« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Кеше облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың төрағалығымен өткен жиында аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуының жартыжылдығықорытындыланып, алдағы мақсаттар айқындалды.
Қаңтар-маусым айларындағы макроэкономикалық көрсеткіштерге талдау жасаған облыс әкімінің орынбасары Н.Годунова өңдеу өнеркәсібіндегі оң өзгерістерді атап өтті. Машина жасау, тамақ өнімдері, химия және металлургия өнеркәсібінде өнім өндірудің артуы есебінен өңдеу өнеркәсібінде айтарлықтай өсім бар. Өңдеу секторындағы өсім экономиканы әртараптандырудың нақты жүргізілгенін дәлелдейді. Құрылыс жұмыстарының көлемі, оның ішінде тұрғын үйді пайдалануға беру қарқыны арта түсті. Осы аралықта 202,1 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді.
Ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемі 13,5 млрд теңгені құрады. Хабарламашы жүк, жолаушы тасымалдаудағы өсім көрсеткіштеріне де тоқталды. Жүк тасымалдау көлемі 5,9 пайызға, жолаушы айналымы 6,7 пайызға өскен.
Жұмыссыздық деңгейі 5 пайызды құраған. Жұмыссыздарды еңбекпен қамтуды үйлестіруде оң нәтижелер бар. 1 шілдедегі мәлімет бойынша 5039 жаңа жұмыс орны құрылса, оның 4413-і тұрақты. Жалақы қарызы да қысқаруда. Салық жинау бойынша біздің облыс аймақтар арасында бірінші орында тұр. Газдандыру жұмыстары қарқынды жүргізілуде.
Тұтыну бағаларының индексі маусым айында өткен жылдың соңына қарағанда 101,2 пайыз болды. Оның ішінде азық-түлік тауарларына баға индексі 101,1 пайыз, азық-түлік емес тауарларға 101,1 пайыз, ақылы қызметке 101,5 пайызды құрап отыр.
Мемлекеттік бюджетке 34198,9 млн теңге салықтар және басқа да міндетті төлемдерден түсім бар. Оның ішінде республикалық бюджетке 16808,9 млн теңге, жергілікті бюджетке 17390,1 млн теңге түскен.
Бүгінгідей күрделі кезеңде мұнай өңдеу секторындағы дағдарыс экономикаға ауыр зардаптар әкелуде. Инвестициялық, индустриялық-инновациялық жобалар, газдандыру, құрылыс салаларындағы ірі бастамалар жағдайды тұрақтандыруға өз септігін тигізуі тиіс.
Жиында облыс басшысы аймақтың 2020 жылға арналған даму бағдарламасына стратегиялық бағытын өзгертпестен толықтырулар енгізуді тапсырды.
Облыс тұрғындарының 60 пайыздан астамы ауылдық жерде тұратындықтан ондағы халықтың ахуалы ауыл шаруашылығының өркендеуімен тікелей байланысты. «Агробизнес-2020» бағдарламасы шеңберінде аталған саланы қолдауға қомақты қаржы бөлініп келеді. Соңғы 3 жылда облыстың ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне 22 млрд теңге қаралған. Бұған дейін өңірдің агрокешеніне мұндай көлемде қолдау көрсетілмеген.
– Биылдың өзінде субсидиялауға 7,6 млрд теңге қарастырылып отыр. Осы қаржының 3,5 млрд теңгесі ғана төленген. Қалғаны әлі игерілмей тұр. Сондықтан бұл мәселе қатаң бақылауда болуы керек. Шаруалардың бұл қаражатты алуына не кедергі? Көмек көрсетілуі тиіс, – деді Қырымбек Елеуұлы.
Облыс әкімінің орынбасары С.Қожаниязовтың айтуынша, субсидиялаудың нәтижесінде өсімдік және мал шаруашылығында алға жылжу байқалады. Соңғы 2 жылда күріштен рекордтық өнім жиналды. Аграрлар машина-трактор паркін жаңартуда да мемлекет қолдауына сүйенді. Тамшылатып суару арқылы көкөніс-бақша өнімдері, жеміс ағаштары егілуде. Мал шаруашылығында айтарлықтай өсім бар. Бүгінде алдыңғы қатарлы технологияларды пайдаланып, өнім өндіру, өңдеу және экспорттау мақсаты айқындалып отыр.
Егіс көлемін әртараптандыру қолға алынды. Күрішке берілетін субсидия азайтылып, есесіне майлы, мал азығындық дақылдар мен картоп, көкөніс, бақша дақылдарына берілетін субсидия 10-12 есеге артты.
Облыс басшысы азық-түлік тауарларының бағасын бақылауда ұстауға, тұрақтандыру қорына жеткілікті мөлшерде азық-түлік сатып алуға тапсырма берді.
Шағын және орта бизнестің дамуына да ауқымды қолдаулар жасалып келеді. Бірақ ауылдық жерде кәсіпкерлік кең қанат жая алмай отыр. Кәсіпкерлік және туризм басқармасының басшысы М.Төлебаев мұнай компанияларына сервистік қызмет көрсететін шағын және орта бизнес нысандарының жұмысы ақсағанын айтты. Жұмыс істеп тұрған орта және шағын бизнес субъектілері негізінен Қызылорда қаласы, Арал мен Қазалы аудандарында. Басқарма басшысы өңірлік кәсіпкерлер палатасымен, өңірлік инвестициялық орталықпен біріккен жұмыс оң нәтижесін беріп отырғанын атап өтті. Аудан кәсіпкерлерінің жобалар ұсынуы, бағдарламаларға қатысуға ынтасы өсіп келеді.
Облыс басшысы Қазақстанның Дүниежүзілік Сауда Ұйымына мүше болуымен байланысты алда күтілетін кейбір өзгерістерге тоқталды. Бәсекелестікке төтеп беру, экспорттық әлеуетті арттыру туралы тапсырмалар жүктеді.
Жиында облыс бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы С.Мұстафаев салық базасын кеңейтуде атқарылған жұмыстарды баяндады. Заңсыз кәсіпкерлікті болдырмау, пайдалануға берілген тұрғын үйлерді дер кезінде тіркеу мәселелеріне тоқталды.
Облыста ауқымды қолдау көрсетіліп келе жатқан салалардың бірі – денсаулық сақтау саласы. Бірақ, қорытындысы шығарылып отырған кезеңде ана өлімі, тағы да бірқатар аурулар көрсеткіші артып отыр. Денсаулық сақтау басқармасының басшысыС.Рахменшеев ана өлімінің әр жағдайына жан-жақты талдаулар жасалып, мамандардың біліктілігін арттыруға мән берілгенін айтты. Қатерлі ісіктер мен туберкулездің қазіргі ахуалына жасалған сараптаманы ұсынды.
Ана өлімінің орын алуы алғашқы дәрігерлік көмектің, мамандар біліктілігінің төмендігін, қала берді бақылаудың жоқтығын айғақтайды.
Осы жиында Жалағаш ауданының әкімі Т.Дүйсебаев хабарлама жасап, ауданның 6 айдағы ахуалына тоқталды. Қорытындысында Жалағаштың әлеуметтік-экономикалық дамуына арналған жол картасы жасалатын болды. Ауданның экономикалық жағдайы әлі де көп жұмыстарды қарқынды атқаруды қажет етеді.
Аймақ дамуының жартыжылдықтағы нәтижелері шығарылған жиында тиісті басшыларға тапсырмалар жүктеліп, оларды орындаудың тетіктері таныстырылды.
Гүлжазира ЖАЛҒАСОВА.
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |