“СЫБАҒА” МЕН “ҚҰЛАНДА” СЕРПІНДІ ЖОБАЛАР ҚОЛҒА АЛЫНБАҚ

“СЫБАҒА” МЕН “ҚҰЛАНДА” СЕРПІНДІ ЖОБАЛАР ҚОЛҒА АЛЫНБАҚБейсенбі күні «Сыр медиа» ЖШС жанындағы облыстық коммуникациялар орталығында «100 нақты қадам» Ұлт жос­пары бойынша ауыл шаруашылығына жүктелген міндеттер мен атқарылған жұмыстар жайында облыстық ауыл шаруашылығы бас­қармасының басшысы Бақыт Жақанов брифинг өткізді.

 

Бүгінде облыс бойынша жыл басынан бері айналымға 33,4 мың га болатын 239 жер учаскесі енгізіліп, өткен жылмен салыстырғанда 2,4 есеге артқан. Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді Ұлттық экономика министрлігімен жеке меншікке 50 пайызға жеңілдетілген бағамен және 10 жылға бөліп төлеу арқылы беру механизмі қаралуда. Баяндама барысында басқарма басшысы «100 нақты қадам» Ұлт жоспары аясында 35, 36, 60, 61 қадамдар бойынша облыс көлемінде сүт және сүт өнімдері өндірісін дамыту, ет өндірісі мен өңдеуді дамыту, «Сыбаға», «Құлан», «Алтын асық» бағдарламалары бойынша атқарылып жатқан және жоспарланған жұмыстармен таныстырды.

Дүниежүзілік сауда ұйымына енген елімізде енді еттің экспорттық әлеуетін арттыру бағытында облыста ауқымды шаралар ұйымдастырылып жатыр. Бүгінгі күні Сырдария, Жалағаш аудандарында әрқайсысы 3 мың бас МІҚ-ға арналған 2 мал бордақылау алаңының құрылысы салынып жатыр. Сондай-ақ, биыл қуаттылығы 5280 тоннаны құрайтын ет өңдеу орталығы іске қосылатын болады. Осы орталыққа етті қабылдау үшін жергілікті фермерлермен, оның ішінде «Сыбаға» бағдарламасы аясында мал өсіріп отырған шаруалармен келісімдер жасалған. Орталықта дайындалған етті экспорттау үшін «ҚазАгроӨнім» АҚ алдын ала жүргізілген келіссөздер бойынша Иран және Пәкістан елдерінің сұраныстарына орай экспорттау мәселелері пысықталуда. Сонымен қатар, 50 мың бас қой бордақылау, 7 мың тонна қозы етін өндіретін комбинат жобасын іске асыру жоспарлануда.

«Мал шаруашылығын дамытуға тұрақты түрде қаржылай қолдау көрсетілудің нәтижесінде төрт түлік малдың басы біршама өсіп, өнім өндіру тұрақтанып келеді. Бұл өз кезегінде сүт, ет өнімдерін экспортқашығаруға септігін тигізеді», - деді басқарма басшысы.

Бүгінгі таңда диқандар күріш күтімін қолға алып, одан мол өнім алу жолында тынымсыз тер төгуде.

 

Нұрбек Дәуренбеков.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 01 тамыз 2015 г. 1 179 0