ ОРАҚАптаның сейсенбісі күні Шиелі ауданында күрішке орақ түсті. Молшылық кепілі болатын аталмыш шара аудандағы іргелі шаруашылықтың бірі – Ақмая шаруа қожалығында бастау алды.

 

Биылғы жылы Шиелі ауданы күріш көлемін бұрынғысынша ұлғайтып, 10692 гектарға жеткізілген еді. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 2092 гектарға артық деген сөз. Қой жылының шілдесі аса ыстық болуына байланысты осыншама мол егісті аяқ су тапшылығына ұшыратпай алып шығу барысында су мамандары мен шаруа қожалығы төрағаларының ауызбірлікте іскерлік байланыс орната алуы өз жемісін берді. Міне, өсу дәуірі кезінде ылғалы мен үстеп қоректенуі жеткілікті болған Сыр бойының байырғы дақылының шығымы жақсы, дәні толық болып пісіп жетілді. Әсіресе, Дәулет Жұмбеков басшылық жасайтын Ақмая шаруа қожалығының күріші ертеңгі молшылықтың белгісіндей болып көрінді.

Егін орағының басталу салтанатында аудан әкімі Қайратбек Сәрсенбаев құттықтау сөз сөйлеп, диқан қауымының ала жаз бойғы еңбегінің жемісін теретін, нәпақасын асыратын науқанның ұйымшылдықпен өткізілетіндігіне сенім білдірді.

– Ауа райының қолайлы кезінде егінді ысы­­рапсыз жинап алу жолында барлық техника сақадай сай әзір. Алдын ала жөндеу жұмыстарының сапалы жүргізілуі қадағаланды. Енді уақытпен санаспай жауапты науқанды өткізу баршамыздың міндетіміз. Сонда дән молшылығы болады. Әлемдегі болып жатқан қаржылық жағдайға байланысты доллардың еркін айналымға жіберілуіне қатысты дала еңбеккерлерінің берер жауабы еселі еңбек болмақ. Оны ойдағыдай атқарып шығуға, әрине, шиеліліктердің қажыр-қайраты жетеді,- деп ойлаймын деген аудан әкімі диқаншыларға табыс тіледі. Осы салтанатты шараға арнайы келіп қатысқан 96 жастағы Еңбек Ері Шырынкүл Қазанбаева ізбасарларына бата беріп, ізгі ниетін жеткізді. Сонан соң ауыл шаруашылығы саласының ардагері Пердәлі Архабаев, ауылшаруашылық маманы Асқар Жұмаділ осы куанышты сәттегі өз пікірін білдірді.

Сонымен Ақмая шаруашылығының Гүлсім Дәрібаева басқаратын №1 бригадасының алқа­бында биылғы егін орағы басталып та кетті. Канададан әкелінген жаңа технологиялы комбайн «МасDon» салалы күріш салысын жайпай орып, дестеге тастап, әне кетіп бара жатыр...

Нұрмахан Елтай.

Шиелі ауданы.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 27 тамыз 2015 г. 1 426 0