« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Баспана – адамдардың тұрмыс-тіршілігіндегі ең басты қажеттіліктердің бірі екені даусыз. Иә, үйі жоқтың – күйі болмайтыны анық. Сондықтан да мемлекет тұрғын үй құрылысын басты назарда ұстайды. Бұл бағытта Қызылорда облысында біраз жұмыс атқарылып жатыр.
Айтары жоқ, баспанаға қол жеткізу үлкен қуаныш. Жақында қызылордалықтардың үлкен бір тобының сондай қуанышқа кенелген сәтіне куә болған едік. Қызылорда қаласының «Ипподром» шағын ауданында салтанатты іс-шара ұйымдастырылып, 300 отбасыға жаңа пәтер кілттері берілді. Қасиетті Рамазан айының басталуымен тұспа-тұс келген пәтер беру рәсімі ауқымды мерекеге ұласқан болатын. Қызылорданың «Ипподром» шағын ауданында 50 пәтерлі алты тұрғын үй пайдалануға тапсырылды, пәтерлердің жалпы саны – 300. Жалпы ауданы 19 722 шаршы метрді құрайды. Тұрғын үйдің құны – 1 775 млн теңге. Аталған 300 пәтердің ішінен 225 пәтер «Халықтың барлық санаттарына арналған тұрғын үй» бағыты бойынша үлестірілсе, қалған 75 пәтер жергілікті атқарушы органдарда кезекте тұрғандарға тиесілі. Бұл қуанышты сәттің жалғасына сәл кейін ораламыз...
Айта кетейік, 2014 жылы Қызылорда облысында мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде жалпы көлемі 39 мың шаршы метрді құрайтын 467 пәтердің құрылысы салынып, 133,9 шақырым инфрақұрылым желілері жүргізілді. Өткен жылы жалпы алғанда облыс бойынша 300 мың шаршы метрге жуық тұрғын үй берілді. Бұл 2013 жылмен салыстырғанда 9 пайызға артық. Сонымен қатар, «Қолжетімді баспана» және «Жұмыспен қамтудың Жол картасы» бағдарламалары бойынша 38 мың шаршы метрдей тұрғын үй салынған. Осылайша 2014 жылы 900-ге жуық отбасы қоныс тойын тойлағанды. Биыл тұрғызылатын тұрғын үй былтырмен салыстырғанда үш есеге артқан. Яғни, 2400-дей отбасы баспаналы болады. Олай болса, жағымды жаңалығы бар облыстың тұрғын үй құрылыс саласында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып өтейік.
Бүгінгі таңда Қызылорда қаласы қарқынды құрылыс алаңына айналып, мемлекеттік бағдарламалар аясында және инвестиция тарту арқылы қала бойынша тұрғын үй құрылысын арттыру бағытында бірқатар маңызды шараларды қолға алып, қала тұрғындарының тұрғын үйге деген сұранысын қанағаттандыру мақсатындағы ауқымды жобалар жүзеге асуда. Атап айтқанда, «Өңірлерді дамыту - 2020» бағдарламасы шеңберінде 2015 жылы Ұлттық қор қаражаты есебінен 540 пәтерлік 11 тұрғын үйдің құрылысын аяқтау үшін (36 мың 100 шаршы метр) – 1 млрд 069 млн теңге бөлініп отыр. Бұл «Ипподром» ауданындағы 19 мың 722 шаршы метрлік 300 пәтерді құрайтын 6 несиелік тұрғын үй құрылысының және «Арай-2» мөлтек ауданындағы 16 мың 378 шаршы метрге, 240 пәтерді құрайтын 5 несиелік тұрғын үй құрылысы үшін қаралған қаржы. Жалпы, 2015 жылы Қызылорда қаласы бойынша тапсыру жоспарланған тұрғын үйлердің барлығы 130 мың 200 шаршы метрлік 2 мың пәтерлі 40 тұрғын үйді құрап отыр.
Аймағымызда көпқабатты тұрғын үйлер салуда жеке кәсіпкерлер де белсенділік танытуда. Мәселен, биыл жеке құрылыс компаниялары өз қаражаттарына 22 мың шаршы метрді құрайтын 202 пәтерлі 5 көпқабатты тұрғын үй құрылысын жүргізіп, пайдалануға беруді қолға алып отыр. Алдағы жылы «Өңірлерді дамытудың – 2020» бағдарламасы шеңберінде облыстың тұрғын үй құрылысы мен оның инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымын дамыту бағыты бойынша 6 млрд теңге қаражат бөлінетін болады. Оның ішінде республикалық бюджеттен инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым желілерін дамытуға 847,5 млн теңге, арендалық тұрғын үйлер құрылысына 819,4 млн теңге, несиелік тұрғын үйлер құрылысына 2,3 млрд теңге қаржы қаралған. Сонымен қатар, Ұлттық қор есебінен несиелік үйлер мен «КИК» ИҰ» АҚ желісі (Қазақстан ипотекалық компаниясы) бойынша салынатын тұрғын үйлердің инженерлік желілерінің құрылысына берілетін қаржы көлемі 2 млрд теңгені құрайды.
2015 жылға трансферттермен қоса есептегенде республикалық, облыстық бюджеттерден және Ұлттық Қор есебінен барлығы 16,8 млрд теңге қаржы бөлініп, ағымдағы жылы 47 нысанның құрылысы жүргізілуде. Оның 41-і 2014 жылы басталған құрылыс болса, алтауы жаңа құрылыс нысаны болып табылады. Сондай-ақ, осы жылдың соңына дейін 40 нысанды пайдалануға беру көзделсе, 7 нысанның құрылысы 2016 жылы аяқталады. Қазіргі таңда 5 нысан мемлекеттік қабылдау актісімен пайдалануға берілді. Жоспарланған нысандарда құрылыс жұмыстары кестеге сәйкес жүргізілуде. Сол секілді бөлінген қаржы мерзімінде, жоспарға сәйкес орындалуда.
Биыл тұрғын үйлердің және инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымдардың құрылысына 4,2 миллиард теңге қаржы қаралған. Қомақты қаржыға 44,4 мың шаршы метр болатын 660 пәтерлі 13 тұрғын үй салынады. Сондай-ақ, 158,5 шақырым инженерлік желілердің құрылысын жүргізіп, пайдалануға берілді. Аталған баспананың 540-ы несиелік тұрғын үй болса, 120-сы кезекте тұрғандарға үлестірілмек.
Бұған қоса, «Қазақстан ипотекалық компаниясы» Ипотекалық ұйымы» арқылы кезекте тұрған азаматтарға арналған жалға берілетін тұрғын үйлер құрылысын салуға Қызылорда қаласынан 3 жер телімі берілді. Аталған жерге 68,6 мың шаршы метр құрайтын 1130 пәтерлі 21 тұрғын үй тұрғызылатын болады. Ал «Самұрық-Қазына» жылжымайтын мүлік қоры арқылы салынатын 17,2 мың шаршы метр тұрғын үйдің құрылысы қарқынды жүргізілуде. Шүкіров көшесінде 210 пәтерлі 35 тұрғын үй тұрғызылады. Әрине, бүгінгі күні әлемдік қаржы дағдарысына байланысты әлеуметтік саладан басқаның бәрінде шығын көлемі біршама кемігені белгілі. Осындай кезеңде жоғарыда аталған жұмыстардың жүруіне, өңірде тұрғын үй құрылысының жандануына аймақ басшылығының сіңірген мол қажыр-қайраты жатқаны түсінікті.
Жоғарыда сөз еткен салтанатты шараға қайта оралайық. Жаңа пәтерлер кілттерін Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев пен «Бәйтерек» Ұлттық басқарушы холдингі» АҚ басқарма төрағасы Қуандық Бишімбаев табыстады. Қоныстой иелерін құттықтауында облыс әкімі Қырымбек Көшербаев:
– 2015 жылы бүкіл әлемді шарпып отырған экономикалық дағдарысқа қарамастан, елімізде «Нұрлы Жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында тұрғын үй құрылысы өз жалғасын табуда. Бұл бағдарлама халықтың, әсіресе, аз қамтылған және жас отбасылардың баспанаға деген сұранысын қамтамасыз етудің бірден-бір жолы болып табылады. Бүгін, міне, жаңа пәтер иелері «Нұрлы Жол» бағдарламасының алғашқы жемісін көріп отыр. Қуаныштарыңыз құтты болсын! – деп өңір басшысы тұрғын үйлерді салуға ықпал еткен «Бәйтерек» холдингі мен «Қазақстан Ипотекалық Компаниясының» басшылығына алғыс білдірген-ді. «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингінің басқарма төрағасы Қуандық Бишімбаев та өз кезегінде пәтер иелеріне ізгі тілегін жеткізді.
– Бүгін 300 пәтердің кілтін табыстап отырсақ, «Нұрлы Жол» бағдарламасы аясында жыл соңына дейін тағы мыңдаған пәтер пайдалануға беріледі деп жоспарлап отырмыз. Міне, қазір тағы жаңа тұрғын үйдің құрылысын бастамақпыз. Бұл – кезекте тұрған азаматтар жақын арада қоныс тойын тойлайды деген сөз, – деген Қ.Бишімбаев әлеуметтік инфрақұрылым, тұрғын үй инфрақұрылымын нығайту, баспана мәселесі және оның қатардағы азаматтарымызға, әсіресе жастарымызға қолжетімділігін қамтамасыз етуге байланысты Елбасы талаптарын ерекше жауапкершілікпен және толық орындалуы Сыр елінде жоғары қарқынмен жүріп жатқанын атап өтті.
Ыдырыс ТӘЖІҰЛЫ.
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |