ҚЫЗЫЛОРДА ҚҰРЫЛЫС КОМБИНАТЫ

ҚЫЗЫЛОРДА  ҚҰРЫЛЫС КОМБИНАТЫ  Осыдан 5 жыл бұрын басталған үдемелі индустриалды-иннвовациялық даму бағдарламасының аясында ел бойынша көптеген кәсіпорындар салынып, жаңа жұмыс орындары ашылды. Бүгінде оның игілігін бүкіл республика тұрғындары көруде. Оның екінші бесжылдығының алғашқы жылында өңірде 7 өнеркәсіп іске қосылады. Солардың бірі облыс орталығында салынып жатқан тұрғын үй құрылысы комбинаты.

«Нұрлы жол» және индустриалды-иннова­циялық даму мемлекеттік бағдарламаларын жүзеге асыруға арналған биылғы Индустрияландыру күнінде Мемлекет басшысы индустрияландырудың екінші бесжылдығы бұрынғыдан да нақтырақ көрініске ие екенін атап өтті. Таратып айтар болсақ, осы бесжылдыққа басымдығы бар 6 сала анықталды. Олар – мұнай өңдеу және металлургия кешені, тамақ және химия өнеркәсібі, өнеркәсіптік жабдықтар және құрылыс материалдары өндірісі. Жалпы, құрылыс саласы экономикалық тұрақты өсудің құрамдас бөлшегі, тиімді тетігі саналады. Сондықтан да біздің аймақта қолға алынған тұрғын үй құрылысы өндірісі жобасының маңыздылығы жоғары.

Сыр өңірінде құрылыс қарқын алып, Қызылорданың алып құрылыс алаңына айналғанына бірнеше жыл болды. Алайда, осы құрылысқа қажетті материалдың дені өзге аймақтардан тасымалдап жүрміз. Енді, міне, бұл өзекті мәселе де шешімін тапқалы тұр. Өңірде құрылыс материалдары өндірісіне қатысты бірегей жоба қолға алынып, өмірге жолдама алғалы тұр. Аталған тұрғын үй құрылысы комбинатын салу туралы өзара ынтымақтастық меморандумына облыс әкімдігі мен «РМЗ-Шапағат» ЖШС басшылығы қол қойған-ды. Нақты кезеңде шаһардың солтүстік батыс бөлігінде индустриалды алаң салынып, бірнеше зауыт қатар бой көтеретін өндірістік алаңда Шыны зауытының құрылысы қарқынмен жүріп жатса, біз тақырыпқа тамызық еткелі отырған серпінді жоба қаламыздың оңтүстік өнеркәсіптік аймағында жүзеге асырылып жатыр.

Аталған жобаның «Өнімділік-2020» бағдарла­масы шеңберінде жүзеге асырылып жатқанын айрықша атап өтпекпіз. Жалпы, «Өнімділік-2020» бағдарламасының негізгі мақсаты – еңбек өнімділігін арттыру арқылы отандық экономиканың бәсекеге қабiлеттілігін күшейту. Бұл – Елбасының тапсырмасы бойынша Үкімет іске асырып жатқан мемлекеттік индустрияландыру бағдарламасының құрамдас бөлігі.

«РМЗ-Шапағат» ЖШС жүзеге асырып жатқан жобаның құны – 1, 4 млрд теңге. Шикізат базасы ретінде жергілікті кеніштердегі құм мен щебень пайдаланылатын болады. Ал, цемент пен арматура өзге облыстардан алынады. Комбинат қолданысқа берілген кезде 70 адамды жұмыспен қамтуға мүмкіндік береді. Ал, кәсіпорынға сыртқы инженерлік инфрақұрылым жобаға үлестік қатысушы «Байқоңыр» ӘКК» ҰК» АҚ қаржысы есебінен жеткізілді.

Комбинат іске қосылғанда бетон-қабырға, баспалдақтар, әр түрлі ұзындықтағы жабынды плиталар мен биіктігі 12 метрлік колонналар және тұрғын үй құрылысына қатысты өзге де материалдарды неміс технологиясы бойынша шығарады. Айта кетейік, плиталар 120 метрлік қос қалыпта құйылып, тапсырыс берушінің сұранысына сай кесіледі.

«Өнімділік-2020» бағдарламасына қатысқан кәсіпкер комбинат құрылысына қажетті қаржының 938 млн теңге қаржыны несиеге алып, қажетті технологиялық құрылғыларды немістің «WEILER» компаниясынан сатып алған. Бұл үшін ол «Қазақстанның Даму Банкісі» АҚ-ның еншілес кәсіпорны болып табылатын «БРК-Лизинг» АҚ-нан жылдық өсімі 5 пайыздық несие алып отыр. Мамандардың айтуынша, дайын бетон қабырғалардың ортасына жылу оқшаулайтын материал салынады. Нәтижесінде цемент 30 пайызға үнемделмек. Мұнда бетон, темір бұйымдарынның сапасын тексеретін зертхана да болады. Демек, Қызылордада бәсекеге қабілетті өнім өндіріліп, оны өзге аймақтарға шығаратын күн де алыс емес.

«РМЗ-Шапағат» ЖШС учаске бастығы Талғат Бәкеновтің айтуынша, кәсіпорында жаңа технологиялар желісін монтаждау жұмыстары 75 пайызға орындалған. Қолданысқа берілгенде жаңа өндіріс нақты көлемде жылына 35 мың шаршы метр тұрғын үй құрылысына аса қажет дайын үлгідегі бетон қабырғалар өндіреді.

Бүгінде Сыр өңірінде демографиялық ахуал жақсы. Жыл санап халық саны артып, тұрғын үй құрылысы да қарқын алып келеді. Бас жоспар бойынша алдағы жылдары Сырдың сол жағалауын игеруді бастаймыз. Оның үстіне, кірпішке қарағанда бетон қабырғалар сеймсмологиялық жағынан берік. Міне, осы жайттарды есепке алсақ, облыстағы құрылыс материалдары өндірісі секторындағы алғашқы қарлығаш тәрізді комбинаттың бізге берері мол болмақ. Жоба толығымен іске асып, комбинат қолданысқа берілгенде аймақ экономикасына едәуір серпін берері анық. Әсіресе, 2017 жылдан бастап игеріле бастайтын Сырдарияның солтүстік жағалауындағы жаңа қоныстыңтез әрі сапалы салынуына үлкен септігі тиер еді.

Индустриалды-инновациялық даму басқарма басшысының орынбасары Жолмырза Еламановтың айтуынша, кәсіпорын желтоқсан айында пайда­ла­нуға беріледі. Жалпы, жыл соңына дейін облыста құны 2,6 млрд теңге болатын 7 жоба іске қосылып, 300-ге жуық жұмыс орындары ашылады. Жалпы, үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының екінші бесжылдығында, яки, 2015-2019 жылдар аралығында облысымызда құны 153 млрд теңгені құрайтын 30 жоба жүзеге асырылады деп жоспарлануда. Елбасының жыл сайынғы Жолдауларында мемлекеттік саясаттың негізгі ба­сым бағыттардың бірі ретінде айқындалған осы бағдарламаның аймағымыздың әлеуметтік-эко­номикалық дамуына үлкен өзгерістер әкелетіні анық.

 

Дәуіржан ЕЛУБАЕВ,

Нұрболат НҰРЖАУБАЙ (сурет).

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 18 тамыз 2015 г. 1 371 0