АУЫЛДАН АНГЛИЯҒА ДЕЙІН

шетелдерде 70-ке жуық аймақ жастары білім алды
АУЫЛДАН АНГЛИЯҒА ДЕЙІНТәуелсіздік алған кезеңдегі ел өмірі қилы-қилы қиындықтарға толы болды. Бір қоғамнан екінші дәуірге алмасып жатқан аласапыран уақытта Елбасының идеясымен еліміздің саяси-экономикалық әлеуетін көтеретін білікті кадрлар дайындауды мақсат еткен «Болашақ» бағдарламасы өмірге келді. Мұндай озық тәжірибені біздің ел ТМД-да бірінші болып енгізді. 1993 жыл еліміз тәуелсіздікке жаңа қол жеткізіп, барлық тұғырлы заңдық қалыптарымыз өзгеріп жатқан кез еді. Бізге ең алдымен құқықтану, саясаттану мамандары қажет болды. Ұлттық заңнаманы түзу мен ел экономикасын көтеру мақсаты қатар тұрды. Осыған орай «Болашақтың» алғашқы легімен халықаралық қатынас, экономика мен қаржы саласындағы егемен Қазақстан үшін қажетті халықаралық деңгейдегі мамандардың бастапқы буыны даярланды. 
Бүгінде «Болашақ» бағдарламасына 20 жыл толды. Әлемнің үздік оқу орындарынан білім алып келген стипендиаттар Елбасы ұсынған реформаларды экономикаға енгізуде елеулі үлес қосып жүр. Өткен жиырма жыл ішінде он мыңға жуық қазақстандық жасқа шетелдерде білім алуға мүмкіндік берілді. Оның ішінде 70-ке жуық сырбойылық та бар екенін атап өткен жөн. 
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жыл сайынғы халыққа арнаған Жолдауындағы басым бағыттардың бірі –білім жүйесін модернизациялау екендігі белгілі. Соңғы жылдары тек стипендиаттар саны біршама өсті, талапкерлерді қабылдайтын оқу орындарының географиясы ретке келтірілді. Қазір болашақтықтар АҚШ, Ұлыбритания, Германия, Австралия, Венгрия, Дания, Жаңа Зеландия, Жапония, Испания, Малайзия, Швеция сынды тағы басқа елдердің ең үздік оқу орындарында білім алып, біліктілігін көтеріп, тәжірибе жинақтап жүр. Бағдарламаның алғашқы кезеңі 1993-2000 жылдар аралығын қамтиды. Осы жылдары әлемнің он шақты елінде мыңға жуық стипендиат экономикалық-гуманитарлық және техникалық-инженерлік мамандықтар бойынша білім алды. Бірақ, сол жылдары топ жарып шыққан стипендиаттар мемлекет алдындағы борыштарын дұрыс орындай алмай, ел сеніміне селкеу түсіргендері рас. Осындай олқылықтарды ескере келе, 1997 жылы Президенттің «Болашақ» стипендиясын беру тәртібінің жаңа ережесі жасалды. Ережеде білім білігіне қарай таңдау және олар оқуды аяқтағаннан кейін еліміздің мемлекеттік органдарында жұмысқа орналастыру мәселелері қамтылды. Бұған қоса, жастардың өркениетті елдердің жоғары оқу орындарында мемлекет есебінен тегін оқуына мүмкіндік туды. 
Екінші кезең 2000-2004 жылдарды қамтыды. Бұл тұста бағдарлама Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың жыл сайынғы халыққа жолдаған Жолдауында белгіленген басым бағыттарға негізделді. Осыған байланысты «Болашақ» бағдарламасының түлектері докторантура бойынша білім ала бастады. Бұл жерде инженерлік-техникалық мамандықтарға басымдық берілді. Аталған мамандықтар бойынша талапкерлерді іріктеуде олардың шет тілдерін еркін білу міндеттері алынып тасталды. Өз кезегінде бағдарлама кәсіби өсу мен жетістіктерге жетудің кілтіне айнала бастады. Үшінші кезең, 2005-2007 жылдар арасында үш мыңдай стипендиат шетелдерде білімдерін жалғастырды. Шетелдерде мамандар даярлау бойынша республикалық комиссияның арнайы отырысында «Болашақ» халықаралық бағдарламасын дамытудың 2011-2015 жылдарға арналған нақты жоспары қабылданды. Төртінші кезең, бұл бағдарламаны жүзеге асыруға бағытталды. Осы кезеңде бағдарлама шын мәнінде жалпы халықтық сипатқа ие болды. 
Аталған бағдарламаның игілігін көрген біздің өңірдің талантты жастары да баршылық. Мәселен, Айгүл Yмбетова – Англияда, Нұрділдә Оспанов – Американың Нью-Йорк штатында, Ысқақов Асхат – Техас штатында, Гүлімбетов Шыңғыс – Монтанада, Бауыржан Желібаев – Лондонда, Руслан Шаймағанбетов Прага қаласының ірі оқу орындарында білім алып, қазіргі таңда ел дамуына үлес қосуда. Олардың көпшілігі облыстағы қазақ-түрік лицейінің түлектері екенін де айта кету керек. Біз осы ретте Қорқыт ата атындағы мемлекеттік университетінің халықаралық қатынастар жөніндегі департамент директоры Темірболат Кеншінбаевпен пікірлескен едік. Оның айтуынша, қазірге дейін «Болашақ» бағдарламасы аясында 70-ке жуық жас шетелдің жоғары оқу орындарында білім алуға мүмкіндік алды. Онын ішінде 20-30 студент өз білімін шыңдаса, университеттің бірқатар оқытушылары кәсіби біліктілігін көтеру мақсатында ғылыми-тағылымдамалардан өтті. «Өткен жылдан бастап тұңғыш рет педагогикалық, медициналық және инженерлік-техникалық мамандық иелерін шетелдерде тағылымдамадан өткізу жобасы іске қосылды. Бүгінде 4-5 жылдың көлемінде бағдарлама бойынша бес жылға оқуға жіберу тоқтатылды. 2012 жылдан бастап бағдарламаға түбегейлі өзгерістер енді. Биыл алғаш рет құжаттар өңірлерде қабылданды. 2011 жылдан бастап мамандарды даярлау ұлттық және салалық бағдарламаларға сәйкес келетін және тапсырыс берушілердің нақты кадрлық қажеттіліктері есепке алынды. «Болашақ» бағдарламасы шеңберінде инженерлік-техникалық және медицина мамандықтары үшін тағылымдамалардың жаңа тәсілі енгізілуде»,–дейді Т.Кеншінбаев.
«Болашақтықтардың» елге алып келген әлеуметтік капиталы зор екені рас.  Бағдарлама ең алдымен тәуелсіз мемлекетімізде басқарудың тиімді тетігін білетін жастардың шоғырын қалыптастыру ниетінде қабылданды. Бұл бағдарлама жастарды шетелдің ең озық университеттерінде оқытты. Ал онда әлемнің кез келген студенті емес, әлемдік элиталар ұрпағы, әр ұлттардың үміт артқан ең білімділері, болашақ әлем басқарушылары оқиды. Олардың әрқайсысын ертең өз елінде биік лауызымдар күтіп тұр. Яғни, ертең ел тізгінін ұстар жастарымыз әлемдік  элита ізбасарларымен жолдас болып араласып жүр. 
Айсәуле ҚАРАПАЕВА.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР / АҚПАРАТ 28 қараша 2013 г. 1 590 0