Қауынның даңқы қайта орала ма?

Қауынның даңқы қайта орала ма?Соңғы уақытта Сыр елінің ғалымдары өнімі мол дақылдардың жаңа сұрыптарымен қуантуда. Естеріңізде болса, аймақтың топырақ-климаты мен агроэкологиялық жағдайына бейімделген, жаздық арпаның "Сыр аруы”, "Іңкәр”, "Шахристан”, "Қайсар” атты сұрыптары мен күріштің «Ару» сортын өндіріске енгізіп жатқан мамандар енді қауын сортының сапасын арттыру тұрғысында ізденуде. Соңғы он жыл бедерінде қауынның жаңадан 5 түрлі сорты қолданысқа енген екен. Ғалымдар биыл да будандастыру жолымен жоғары сұрыпты тұқым алуға ниеттенген.

Соңғы жылдары бақша дақылдарына «қауын шыбыны» атанып кеткен дерт пайда болды. Көктемей жатып түйнегінен солдыратын немесе пәлегінен қайыратын бұл ауруға қарсы диқаншы қауымның қылар айласы қалмаған еді. Төрт-бес қайыра пәлегінен улап барып қайтаратын аурудан соң піскен дақылдың дәмі бұрынғыдай бал татымайтын. Енді Қазақ күріш ғылыми-зерттеу институтының ғалымдары қабығы қалың, оңайшылықпен шыбын-шіркейге «жем» болмайтын қауын түрлерін қолданысқа енгізбекші.

– Бізде қауындардың 60 түрлі үлгілері бар. Олар әртүрлі елден әкелінген. Оның ішінде Ресей, Украина, Түркіменстан, Қарақалпақстан, Өзбекстан және тағы басқа елдерден әкелінген сорт үлгілері бар. Солардың бәрін сеуіп болғаннан кейін 10 күн сайын суарып отырамыз. Осы тұқымдарды бір-бірімен будандастыру арқылы табиғаты өзгеше континентальды аймаққа қолайлы әрі ерте пісетін, дәмі тіл үйірер, қабығы қалыңдау тұқым түрін шығарамыз, - дейді ғылыми-зерттеу институтының қызметкері К.Бөгенбаева.

– Біз жаңа сорттарды дүниеге әкеліп қана қоймай, бұрынғы жергілікті сұрыптардың да сапасын жақсартуды қолға алдық. Биыл «Қаракүләбі» және «Сырдария» сұрыптарын жоғары дәрежелі элита сортына дейін жеткізіп, шаруашылықтарға тегін таратуды көздеп отырмыз. Орта Азия елдерінен әкелінген 400-ден астам қауын тұқымы институт қорында сақтаулы. Олардың 60-тан астамы биылғы маусымда алақандай ғана алқапқа егіліп, будандастырылып жатыр, - дейді ғылыми-зерттеу институтының бөлім меңгерушісі В.Тянь.

Көп ұзамай Сыр елінің жаңа брэнді де дүниеге келуі ғажап емес. Ең бастысы – бал татыған Сыр қауынының бұрынғы даңқын қайта оралту қызылордалық ғалымдардың басты арманы.

Нұрбек Сағатұлы.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 01 тамыз 2015 г. 1 339 0