ЖАЙЫЛМАНЫҢ ҚАРБЫЗЫ әр қиырға жол тартты

ЖАЙЫЛМАНЫҢ ҚАРБЫЗЫ әр қиырға жол тарттыИә, Жайылманың аты қарбызымен шықты. Тәуелсіздіктен бергі уақытта. Кешегі кеңестік шаруашылықтар ыдыраған соң, әркім өз бейіміне қарай бас сауғалаған кездер болған. Жайылмалықтар да сөйтті, біреу мал бағуға, біреу егінге қарап, нәпақа табуға тырысып бақты. Араларынан бақша егіп, саудалай білгендердің аты оза бастады. Бақшаның бабын білетіндер біртіндеп осы салаға ден қойып жатты. «Шоқмазар», «Жиделі», «Диқан-баба» шаруашылықтары істің көзін тауып, егіндерін ертерек егіп, өнімдерін тезірек саудалауды жұрттан бұрын қамдай бастады. Міне, осыдан барып, жайылмалықтар қарбыз егуге бет бұрды. Бұл күндері осындағы екі жүзден астам тұрғындардың бәрі бақша егуге ерте көктемнен әрекет жасайды. Міне, тамыз айы да орталанды. Жайылма ауылында егілген 375 гектар бақша дақылының басымы қазіргі уақытта жиналып, саудаланып та үлгерді десек, артық айтқандығымыз емес. Әуелгі кезде бір данасы 300-400 теңгеден сатылса, бүгіндері өнім көбейді, 100-200 теңгеге қалағаныңызды ала аласыз. Жалпы алғанда, бұл күндері Жайылмадан 4000 тоннадан астам бақша өнімдері Қазақстанның түкпір-түкпіріне жөнелтіліп үлгерді. Олардың арасында Ақтөбе, Атырау, Ақтау қалаларынан, Ресей жақтан өздері келіп, қарбызды алып кететіндердің қара-құрасы молырақ. Бұл диқандарға да қолайлы, артық өнімімді қайтемін деп шаршамайды.

– Шаруа қожалықтар арасында Бағдат Мұсатаев басшылық жасайтын «Жиделі», Әбибулла Уайдаевтың иелігіндегі «Бектас» шаруашылығы өнімін ерте пісіріп, саудаға түсіргендер қатарында, олардың қарбыздары сапалы, әрі ұзақ жол тасымалына шыдамды, -дейді ауыл әкімі Талғат Зейдалиев бізбен әңгімесінде. Аталмыш шаруашылықтардағы бақшашылар Қазбек Кекілбаев, Асылхан Бөкеев, Абай Көрпебаев, Мұхаммед Әбуов, Уәлихан Пазыловтар агротехникасын сақтай отырып, тәуір нәтижеге қол жеткізді. Ал «Шоқмазар» шаруа қожалығының төрағасы Әлімбай Шідербаевтың қарауындағы диқандар Қуанышбек Орынбаев пен Самат Дүйсенбаевтардың күнге шағылысқан кетпендері күміс теңге құйып жатқан секілді, олар өздерінің күтіміндегі қарбыздарды жұрттан бұрын саудаға шығарып, нақты қаражатқа айналдырып та үлгерді. Бұл шаруашылықтағы 85 гектар бақшалықтың әр гектарынан 15-20 тоннадан өнім алынды.

Сауданың қызығы сұранысқа сай жұмыс ұйымдастыра білуде екендігі белгілі. Сондықтан да жайылмалық диқандар алдыма кім келеді деп күтіп отырмай, «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» автобанының бойында сауда алаңқайын ашып, өнімдерін жолаушыларға ұсынудың да сәтін келтірген. Бұл жұмысқа ауыл әкімшілігі қамқорлық жасап, көмек қолын созғандығын да айтқан жөн болар. Осы жердегі Бекахмет Айдаров, Нұрмаш Нұрымов, Шаншархан Ахатов сынды дала еңбекккерлері күндіз-түні жолаушылар сұранысына сай қызмет жасауда.

Бақша дақылының тиімділігін біраз сөз еттік, дегенмен, тамыз айында барлық жерде қауын-қарбыз бірдей жетіледі де, оған сұраныстың азайып кетері бар, тіпті өнімдері кеш піскен кей азаматтардың өнімін шірітіп алатындығы да кездеседі. Реніш-кейіс осындайдан туындап жатады. Сондықтан ауыл әкімшілігі, аудандық ауылшаруашылық бөлімі тіпті сатушы мен алушыны жалғап жіберетін шараларды ертерек қамдауды ойластырғаны жөн секілді.

Иә, Жаңақорғанның Жайылмасында өсетін қарбыз елдің әр түкпіріне жол тартып барады. Бар берекені бақшадан тапқан ауылдағы ағайын мерейленіп тұр.

Нұрмахан ЕЛТАЙ.

Жаңақорған ауданы.
НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 11 тамыз 2015 г. 1 343 0