ӨҢІРЛІК ӨНІМНІҢ ОЗЫҚ ҮЛГІЛЕРІ

ӨҢІРЛІК ӨНІМНІҢ  ОЗЫҚ ҮЛГІЛЕРІСенбі күні Қызылорда қаласындағы «Жібек жолы» ойын-сауық кешенінде облыстық кәсіпкерлер палатасының ұйытқы болуымен «Қазақстанның үздік тауары-2015» көрме-байқауы болып өтті. Оған облыс әкімінің орынбасары С. Қожаниязов, облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Руслан Досмаханов және кәсіпкерлер қатысты.

Алдымен облыс әкімінің орынбасары С.Қожаниязов бастаған топ көрме-байқауға қатысушы кәсіпкерлердің өнімдерімен танысып, олардың атқарып жатқан жұмыстарының жайына қанықты. Оң бағасын берді.

– Сіздер қашан да тынымсыз еңбектеріңіздің нәтижесінде өңіріміздің беделін арттырып, кәсіпкерлік саласын дамытып келесіздер. Сондықтан бұл байқаудың бәріміз үшін маңызы зор. Саланы экономиканың өзегіне айналдыру үшін мемлекет тарапынан ұдайы қолдау жасалып келеді, – деді облыс әкімінің орынбасары.

Ал облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Руслан Досмаханов байқау жаңа тұтынушыларды таба отырып, іскерлік байланыс­тар орнатуға арналған бірегей шара екенін және де биылдан бастап байқау ережесіне енгізілген өзгерістердің нәтижесінде жеке кәсіпкер де өз мүмкіндігін көрсете алатындығын жеткізді.

Елбасы Н.Назарбаевтың Жарлығымен 2006 жылдан бастап елімізде жыл сайын өңірлік және республикалық деңгейде «Қазақстанның үздік тауары» көрме-байқауы дәстүрлі түрде жалғасып келеді. Жалпы бұл байқау ел нарығын жоғары сапалы және бәсекеге қабілетті өніммен толықтыруға, кәсіпкерлердің отандық өнімінің сапасын арттыруға бағытталған қызметін жетілдіруге ынталандыру мақсатын көздеді. Тағы бір айта кетерлігі, Президенттік «Алтын сапа» сыйлығы мен «Қазақстанның үздік тауары» байқауын өткізу биылғы жылдан бастап «Атамекен» Ұлттық палатасына тапсырылған болатын.

Биылғы жылы аталмыш байқауға аймақ кәсіпкерлері түрлі сала бойынша қамтылды. Байқауға өз шаруасын дөңгелентіп отырған 25 кәсіпкер қатысты. Сонымен қатар қатысушы­ларды бағалаушылар құрамында бизнес және мемлекеттік орган өкілдерінен тұратын сарапшылар болды. Мәселен, байқауға қатысушы Шиелі ауданынан келген жеке кәсіпкер П.Маханбетова іскерлігінің арқасында 2004 жылдан бастап ауданда шұжық цехын іске қосқан. Қазіргі кезде цехта 11 түрлі шұжық түрін шығарады. Цехты етпен қамтамасыз ету негізінде 217 га жер алып, өз шаруа қожалығын ашты. Қазір онда 100 бастан аса ірі қара бағылуда. Кәсіпкердің сонымен қатар халыққа қызмет көрсететін «Тамаша», «Керемет» дәмханалары да бар. Осы кәсіп арқылы бүгінде 60-тан астам адамды жұмыспен қамтып отыр.

Көп ұзамай үздіктер де анықталды. «Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар» номинациясы бойынша бірінші дәрежелі дипломмен «Қызылорда аз тонналық мұнай өңдеу зауыты» ЖШС, екінші дәрежелі дипломмен «МИР-2001» ЖШС және үшінші дәрежелі дипломмен «Шиелі тас Оңтүстік» ЖШС марапатталды. «Халық тұтынатын үздік тауарлар» бағыты бойынша «УЮТ» ЖШС, «Қазақ соқырлар қоғамының Қызылорда оқу өндірістік кәсіпорны» ЖШС және ЖК «Мұрагер» үздіктер қатарында болды. Соңғы «Үздік азық-түлік тауарлары» номинациясы бойынша «АралТұз» АҚ, «Браунис» ЖШС мен ЖК «Қазбергенов» озық шықты. Жеңімпаздарға «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы әзірлеген арнайы дипломдар, статуэтка және қаржылай сертификаттар табыс етілді.

Сондай-ақ, жеңімпаздардан өзге көрме-байқауға қатысушылардың барлығы «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Басқарма төрағасы Абылай Мырзахметовтың Алғыс хатымен марапатталды.

Сара ҚОРҒАНБАЙҚЫЗЫ.


НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 25 тамыз 2015 г. 1 034 0