ҰЛТ КӨШБАСШЫСЫНЫҢ ҰЛЫ МҰРАТЫ

ҰЛТ КӨШБАСШЫСЫНЫҢ ҰЛЫ МҰРАТЫТәуелсіз Қазақстанның 22 жылғы тарихынан тағылым іздеген адам ұлы бастамалардың кезеңіне кездесетіні аян. Осынау игіліктердің барлығы Тұңғыш Президент, Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың есімімен байланысты. Еліміздің  жарқын болашағы, қуатты, әлеуетті мемлекет болып қалыптасуы үшін  Ұлт көшбасшысының сіңірген еңбегі ұшан-теңіз.
Халқының басқа мемлекеттермен терезесі тең өмір сүруін, халықаралық кеңістікте мойындалуын армандап, сол биікке жету үшін бар күш-жігерін жұмсаған Елбасының ерен ерлігін бүкіл ел мойындайды. Тоқсаныншы жылдардың басындағы аумалы-төкпелі кезең жұртшылықтың есінен шыға қойған жоқ. Осындай өліара шақта Қазақстан Назарбаевтың сара саясаты, білікті басшылығымен тоқыраудан аман шықты. Жетпіс жыл бойы бөтеннің боданында болған елінің рухын биіктету, арманын асқақтатып, намысын қайрау арқылы алға сүйреді. 
Мұқым ел көшін бастаған ерін қолдады.  Жетпіс жыл өмір сүрген Одақтың шикізат базасы болған қазақ жерінде еңселі  мемлекет құру екінің бірінің маңдайына жазылмаған. Елбасының ең алдымен тәуелсіздіктің елең-алаң шағындағы  шекара мәселесін асқан мәмілегерлікпен шешуі  елдіктің іргесін нықтады. 
Алтай мен Атыраудың арасындағы  ұлан-ғайыр дала кімнің көзтүрткісі болмады дейсіз? "Солтүстіктегі 5 облыс Ресейдікі” деген пікірлер, Оңтүстіктің шұрайлы жерлерін иемденгісі келгендердің сөздері тәуелсіздігін енді алған мемлекеттің тұтастығына сына қағар ма еді, кім білсін? Мұндайда "жеті өлшеп, бір кесетін” турашылдық, "өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмай” әрекет ететін мәмілегерлік керек. 
Қазіргі уақытта екі көршінің аула іргесіндегі жерге дауласып жатқанына жиі куә болып жатамыз. Аяқ-табағы аралас ағайындай болып кеткен адамдар екі-үш метр жер үшін бірін-бірі сотқа сүйреп, енді көрместей бет жыртысып жатады. Сондайда Елбасының шекара мәселесіндегі пышақтың жүзіндей өткір тұстарды келісім үстелінде отырып шешкені еріксіз еске түседі.  
Жуырда ғана 20 жылдығы аталып өткен төл теңгенің дүниеге келуі, елдіктің тірегі – Ата заңның қабылдануы сияқты тарихи оқиғалар Елбасының арманынан басталып, ақиқатқа айналды. Бүгінде қабылданғанына аз уақыт өтсе де, әлемдік саясат серкелерінің жоғары бағасын алған «Қазақстан – 2050» стратегиясы мемлекеттіліктің берік негізін қалады. 
Тәуелсіздік жылдарында Астана мен азаттық қатар аталатын, бір-бірінен ажырағысыз  тұтас  ұғымға айналды. Әрине, Сарыарқа төсіне орда тігіп, оны ұлттың мақтан тұтар орнына айналдыру бір жылда жүзеге асқан жоқ. Мұндай шешімді  тәуекелшіл, қиындыққа қасқайып қарсы тұра алатын қаһарман-қайраткер ғана қабылдай алады. Бүгінде Астана Еуропа мен Азияның арасындағы алтын көпірге, қазақтың бағаналы орда, басты ордасына айналды. 
Сонымен қатар, Елбасы қазақ жерін  Кеңес Одағындағы республикалар мен  мұсылман мемлекеттерінің арасынан көш бастатып, алқалы жиындардың, байыпты басқосулардың орталығына айналдырды. Дәстүрлі түрде өткізілетін діндер съездері адамзат баласының құқығы наным-сенімі мен көзқарасына қатысты шектелмейтінін насихаттап келеді. Жер бетіндегі діндердің барлығының өзегінде бір ғана мұрат бар. Қайсыбір дін болмасын, "адамды дос, бауыр тұт, ешкімге қиянат жасама, қолыңнан келсе көмектес” дегенге үндейді. Әлем халықтарына осынау ізгі насихаттың Астанадан жер-жаһанға тарауына да Елбасы бастамашы болды.   
Еліміздің кәрі құрлықтың 56 мемлекеті бас қосқан  Еуропадағы Қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымына төраға болуы тәуелсіздік жылнамасына алтын әріппен жазылған тарихи оқиға болды. Астана төрінде толайым табыспен өткен жетінші саммит ЕҚЫҰ-ға мүше мемлекеттердің қайсыбір мәселені дипломатиялық жолмен шешуге ынталы екендіктерін танытты. Саммит қорытындысында Астана декларациясы қабылданып, Қазақстан төрағалық еткен жылда Еуропаның қауіпсіздігі мен ынтымақтастығына сүбелі үлес қосылғаны құжатпен рәсімделді.
Әлемдік деңгейдегі саясаткерлер мен қоғам қайраткерлері қатысқан  саммит Қазақстанның бейбітшіліксүйгіш, ынтымақ пен бірлікті ұлық тұтатын ел екенін танытты. Елбасының сұңғыла саясаткерлігі, халықаралық қауымдастықтағы беделі  саммит туралы қорытынды пікірлердің оң сипатта қалыптасуына әсер етті. Сол жолы ЕҚЫҰ-ның Бас хатшысы Марк Перрен де Бришамбо «Президент Н.Назарбаевтың бастауымен Қазақстанның 2010 жылға төраға боламыз деген ниеті мен сайлануы ұйымға жаңа леп берді. Одан кейін Астанада саммит өткізу туралы шешім де ұйымға деген және оның көтерген мәселелеріне деген қызығушылықты күрт арттырып жіберді. Басқалар Қазақстаннан үлгі алса, қане», деген болатын. «Саммит жұмысын ұтымды, табысты ұйымдастыра білген Президент Н.Назарбаев бастаған Қазақ төрағалығына шексіз ризашылығымды білдіремін. Өйткені, ЕҚЫҰ-ның өмір сүру, сүрмеу болашағы осы саммиттің қорытындысына байланысты болып тұрған еді», – деген пікірлер де Астана саммитінің салмағын аңғартса керек.  
 Мемлекеттің сыртқы саясаттағы қадамдары туралы бірнеше томға жүк боларлық жетістіктер бар. Осы жылдар ішінде Қазақстанның ішкі әлеуметтік-экономикалық, рухани-мәдени дамуында іргелі өзгерістер орын алды. Тәуелсіздік жылдарында табысты жүзеге асқан бірнеше мемлекеттік бағдарламалардың барлығының авторы әрі бастамашысы Нұрсұлтан Назарбаев. 
Білімді, дені сау, рухы мықты ұрпақ тәрбиесі мемлекет дамуындағы  басым бағыт болып қалыптасты. Мемлекеттік бағдарламалардың шапағатын халық молынан көріп келеді. Мәселен, "100 мектеп, 100 аурухана” бағдарламасы үш ауысымдық білім ошақтарының мәселесін шешсе, "Таза су” тіршілік нәріне әр үйдің қолжетімділігін қамтамасыз етті. 
Мемлекет басшысы ұрпаққа сапалы білім беруді бірінші кезектегі басымдықтар қатарына қойып келеді. Білім берудің жоғары талаптарына сай келетін Назарбаев университетінің, Назарбаев интеллектуалдық мектептерінің  ашылуы, 20 жылдан бері  "Болашақ” бағдарламасымен шетелдерде кадрлардың дайындалуы үлкен жетістік. 
Қайсыбір жылдары Кеңес заманында қалыптасқан мектепке дейінгі білім беру желісінің үзіліп қалғаны жасырын емес. Балабақша ғимараттары талан-таражға түсіп, мектеп жасына толмаған жеткіншектер тәрбиесі біршама ақсады. Осындай сәтте Елбасы бастамасымен қолға алынған "Балапан” бағдарламасы  балалардың бақшада тәрбиеленуіне, мектеп табалдырығын аттағанда даярлықпен баруына жол ашты. Онымен қоса бала тәрбиесімен үйде отыруға мәжбүр ата-аналарының кәсіп істеуіне, жұмысқа орналасуына мүмкіндік туды. 
Тәуелсіздік жылдары жүзеге асқан "Мәдени мұра” мемлекеттік бағдарламасы қазақ даласындағы тарихи-мәдени ескерткіштерді қайта жаңғыртуға, шетел мұрағаттарындағы қазақ тарихына қатысты деректерді жинауға бағытталды. Түркі өркениетінің ордасы болған қазақ даласының түкпір-түкпірі мәдени мұраларға тұнып тұр. Ал мемлекеттік бағдарлама осы құндылықтардың болашақ ұрпақ игілігіне айналуына қызмет етуде. 
Еркіндікке қол жеткізгеніне бар-жоғы 22 жыл уақыт болса да,  тәуелсіз Қазақстан өз тарихының тағылымды сәттерін бастан кешті. Өткенге салауат айтып, болашаққа байыпты жоспар құрған елдің көші кемел келешекке бет алып барады. Өйткені елі Елбасына сенеді, Елбасы елінің ертеңін жарқын етуді  мұрат тұтады.
Гүлжазира ЖАЛҒАСОВА.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР / ҚОҒАМ 23 қараша 2013 г. 1 167 0