ХАЛЫҚ ИГІЛІГІНЕ БАҒЫТТАЛҒАН ҚҰРЫЛЫСТАР ЖАҚЫН АРАДА ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛЕДІ

ХАЛЫҚ ИГІЛІГІНЕ БАҒЫТТАЛҒАН ҚҰРЫЛЫСТАР ЖАҚЫН АРАДА ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛЕДІЖексенбіде облыс әкімі Қырымбек Көшербаев Қызылорда қаласында құрылысы салынып жатқан бірқатар нысандарды аралап көрді. 
Алдымен күрделі жөндеуден өтіп жатқан М.Шоқай көшесіндегі жұмыстармен танысты. Ұзындығы 1,7 шақырым жолды жөндеу құны – 369,1 млн. теңге. "Жұмыспен қамту-2020” бағдарламасы аясында республикалық бюджеттен 246,5 млн. теңге бөлінген. Мердігер "УАД” ЖШС жөндеу жұмыстарын жүргізуде. Бүгінде 800 шақырымға екі қабатты асфальт төселді. Жол жөндеу алдағы жылы да жалғасады. Болашақта асфальт үшінші қабатпен жабылып, жаяу жүргіншілер жолы салынбақ. Сондай-ақ, түнгі жарықтандыру мен автобус аялдамалары қойылады. 
Жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан Сұлтан Бейбарыс көшесінде "Евраскон” ААҚ мамандары үш ауысыммен жұмыс атқаруда. Асфальттың алғашқы қабаты 2,6 шақырым жолға төселген. Қалған бөлігінде де қызу еңбек қайнап жатыр. Облыс басшысы жол жөндеуші компаниялардың басшыларына сапаға баса мән беруді тапсырды. 
Одан әрі облыс әкімі "Арзан” базарға барды. Салынғанына 8 жыл уақыт өтсе де, бұл базарға халық аз келеді. Сауда-саттық мардымсыз. Осы жылдар аралығында базардың қарызы да қордаланып қалған. Сауда орнының басшылығы бұл жерге халық назарын аударту үшін біршама жұмыстар атқарып келеді. Аумағын кеңейтіп, абаттандырды. Автобус аялдамасы салынды. Мұндағы ең түйткілді мәселе жылудың жоқтығы болғандықтан, қазір базарға газ тартылуда. Жақын арада базар ішінен нан, шұжық, кондитер өнімдерін өндіретін цехтар ашу жоспарланған. 
Аймақ басшысы жыл соңына дейін пайдалануға берілуі тиіс әлеуметтік нысандар мен тұрғын үйлерге арнайы тоқтады. Жылдар бойы "жыр” болған перинаталдық орталық енді аз күнде ашылады. Бес жылдан бері бітпей, "сақалды” құрылысқа айналған ғимарат қызылордалықтардың игілігіне жарайтын күн алыс емес. Орталыққа қажетті 135 түрлі құрал-жабдықтар сатып алынып, құрылуда. Ғимарат ішін тазалауға қосымша жұмыс күші керек. Өңір басшысы "Альянс” ЖШС директоры Нұрлан Бәйтіковке нысанды уақытылы пайдалануға беру үшін қосымша жұмысшылар тарту туралы тапсырма берді. Құрылысшыларға жәрдемдесуге медицина қызметкерлері де келеді. 
Жуырда облыстық мекемелер үйінің де құрылысы аяқталмақ. Қазір "Әбу Сер” ЖШС ғимарат айналасын абаттандырумен айналысуда. Жаңа құрылысты аралап көрген аймақ басшысы ғимараттың ыңғайлылығына, сәулетіне қатысты бірқатар тапсырмалар жүктеді.
Тасбөгет қыстағындағы "Авангард-сервис” ЖШС салған 24 пәтерлік тұрғын үй пайдалануға беруге дайын. Тағы бір 24 пәтерлік тұрғын үй "Интегрострой” ЖШС Титов қыстағындағы апатты үй тұрғындарына арнап салынуда. Құрылыс басында жұмыс істеп жатқан 100 шақты адам жылу, су, электр желілерін тартып бітірген. Жақын арада жаңа қонысқа газ бен телефон келмек. Қырымбек Елеуұлы апатты үйдің тұрғындары жаңа жылды  жаңа да жайлы үйде қарсы алуы үшін жұмысты жандандыра түсуді  тапсырды. 
Гүлжазира ЖАЛҒАСОВА.     

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР / АҚПАРАТ 26 қараша 2013 г. 918 0