МЕРЕКЕ КҮНДЕРІ МАҢЫЗЫ ЗОР ШАРАЛАРҒА АЙНАЛАДЫ

МЕРЕКЕ КҮНДЕРІ МАҢЫЗЫ ЗОР ШАРАЛАРҒА АЙНАЛАДЫОблыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың төрағалығымен өткен тұрақты кеңесте үш мәселе қаралды. Кеңес басталмас бұрын облыс әкімінің өкімімен облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Нұрхан Жәлиевтің өзге қызметке ауысуына байланысты лауазымынан босатылғаны туралы айтылды. Аймақ басшысы Нұрхан Бұқарбайұлына облыстың қоғамдық саяси өміріне белсене араласып, ішкі саяси тұрақтылықты сақтауға, осы бағыттағы мемлекеттік саясатты жүзеге асырудағы ерекше қызметін жоғары бағалай отырып, алғыс білдірді. Ел игілігі жолындағы еңбегіне табыс, отбасына амандық тіледі.
Күн тәртібіндегі алғашқы мәселе алда келе жатқан мемлекеттік маңызы зор мерекелер барысында атқарылатын шаралар туралы өрбіді. Облыс әкімінің орынбасары Ақмарал Әлназарованың мәлімдеуінше, елімізде биыл екінші рет аталып өткелі тұрған Тұңғыш Президент күні мерекесі маңызы зор халықтық шараға айналуы қажет. Өскелең ұрпақ бұл шараны жаңғыртудың, жаңашылдықтың белгісі ғана емес, өткеннің өнегесі ретінде де есінде сақтауы тиіс. Бүгінде мерекелерді атап өту жөнінде іс-шара жоспары бекітіліп, оның аясында салтанатты жиындар ұйымдастырылатын болады. Мереке күндері Сыр жұртшылығына жеңілдетілген бағамен  түрлі тауар сатылымдары ұсынылып, бірқатар әлеуметтік нысандар пайдалануға беріледі. Сонымен қатар, жас мемлекеттік қызметшілердің салтанатты түрде ант қабылдау рәсімі, қайырымдылық акциялары болады. Елбасының жүргізіп отырған салиқалы саясатын насихаттайтын ғылыми-тәжірибелік конференциялар, тақырыптық көрмелер ұйымдастырылады. 
Қарашаның 26-сында Н.Бекежанов атындағы драма театрында «Балалық шағымның аспаны» фильмінің режиссері Рүстем Әбдірашев пен басты рөлдегі актер Нұрлан Әлімжановпен кездесу өткізіліп, фильмді тамашалау жоспарлануда. Ал, 30-қарашада арнайы салтанатты жиын өтеді. Желтоқсанның бірінде орталық алаңнан бастап Тұңғыш Президент атындағы саябағына дейін авто және велошеру ұйымдастырылып, онда тал егу рәсімі болады. Осы күні орталық алаңда «Бір – ел, бір – тағдыр, бір – көшбасшы» атты мерекелік концерт өткізіледі. Сонымен қатар жастардың қатысуымен облыстық форум ұйымдастырылу көзделуде. Халық көп шоғырланатын орындарда, орталық базарларда мерекемен құттықтауға бағытталған акциялар, қала мен барлық аудандардағы ірі сауда ұйымдарында «Байқоңыр» ӘКК тарапынан ұйымдастырылған «Изобилие» ЖШС-ның 12 әлеуметтік сауда нүктесінде 8-10 пайыз көлемінде жеңілдіктер ұсынылады. Тәуелсіздік күніне орай Еуразия спорт кешенінде жастардың патриоттық акциясы, 16-желтоқсан күні орталық алаңда қала мен аудан өнерпаздарының мерекелік концерті және отшашу болады. Сонымен бірге, желтоқсан айында облыстық әлеуметтік-экономикалық дамуына ерекше үлес қосқан, кезінде басшылық қызметте абыройлы еңбек атқарған Исатай Әбдікәрімовтің, Тәкей Есетовтің, Қонысбек Қазантаевтың 90 жылдық мерейтойлары аталып өтіліп, бюстерінің ашылу рәсімі ұйымдастырылады. Шығармашылық үйінің ғимараты ашылып, онда Т.Жүргеновтің бюсі қойылады.
Облыс басшысы мереке күндері қала әкіміне жылу маусымының дұрыс болуын, коммуналдық шаруашылықтардың толыққанды жұмыс істеп тұруын қамтамасыз етуді тапсырды. Іс-шаралар кезінде жауапты кезекшілердің, бірінші басшылардың өз жұмыстарына үлкен жауапкершілікпен қарауын қадағалады. Сондай-ақ, облыс әкімі мемлекеттік қызметке алғаш рет орналасқан мемлекеттік қызметшілердің салтанатты түрде ант қабылдауын, барлық жерде салтанатты жиындар, құттықтау рәсімдерін ұйымдастырып, елдің дамуына, қызметтің түрлі салаларын дамытуға елеулі үлес қосқан азаматтарды марапаттау, жұмыста неғұрлым жоғары нәтижелер көрсеткен қызметкерлерге сыйлықақы беру мен ынталандырудың басқа да түрлерін қарастыру керектігін айтты. 
Тұрақты кеңесте қаралған екінші мәселе азаматтарды күзгі әскерге шақыру жұмысының барысына арналды. Қазіргі таңда жалпы облыс халқының 30 пайызға жуығын құрайтын жастардың 54 мыңнан астамы әскери есепте тұрса, олардың 60 пайызы ғана әскерге шақырылуға жатады. Оның ішінде мыңнан астамы өзінің әскери борышын өтеуден қашып жүр. Бұл туралы облыс әкімі аппараты басшысының орынбасары Марат Бәйімбетов айтып өтті. Оның хабарлауынша, үстіміздегі жылдың көктемінде облыстық жиын пунктіне барлығы 1542 азамат келіп, оның 1041-і жарамды деп есептелген. Ал, емделуге жіберілгені 109 болса, 392 адам жарамсыз болып анықталған. Күз айында әскери қызметке кететін 472 азаматтың бүгінгі күні 161-і жөнелтілген. Осы жылдың күзінде облыстық жиын пунктіне келген 722 азаматтың тек 618-і ғана бірінші тексеруден жарамды деп анықталса, 8 азамат әскери қызметке мүлде жарамсыз болып табылған. Аудандық ішкі істер бөлімдері өз құзыреті шегінде әскери міндеттерді орындаудан жалтарған адамдарды іздестіруді жүзеге асыруда. Ауылдық округ әкімдіктеріндегі әскери есепке жауапты тұлғалардың шақыру қағазымен келмей жүрген азаматтардың артынан іздеу немесе анықтау жұмыстары өз деңгейінде емес. Бүгінгі күні Арал ауданында Райым, Қармақшы ауданының Жосалы кенті, Төретам, Ақай, ІІІ Интернационал, Ақжар, Сырдария ауданында Ақжарма, Амангелді, Шаған, Шиелі ауданы бойынша Ақмая, Гигант, Жаңақорған ауданында Шалқия, Ақүйік, Қызылорда қаласы бойынша Тасбөгет, Қызылжарма елді мекендерінде әскери маман бөлінбеген. 
Күн тәртібіндегі қаралған мәселе бойынша аймақ басшысы деректерге сәйкес бірқатар аудандарда әскерге шақырту мен әскер жасындағы жастардың белсенділігі мүлдем сын көтермейтінін баса айтты. Мысалы, іздеуде жүргендердің ішінде ең жоғары көрсеткіш– Жалағаш ауданында, шақырылған 486 адамның 281-і іздеуде жүр. Қармақшы ауданында шақырылған 484 жас жігіттің 222-сі іздеуде, осы секілді Арал, Қазалы аудандарында да көрсеткіш көңіл көншітпейді. 
– Сонда бұларға Отан керек емес пе? Ал, Отанға олардың керегі не? Билігіміз, ардагерлеріміз, қоғамдық ұйымдарымыз қайда? Бұқаралық ақпарат құралдарында олардың тізімдері жариялансын. Облыстық теледидарда арнайы репортаждар ұйымдастырылсын. Біз мұндай жағдаймен келісе алмаймыз. Денсаулығы болмаса, бір бөлек. Өзінің азаматтық міндетінен себепсіз қашып жүргендер заң алдында жауап беруі тиіс. Оларды Ауғанстанға немесе Иркутскіге жіберіп жатқан жоқпыз ғой. Қазақстанның ішінде Отан алдындағы міндетін атқарады. Кейбір ата-аналар әскери қызметтен алып шығуға көмектеседі. Қайта тәуелсіз ел болдық, Отанымызды қорғайтын жанашыр азаматы болыңдар деп ақыл айтпай ма? Мына 1116 әскери борышын өтеуден қашып жүрген жас кім? Аудан, қала, ауыл әкімдері не бітіріп отыр? Бұл жігіттер шетелге асып кеткен жоқ. Барлығы елдің ішінде жүр. Олармен жұмыс істейтін билік не қоғамдық ұйым жоқ. Әсіресе, Жалағаш, Қармақшы, Арал, Қазалы аудан әкімдері, өздеріңіздің жұмыс нәтижелеріңізді көріп отырсыздар. Аталған аудандарда шақыру пункттері жоқ. Сондықтан да әскерге шақырылушы азаматтарды медициналық куәландыруды жасақтауда қиындықтар туындайды. Жаңақорған ауданында бірде-бір әскери патриоттық ұйым жұмыс істемейді. Облыс бойынша осындай үйірмесі жоқ бір-ақ аудан. Аудан әкімшілігінің үйірме ашуға шамасы келмесе, ондай әкімшіліктің керегі не? Облыстағы қорғаныс істері жөніндегі департамент, айтылған кемшіліктер тікелей сіздердің жұмыстарыңызға байланысты. Мен Қорғаныс министрлігіне хабарласып, мән-жайды айтамын. Иықтарыңда жұлдыз, төстеріңде түрлі медальдар жарқырайды. Ал, жұмыстың нәтижесі жоқ, – деп облыс әкімі тікелей жауапты қызметкерлердің жұмысын сынға алды. 
Кеңесте талқыланған үшінші мәселе облыс әкімінің төрағалығымен өткен мәжілістерде, іссапарлар кезінде берілген тапсырмалардың орындалу барысы туралы болды. Бұл тақырыпта хабарлама жасаған облыс әкімі аппаратының басшысы Қанатбек Жайсаңбаев он айдың қорытындысы бойынша келіп түскен құжатайналымдарға талдау жасады. Оның айтуынша, жылдан жылға құжат айналымның үлесі артуда. 
Тұрақты кеңес отырысын қорытындылаған облыс әкімі Қырымбек Көшербаев айтылған кемшіліктерді әрбір жауапты орган басшысы сарапқа салып, кемшілік жіберген қызметкерге қатысты жауапкершілігін шешуді тапсырды. Берілген тапсырмалардың орындалмауы орын алған жағдайда сол жауапты мекеменің бірінші басшысы тиісті жауапкершілікке тартылатынын ескертті.
Айсәуле САҒАТБЕКҚЫЗЫ.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР / АҚПАРАТ 26 қараша 2013 г. 1 217 0