ЕЛБАСЫ ЖӘНЕ ЕЛОРДА

ЕЛБАСЫ ЖӘНЕ ЕЛОРДАҚай жылы екені есімде жоқ, шамасы, он жылдың аржақ-бержағы болып қалар. Теледидардан Елорда төрінде достастық мемлекет басшыларының басқосуы туралы хабарды көріп жатқанмын. Сонда Өзбекстан Республикасының Президенті Ислам Каримов ағынан жарылып, Елбасымызға арналған өзінің жүрекжарды лебізін жеткізді. Дәл сөзбе-сөз жеткізе алмаймын бірақ мынандай мағынада болып шыққаны есімде. «Қымбатты, Нұрсұлтан Әбішұлы, мен Сізде ерекше батыл жүрек бар деп есептеймін. Өйткені, қиын кезеңдерде қорықпастан елдің астанасын ауыстырып, жаңадан қала салып шығуға батырдың батыры ғана тәуекел ете алады». Бұл сөздерді естігенде бойымды мақтаныш сезімі кернеді. Президентіміз үшін және жаңа астанамыз үшін ерекше қуандым.

Әр елдің болашақ тағдырын айқындай­тын тарихи кезеңдері болады. Сондай кезеңдердің бірі – астанамыздың Сарыарқа төсіне қоныстануы болды. Тәуелсіздік туы көгімізде желбіреген күннен бастап, еліміз үшін жаңа тарихтың басталғаны белгілі. Тәуелсіздігіміздің тұғырлы болуы үшін Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев үлкен мақсаттарды алға қойды. Осы тұста Елбасымыздың көкірегінде қайнап піскен, Елорданы Ақмолаға көшіру туралы идеясы ешбір кедергіге, кейбіреулердің күдіктеріне қарамастан іске асырды. Астананы ауыс­тыру ерен ерлік пен көрегендік тәуекелді қажет еткен тарихи шешім еді. Экономикамыз тұралап тұрған кезде елдің орталығын Алатау аңғарынан Сарыарқаның төріне көшіру оңай шаруа болған жоқ. Бұл ретте кез келген кісінің ерік-жігері жетпес бекем батылдықты Елбасы дер кезінде көрсетті. Ел астанасын Арқа төсіне көшіру туралы Елбасы пікірі әуелде жұртқа оғаш көрінгені рас. Тіпті Президенттің сенімді серіктерінің арасынан «Бұл қалай…» деп қалғандары болды. Бірақ Елбасы ешкімнің көңіліне қараған жоқ. Әуелі Парламент депутаттарының көзін жеткізді. Сосын Арқа төсіне ту тікті. Бұл Қазақстанның тәуелсіз ел болғалы тұңғыш рет өз бетінше жасаған батыл шешімі болды.

Қазіргі уақытта тоғыз жолдың торабында, Ұлы Жібек жолының күретамырында бой көтерген Астана – Елбасымыздың бастамасымен ғасырлар тоғысында дүниеге келген ғажайыптардың бірі. Осылайша Елордамыз бүгінде ел мақтанышына айналып, тарих беттерінде алтын әріптермен жазылды.

«Астана – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев­тың ерлігі» дейді халқымыз. Халық айтса қалт айтпайды. Шынында, тәуелсіз мемле­кетіміздің жаңа астанасын қалыптастыру – тұңғыш Президентіміздің мемлекетті одан әрі нығайту жөніндегі саяси стратегиясының жемісі. Сондықтан Нұрсұлтан Назарбаев елорданы көшіру және Астана қаласын салу идеясының авторы және бас сәулетшісі деп толықтай айтуға негіз бар.

Шынында Астана – Елбасының ерлігі! Астана – Елбасының өрлігі! Мұны бүкіл Қазақ елі біледі, түсінеді, түйсінеді. Жаңа қаланы тұрғызудың қандай қиын болғанын да сезеді халық. Астанадай алып қала тұрғызу үшін алып жүрек керек. Құрылыс саламын деп балғаң мен қайлаңды сайлау үшін ыстық қайрат пен қайтпас қайсарлық қажет. Қазақ анасы туған алып жүректі ұл, ол – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев.

Астана – Қазақстанның жаңаруының нышаны. Мемлекеттігіміздің мәйегі, дербестігіміздің дәйегі болып табылатын елордамыз – халқымыздың ғасырлар бойғы арман-тілегінің орындалуын айшықтаған шынайы болмысы. Астана осынау жылдары әлемге танылды және елімізді әлемге танытты. Ондағы зәулім сарайлар мен сәулетті үйлер бір-бірімен үйлесіп, қаланың көркіне көрік қосып тұрғандай. Астананың көркіне не бір өркениетті елдер таңдана да тамсана қарауда. Астана – ең алдымен Елбасымыздың ерен еңбегі мен ерлігі. Қазақстанның жаңа тарихының шынайы бейнесі.

Елбасымыз Елорданы Астанаға көшіру бастамасымен миллиондардың тарихи миссиясына арна ашты, жаңа Астана ұлттық идеяның ұйытқысына айналды. Оның негізгі мақсат-міндеттері бірлігі жарасқан қазақ елінің азаттығын қамтамасыз ету және осы мұрат-мүддеге қызмет ету болып табылады. Сөйтіп Есілдің жағасында, Сарыарқаның төсінде, Інжу-маржандай Ақ Орда мен Бәйтеректі ұлықтаған Астана «Әлем қаласы» атанып, көркімен де, көлемімен де, келбетімен де төрткүл дүниені мойындатты. Бүгінгі еңбектеген баладан еңкейген қартқа дейін Астанаға мақтанышпен қарайды, оны елдігіміздің, мемлекеттігіміздің нышанындай қабылдайды.

Астанасыз бүгінде Қазақ елін, оның болашағын айту мүмкін емес. Астана – Қазақ елінің ұлттық идеясы! Астана Қазақ елінің экономикалық, әлеуметтік, рухани, демографиялық мәселелерін күрт әрі сапалы дәрежеге жеткізе өзгертті. Астана миллиондаған қазақтардың арманына айналды. Бұл қалада жаңа қазақстандықтар қалыптасып өсіп келеді. Қала – жастар қаласы, демек, ол болашақ туралы таусылмас жыр. Мыңдаған жастар осы қалада бақытын тауып, армандарына жетіп жатқанын кім жоққа шығармақ?

1999 жылдың шілде айында Елордамыз ЮНЕСКО-ның «Бейбітшілік қаласы» сыйлығына ие болып, одан бергі аралықта Астана Қазақстанның бас брендіне айналды. Еліміздің болашағы мен Астананың болашағы ұғымдары бір-бірімен төркіндес, мағыналас. Өйткені, қазіргі уақытта әлемдік қауымдастық Астана қаласын Қазақстанды жиырма бірінші ғасырдың жаңа даму үлгісіне бағыттай білген модель ретінде қабылдай алады. Сондай-ақ, Астана бойынша алынған архитектуралық шешімдер бұған дейінгі үлгілерді қайталамауларымен де ерекшелене алады.

Елбасымыз: «Астана еліміздің дамуының символы және Еуразия кеңістігінің жаңа ордасы», деген болатын. Иә, Астана біздің елордамыз ғана емес, ірі халықаралық орталыққа айналды. Әлемдік қоғамдастықтың назарында бола тұра, Астана еуразиялық ықпалдастықтың орталығы болды, ынтымақтастықтың сындарлы түрін іздеу барысында халықаралық пікір алаңына және жаһандық мәселелерді шешу орнына айналды.

Астаналық экономикалық форум, тарихи ЕҚЫҰ саммиті, мерейтойлық ШЫҰ және ИЫҰ жиындары – осы және т.б. биік деңгейдегі шаралар Қазақстанның сөзсіз халықаралық беделі мен Шығыс пен Батыс арасындағы Астананың интеллектуалды көпір ретіндегі рөліне куәлік етеді. Астанада өткен Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезін ерекше атап өтуге болады. Халықаралық ортада кеңінен танымал Бейбітшілік пен келісім сарайы түрлі діндердің, ұлыстар мен мәдениеттердің сан алуандығы мен бірлесуінің, ел мен мемлекетіміздің бар әлемге ашықтығының символына айналды. Астана бейбітшілік пен келісім, сондай-ақ әлем діндері үнқатысуының орталығына айналды. Мұның бәрі Елбасымыздың бастамаларының нәтижесі. Осылайша Еуразияның жүрегінде орналасқан Елордамыз әлемге руханияттың ірі орталығы, саясаттың іргелі ордасы ретінде танылды.

Атап өтерлік жайт, Астанада азиялық аймақ шеңберінен тыс ең өзекті экономикалық, әлеуметтік және саяси сұрақтар шешімінің қабылдануы Президент бастамаларының өзектілігі мен әлемдік қоғамдастықта сұранысқа ие екендігіне куә. Бұл ретте Президенттің жан-жақты қарым-қатынасты көздеген «G-GLOBAL» идеясы, жаһандық энергоэкологиялық қауіпсіздік бағдарламасы және «Жасыл экономика» қозғалысы бойынша әлемдік қоғамдастықтағы серіктестікке ықпал етуді мақсат еткен «Жасыл көпір» бастамасы аса маңызды. 2012 жылы Елбасы идеясын қолдай отырып, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ БҰҰ-ның «РИО+20» тұрақты даму бойынша жаһандық саммитінде арнайы секциясын өткізді. Секция жұмысының нәтижесінде «Жасыл көпір - ұрпақтан ұрпаққа» халықаралық университеттер бірлестігі құрылды, оның қызметі Н.Назарбаев бастамаларына академиялық және ғылыми ортаны кеңінен қатыстыруға бағытталған.

Бүгінде мемлекетіміз ғылым мен инновацияға бағыт алды. Астана озық бастамалар орталығына айналды және оған Қазақстан астанасының әлемнің басқа қалаларымен бәсекелік қиын тартыста жеңіп шығып, әлемдік деңгейдегі «ЭКСПО-2017» көрмесін өткізу биік мәртебесіне ие болуы дәлел. Аталмыш көрмені өткізуді қанжығасына байлаған Қазақстан өзінің мүмкіншіліктерін күллі әлемге тағы бір рет айғақтады. Дүниежүзілік көрме Қазақстанның атын шартарапқа танытып қана қоймайды, сонымен бірге ол жаңа мүмкіндіктерге жол ашпақ. 103 мемлекеттің қазақты қолдап, дауыс беруі, елдің осы жылдарда жеткен жетістігіне берілген бағасы еді. 2017 жылы бұл тойға 5 миллионға жуық шетелдік қонақ келеді деп күтілуде. Ендеше, бұл еліміздің туризм саласы дамуына да өз әсерін тигізеді деген сөз. Ең бастысы, бұл тәуелсіз елімізді жарқын болашаққа бастар жол деп білеміз.

Астана – халқымыздың мақтанышы, еліміздің егемендігі мен тәуелсіздігінің нышаны іспеттес. Бір кездері шет аймақтағы қала қысқа тарихи кезең ішінде сан мыңдаған тұрғындары бар экономикалық және мәдени өмірдің орталығына айналды. Астана – әлем қалаларының ішіндегі әсем қалалардың бірі. Астана – Отан жүрегі, халықты біріктіретін ұлттық идея, өз күшіне сенім нышаны. Жаңа астана – әлемнің ең дамыған 30 мемлекетінің қатарына ену болжамды мақсатына нық қадам басып келе жатқан тәуелсіз Қазақстанның символы. Олай болса, Елорда мен Елбасы ажырамас ұғым деп санағанымыз абзал.

Мақаланы Өзбекстан Республикасының Президенті Ислам Каримовтың сөзімен бастап едім. Аяқтау сәтінде де сол кісінің сөзін келтіріп өткенді жөн көрдім. «Мен білемін, дүниеде ерекше жаратылған адамдар болады. Олардың ақылы жыл ұзарған сайын арта береді. Қарапайым адамдарға қарағанда дара туғандар өзгеше болады. Оларға Алла Тағала даналық берген. Олар Алланың ерекше сүйген құлдарынан болса керек-ті. Президент Назарбаев осындай азамат!»

 

Ы.ТӘЖІҰЛЫ.

 

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 04 шілде 2015 г. 1 965 0