200-ге ЖУЫҚ ЖАҢАҚОРҒАНДЫҚ «СЕРПІН-2050» ЖОБАСЫНЫҢ ГРАНТ ИЕГЕРІ

200-ге ЖУЫҚ ЖАҢАҚОРҒАНДЫҚ  «СЕРПІН-2050» ЖОБАСЫНЫҢ ГРАНТ ИЕГЕРІ«Мәңгілік Ел жастары – индустрияға». Осындай тақырыпта аудандық мәдениет үйінде «Серпін-2050» жобасының грант иегерлерін шығарып салу құрметіне салтанатты жиын өтті. Жиынға аудан әкімі Руслан Рүстемұлы мен «Серпін-2050» әлеуметтік жобасы Республикалық үйлестіру кеңесінің төрағасы Мұрат Әбенов қатысып, серпіндіктерге сәттілік тіледі. Мұрат Абдуламитұлы «Серпін - 2050» бағдарламасының мақсаты еліміздің туу көрсеткіші жоғары, еңбек нарығында сұраныстан гөрі ұсыныстар басым бірқатар аймақтарынан жұмыс күші мен білікті кадрларға мұқтаждық байқалатын 8 өңірге жастарды апарып оқытуға бағытталған жоба екенін толық түсіне алмай жүрген жұртшылыққа қайта түсіндірді. Сондай- ақ, бағдарлама бойынша Жаңақорған ауданында ақпараттық насихат жұмыстарын жүргізуде үлкен қолдау білдірген аудан басшылығына алғысын айтты.

Айта кетейік, аталмыш жобаға деген аудан жастарының қызығушылығы расында да жоғары. Олай дейтін себебіміз, өткен жылы 75 жаңақорғандық «серпіндік» атанса, биылғы талапкер саны еселене түскен. Аудан бойынша 78 оқушы колледждерге, 194 оқушы жоғары оқу орындарына өздерінің құжаттарын тапсырған. Соның нәтижесінде 122 жас жоғары оқу орындарының, 66 жас колледж гранттарының иегері атанды.

Аудан әкімі Р.Рүстемов «Серпін-2050» бағдарламасының тиімділігі жастардың білім алуына жол ашып ғана қоймай, мемлекет қолдауымен әлеуметтік жағынан көтермелеуге де зор мүмкіндік беретіндігін айтып, жаңақорғандық жас түлектерді болашақта сапалы білім алып, білікті маман болып ел игілігі жолында аянбай еңбек етуге шақырды. Мұнан кейін сөз алған «Серпін-2050» грант иегерлері өздері түлеп ұшқан алтын ұя мектептеріне алғыс білдіріп, сенімді ақтайтындарына сендірді. Салтанатты кеш соңы аудан жастарының арнайы концерттік бағдарламасымен жалғасты.

Н.ЕЛТАЙ.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 25 тамыз 2015 г. 1 144 0