Кәсіпкерлер палатасы – отандық бизнестің қамқоршысы

Кәсіпкерлер палатасы – отандық бизнестің қамқоршысы«Сыр бойы» газетінің тілшісі Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Руслан Досмахановпен сұхбаттасты. Жас та болса бас болып жүрген іскер азаматтың кәсіпкерлікті дамыту саласының ұңғыл-шұңғылына дейін терең білетіндігін ә дегеннен байқау қиын емес. Кәсіпкерлер үшін бірімен айтысып, бірімен тартысып мүддесін қорғауда. Өйткені, бизнес өкілінің артында ел әл-ауқатының артуы мәселесі тұрғаны белгілі. Арқалаған жауапкершілік жүгі ауыр. Соған қарамастан, ол басқаратын палата үлкен шаруалар атқарыпты. Оны өзі айтып берген нақты істерден көруге болады.

Руслан Аманайұлы, кәсіпкерлік палатасы кәсіпкерлердің құқықтары мен заңды мүдделерін жан-жақты қорғауды мақсат етеді. Осы бағытта нақты қандай іс-шаралар атқарылуда?

– Қазіргі таңда Кәсіпкерлер палатасы кәсіпкерлерді құқықтық қорғау, әкімшілік кедергілерді азайту, кәсіпкерлікті қолдауға арналған мемлекеттік бағдарламалардың аймақтық деңгейде тиімділігіне талдау жасау, өңірлік даму картасын жүзеге асыру және өзге де бағыттар бойынша жұмыстар атқарып келеді. Аталмыш бағыттардың қай-қайсысы болмасын, кәсіпкерлікті дамытуға, қолдау көрсетуге бағытталған. Жалпы, біз кез келген кәсіп бастап, нәсіп тапқысы келген азаматтарға кеңес беріп, қолдауға дайынбыз. Ол үшін 59-79-60 нөмірлі біздіңCall-орталыққа хабарласуға немесе Қызылорда қаласы, Әйтеке би көшесі, 28 мекенжайда орналасқан бізге келулеріне болады. Мұнда 34 қызметкер жұмыс істейді, есігіміз әрдайым ашық. Айта кетейік, өткен жылы Қазақстанның Ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры кәсіпкерлерге қаржылай емес қолдау көрсету туралы келісімге келіп, жыл басынан республика бойынша барлық өңірлерде осындай орталықтар ашылды. Сондай-ақ, кәсіпкерлер мен ісін жаңа бастаушы азаматтар Орталықтарда тұрақты қызмет, жұмыс жасайтын «Бизнес-мектептердегі» арнайы бизнес-тренерлерден дәріс алып, біліктіліктерін жетілдіре алады. Айта кету керек, Палатамен көрсетілетін қызмет түрлерінің барлығы да ақысыз, тегін көрсетіледі. Бизнес-жоспарды да тегін әзірлеп береміз. Тіпті жобаны қаржыландыруға дейін сүйемелдейміз де.

Облыстың барлық аудандарында және Қызылорда қаласында Кәсіпкерлікті қолдау орталықтары мен «Бизнес-мектептер» ашылды. Кәсіпкерлікті қолдау орталықтарынан биылғы жылдың І жартыжылдығының өзінде 3714 адамға 6325 қызмет көрсетілді.

– Палатаның тікелей араша түсуімен, араласуымен, кәсіпкерлердің құқығын қорғауда қандай оң нәтижелерге қол жеткіздіңіздер?

– Сот кезінде де кәсіпкерлерге араша түсіп, әділеттілікке қол жеткізуге біздің палата күш салуда. Мұндай шаруа республика бойынша біздің аймақта ғана жасалып отыр. Осы уақытқа дейін Кәсіпкерлер палатасының заңгерлерімен жүргі­зілген жұмыстардың нәтижесінде бизнес өкілдері сот процестерінде 700 млн теңгеге жуық қаржыларын сақтап қала алды. Яғни, палатаның қыз­меткерлері 30 сот процесіне қа­тысып, кәсіпкерлердің мүддесін қор­ғады. Сөйтіп, сот процесінің 80 пайызы кәсіпкерлердің пайдасына шешілді. Атап айтқанда, «Кеден Сервис», «Асар», «Сарыбұлақ», «Кернеу СМ», «Дана-Ск» және басқа да серіктестіктердің мүдделері қорғалды, сондай-ақ «Талғат» базарының кәсіпкерлеріне жалға алған орындарының құнын төмендетуге жәрдемдестік...

Қызылорда облысының кәсіпкерлер палатасы жанында Кәсіпкерлердің құқығын қорғау кеңесі жұмыс істейді, оның төрағасы, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Алмас Тұртаев. Жыл басынан бері Кәсіпкерлердің құқығын қорғау кеңесінің 7 отырысы өткізілді. Кеңес отырыстарында қаралған 22 мәселе бойынша 30 кәсіпкердің құқығы қорғалған. Оның 18-і оңтайлы шешілді. Аталмыш отырыстарда қаралған мәселелерді прокуратура, Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Қызылорда облысы бойынша департаментімен бірге жүзеге асыру нәтижесінде 7 лауазымды тұлға тәртіптік шараға тартылды.

– Кейбір мемлекеттік орган­дар тарапынан заңсыз тексеру жүргізілген жағдайда құқығы тапталған кәсіп­керге палата қол ұшын соза ала ма?

– Әлбетте. Облыстық прокуратурамен бірлесіп, мобильдік топ құрдық. Құрамында кәсіпкерлік палатасының екі қызметкері, прокуратураның екі қызметкері бар. Мұндағы мақсат – бизнес өкілдерін заңсыз тексерулерден қорғау. Естеріңізде болар, былтыр бизнес субъектілеріне тексеру жүргізуге мораторий жарияланған болатын. Соған қарамастан, жеті заңсыз тексермек болғандар табылды. Яғни, мобильдік топ арқылы жеті дерек анықталып, тиісті шара қолданылды. Ал биыл мораторий алынып тасталды. Сондықтан мобильдік топтың атқарар шаруасы қыруар. Кәсіпкерлер қандай жағдайда тексеру жүргізілетінін білуі тиіс. Егер тексеру бола қалса, кәсіпкерлік палатасына хабарласып, заңдылығын анықтап алуына болады. Тіпті, мобильдік топты жұмылдырамыз.

– Отандық бизнестің аяғына тұсау болатын әкімшілік кедергілермен қалай күресіп жатырсыздар?

– Облыстық прокуратура, Мем­лекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Қызылорда облысы бойынша департаментімен бірге 16 тексеру жүргізіліп, 10-нан аса мемлекеттік органның қызметіне талдау жүргізілді. Тексерулер барысында 50-ге тарта заңбұзушылықтар анықталып, 15 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Мұнымен қоса, мемлекеттік қызметтердің көрсетілу сапасына қоғамдық мониторинг жасалып, 2600-ге жуық кәсіпкердің арасында сауалнама жүргізілді. Қорытындысында, кәсіпкердің мүддесіне қайшы келетін 60-қа жуық заң бұзушылық анықталды.

Қызылорда облысының кәсіпкерлер палатасы жергілікті және республикалық мемлекеттік органдармен ұсынылған нормативтік-құқықтық актілердің жобаларын тұрақты түрде қарап, талқылауда. Бұл шара кәсіпкерлердің мүддесіне қайшы, ісіне кедергі келтіретін заң талаптарын өзгертуге немесе алдын алуға көмектеседі. Мәселен, өткен жылы жергілікті атқарушы органдардан түскен 201 нормативтік-құқықтық актінің жобасы бойынша Кәсіпкерлер палатасы ұсыныстар мен толықтырулардан тұратын 65 эксперттік қорытынды берді. Мұнымен қоса, қазіргі қолданыстағы 52 заң бойынша ұсыныс беріліп, 11 нормативтік-құқықтық актілерге өзгерістер енгізілді. Сондай-ақ, Кәсіпкерлер палатасы кәсіпкерлерден түскен өтініштер бойынша проблемалық мәселелердің реестрін қалыптастырып, мәселе шешілгенге дейін тұрақты бақылауға алады. Палата 73 проблемалық мәсе­ленің тізілімін қалыптастырып, Ұлттық кәсіпкерлер палатасына жолданды. Нәтижесінде жергілікті мәселенің 29-ы шешіліп, 25-і бойынша түсіндірме берілді. Қалғандары қаралуда.

– Кәсіпкерлер көбінесе қандай кедергілерге тап болады?

– Кәсіпкерлер көп кездесетін кедергілердің басым бөлігі рұқсат беру құжаттарына қатысты. Бізге келіп түсетін шағымдардың басым бөлігі, әсіресе, жер қатынастары мен сәулет-құрылыс саласына тиесілі. Бұл ретте, мемлекеттік орган қызметкерлерімен артық құжаттар сұрау, өтініштің қарау мерзімін кешіктіру сынды кемшіліктер көп кездеседі. Өткен жылдың өзінде Палатаға кәсіпкерлерден 152 өтініш түсіп, оның 78 пайызы оң шешілді. 40-тан аса кәсіпкерлік субъектілерінің құқықтары қорғалып, кәсіпкерлерге қатысты заңсыз әрекеттері үшін оннан астам мемлекеттік лауазымды тұлға тәртіптік жазаға тартылды. Сонымен қатар, сот органдарында кәсіпкерлердің құқықтары заңдық тұрғыдан да сүйемелденуде.

– «Табыс табам деп тақырға отырып қалмаймын ба?» деген кәсіпкерлер бар. Мысалы, солардың тәуекелін бекіту үшін жаңа жобаларына талдау жасап, бизнесінің болашағы бар ма, өндірген өнімі өте ме, деген сауалдарына жауап бересіздер ме?

– Әрине. Кәсіпті жаңадан бастағысы келген талапкерлерге біз «Бизнесті неден бастау керек, бизнес жоспар деген не?» дегеннен бастап көмектесеміз. Сол үшін де кәсіпкерлерді кезең-кезеңімен оқытып, бизнестің қыр-сырын үйретеміз. Алдымен, қызылордалық кәсіпкерлер мен өз кәсібін ашуға талпынып жүрген азаматтар «Бизнес-кеңесші» жобасы аясында арнайы курстардан өтеді. Оқу барысында қатысушылар жеке бизнесін ашуға қажетті маркетинг, адам ресурстарын басқару, бизнесті жүргізудің құқықтық негіздері, қаржылар туралы білімді меңгереді. Оқу Қызылорда қаласы мен 7 ауданында ұйымдастырылады, оны кәсіби бизнес-тренерлер өткізеді. Семинардың ұзақтығы 2 күн және ең маңыздысы – тегін өткізіледі. Ал «Бизнес-кеңесшіде» бір мезетте 20 адам дәріс алады. Осы кезеңнен өткеннен кейін «Бизнес өсу» жобасына қабылдаймыз. Ол бес күнге созылады. Оқитын адам саны бесеу. Бұл кезеңде жұмыс жасап тұрған кәсіпкерлерге кешенді қызмет түрлері көрсетіледі. Яғни, жобалаған бизнесіне жан-жақты талдау жасалады. Шығаратын тауарына нарықта сұраныс бар-жоғын, болашағы қалай болары зерттеледі. Бұл кәсіпкердің өзінің жобасының тиімді-тиімсіз екенін анықтауына жәрдем болады.

– Соңғы жылдары Елбасы дуальді білім беру мәселесін көп айтып жүр. Кәсіпкерлер палатасы оқу орны мен өндірістің арасын жақындатуда қандай да бір дәнекерлік жұмыс бастады ма? Жалпы, халықты бизнес сауаттандыру мәселесі қалай шешілуде?

– Бізде кез келген оқу орны мамандық алып шығуға оқытады да, кәсіпкер болып шығуға оқытпайды екен. Осы олқылықтың орнын Кәсіпкерлер палатасы толтырып отыр. «Адамның істегенін адам істейді» дейтін қағида бар, алайда кәсіпкерлік те екінің бірінің қолынан келе бермейді… Сондықтан бизнес сауаттандыру мәселесін қолға алдық. Адами капиталды дамыту бойынша Кәсіпкерлер палатасы дуальдіқ оқыту жүйесін дамыту жолында бірқатар жұмыстар атқаруда. Мәселен, бүгінгі күнге дейін облыста 25 кәсіпорын және 8 колледж, сондай-ақ Кәсіпкерлер палатасы, облыстық білім басқармасы, колледж және мекемелер арасында төрт жақты келісімшарт жасалып, 409 студент 14 мамандық бойынша білім алуда. Сонымен қатар, білім ордаларында «Кәсіпкерлік негіздері» пәнін биыл толықтай енгізу бағытында жұмыс жүргізіп жатырмыз. Былтырғы оқу жылында қаланың бір мектебінде пилоттық жоба ретінде іске асырған болатынбыз. Осылайша, біз оқушыларды кәсіпкерлікке баулығымыз келеді.

Бұдан бөлек, Қызылорда облысының кәсіпкерлер палатасының ықпалымен Сыр бойында студенттік бизнес-инкубатор жұмысын бастады.

– Кәсіпкерлікті дамытуда Сыр өңірінің әлеуеті қандай?

– Жалпы, әлеуеті өте жоғары. Облыс пайдалы қазбаларға бай. Күріш, тұз, балық секілді брендтері бар. Көліктер үшін тиімді жағдай жасалған, яғни елді мекендердің басым бөлігі «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» автожолының, теміржолдың бойында орналасқан. Сондай-ақ, өңірдегі Қорқыт ата әуежайы халықаралық мәртебеге ие болды. Қызылорда облысының кәсіпкерлер палатасы дағдарыстық жағдайда аймақ кәсіпкерлеріне қолдау көрсету үшін облыс әкімдігімен бірге «2015 жылы Қызылорда облысының кәсіпкерлерін қолдауға арналған экономиканың «ерекше» жағдайына арналған Жол картасын» әзірледі.

Талдау көрсеткендей, аймақта сұранысқа ие, танымал бағдарлама – «Бизнестің жол картасы - 2020», «Жұмыспен қамту - 2020 Жол картасы» бағдарламалары. «Бизнестің жол картасы - 2020» аясында бағдарлама басталғалы жалпы құны 20,4 млрд теңге болатын 232 жоба қаржыландырылған. Айта кету керек, аталмыш бағдарлама аясындағы жобалардың басым бөлігі, яғни 80 пайызы облыс орталығына тиесілі. Ал «Жұмыспен қамту - 2020 Жол картасы» бағдарламасы аясында жалпы 6,5 млрд теңге шағын несие берілген. Бұл жерде жобалардың басым бөлігі мал шаруашылығына қатысты.

– Облыс әкімі Қырымбек Көшербаев «қара алтын» өндіріп отырған компаниялардың өкілдеріне тапқан табысына жаңа өндіріс орындарын ашуға кеңес берген болатын. Бұған не айтар едіңіз?

– Өте орынды. Бұл – кез келген қаржылық дағдарысқа төтеп беретін қадам. Мұнай бағасының төмендеуі біздің көптеген мұнай компанияларын тығырыққа тіреді. Тіпті, «қара алтын» өндіруді азайтып жіберді. Ал қосымша құрылыс материалдарын, ауылшаруашылық өнім­дерін және басқа да тауарлар өндіретін кәсіпорындар ашқан кейбір компанияларға дағдарыстың салқыны аса қатты сезіле қоймады. Жоспарлы өнімін өндіріп жатыр. Бұл дағдарыстың тигізген бір пайдасы, мұнайшылар тек «қара алтынмен» қазынаны қампайту мүмкін еместігін, тұрақты табыс көзі ретінде кепіл бола алмайтынын түсінді. Қазір олар жаңа бизнес-жобаларды жүзеге асыруға тырысуда. Мұнымен қоса, облыс әкімінің бастамасымен пайда болған «Ақниет» секілді жобаларды қаржыландырса, нұр үстіне нұр болар еді. «Лукойл Оверсиз Сервис Б.В.» компаниясы 2013 жылдан бері «Ақниет» жобасы аясында аймақтың 174 тұрғынына 1 млн теңге көлемінде қайтарымсыз несие берді. Соның арқасында тұрғындар шаштараз, тігін шеберханасы, тұрмыстық техникаларды жөндеуге арналған орталықтар, жиһаз және кондитерлік цехтар, дәріханалар, тіс емханасы, әуез мектебі, балалар ойын-сауық орталығы, т.б. кәсіп көздерін ашты.

– Өңірде шағын және орта кәсіпкерліктің дамуы мен оның статистикалық деңгейі қандай?

– Өткен жылмен салыстырғанда 2015 жылы ШОБ саны 15 пайызға өсіп отыр. Тек сапалы жұмыс керек. Сыр өңірі тұрғындарының 65 пайызы ауылдық жерде тұрады. Олар қаншама жылдар бойы кәсіпкерлік қолдау ала алмай, оқшауланып қалды. Қазір ол кедергі жойылып келеді. Біздің кәсіпкерлерді қолдау орталықтары барлық ауданда жұмыс істеуде. Соның арқасында қызмет алушылардың саны да артуда. Осы бағыттағы жұмыстарды жандандыра береміз.

– Әңгімеңізге рахмет!

Әңгімелескен

Дәурен Сейітжанұлы.


НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР / ДӘУЛЕТ 28 шілде 2015 г. 1 083 0