ЕЛ ЖҮРЕГІ – АСТАНА

ЕЛ ЖҮРЕГІ – АСТАНАБиыл Отанымыздың жүрегі –Астана қаласына17 жыл толғалы отыр. Тарих үшін қас-қағым сәт

болып саналатын қысқа мерзім ішінде қазақ елінің жауһар қаласы –Астана өз атын тәуелсіз мемлекетіміздің шежіресіне алтын әріптермен жазып үлгірді.

Иә, азат еліміздің тарихында қас-қағым сәтте бой көтеріп үлгерген бірден-бір ару қала осы Елордамыз ғана. Тарихқа көз жіберсек, әрбір мемлекеттің орталық қалалары халық тағдырында ерекше маңызға ие болып келгенін бағамдар едік. Қысқа мерзімде қасиетті қазақ жерінің қақ ортасында бой көтеріп, Алаш жұртының бағын жандырған Астана қаласының дамуы жас мемлекетіміздің тарихымен тығыз байланысты.

Сарыарқа төсіндегі өзендер бойы ежелден бір­­неше өркениет тоғысқан киелі өңір болып сана­лады. Арқа жерінде қала мәдениеті ежелден жо­ғары деңгейде дамыған. Осындай мәдениет оша­ғы болған Қараөткел тұсындағы ежелгі Бозоқ қаласы маңынан 1832 жылы әсери бекініс ретінде Ақ­­мола қаласының іргетасы қаланды. Ал, арада 166 жыл өткенде, яғни 1998 жыл азат еліміздің ас­­­танасы Алматыдан Арқа даласына көшірілді. Қазақ атты жас мемлекетіміздің астанасын ауыс­тыру, расында да, тарихи шешім еді. 1994 жылы 6 шілде күні Жоғарғы Кеңесте Елбасы Н.Назарбаев егеменді еліміздің астанасын әсем Алатау баурайынан Сарыарқа төсіне көшіру жөнінде көшелі ой айтқан-ды. Өздеріңізге белгілі, 90-жылдардың ор­тасында Елбасы Н.Назарбаев ешкім күтпеген жерден оңтүстікте орналасқан Алматы қаласынан рес­­публикамыздың қақ ортасына астананы ауыс­тыру туралы шешім қабылдады. Ұлы көш басталар тұста: «Біз Алатаудың бауырындағы Алматыға сыя алмағаннан емес, Алматыны қия алмай кетіп барамыз» деген бір ауыз жүрекжарды сөзі ел мен жер тағдыры үшін басын бәйгеге тігіп бара жатқан ер­дің жүрек лүпілі мен жауапкершілігіндей сезілері бар. Көп ұзамай Астана еліміздің экономикалық, саяси, мәдени өмірдің қайнаған ортасына айналды. Қазіргі кезде елорда халқының саны 900 мыңға жетті.

Астана қаласы өткен жылдар ішінде адам танымастай өзгеріп, жаһандық сәулет өнеріндегі бірден-бір қайталанбас «Ғасыр жобасына» айналды. Осылайша, Астананың басқа қалаға ауысуымен ұлт тарихының жаңа парағы ашылды. Кешегі Абылай хан заманында өз Отанын сыртқы жаудан қорғай білген қайсар халқымыз ерлік дәуірді басынан кешірсе, нақты кезеңде тәуелсіздік тұғырындағы еліміз теңдік дәуірде өмір сүріп келеді. Төрткүл дүниедегі кез келген елмен тереземіз теңесті. Әрине, қазіргі заманға сай Астананың көркін жаңа сәулеттік ғимараттар ашып тұр, олар қаланың ажарын танымайтындай етіп өзгертті. Нысандардың жобалауына шетелдік сәулетшілер мен алдыңғы қатарлы құрылыс компаниялары тартылды. Астананың жобалау базасының дамуына 2000 жылы құрылған жобалау институты - "Астана бас жоспары” МҚК-ның қосқан үлесі зор. 2002 жылы қолайлы ивестициялық ахуалды қалыптастырып, жеке инвесторларды тартуға жол ашқан "Астана – жаңа қала” арнайы экономикалық аймақты құру туралы Жарлық шықты. Елорданың бас жоспарын жасауына үлкен көңіл бөлінді. Ең үздік бас жоспарына екі конкурс жарияланды. Екінші конкурсқа Ресей, Италия, Жапон, Австралия, Германия, Түркия, Польша, Өзбекстан, Беларусь және т.б. елдердің шығармашылық топтары мен шеберлері қатысты.

Жеңіске әлемдік сәулет өнерінің шебері және танымал теоретик Кисё Курокава жетті. Астананы дамыту негізі етіп, сембиоз, метаболизм және абстракциялық символизм идеяларын алды. Жапон сәулетшісі үшін қала – бұл қоршаған ортамен тамаша үйлесіп жатқан жергілікті ландшафтқа көрік беріп тұрған тірі организм. Бұл идея Есілдің жағасында кең далада бой көтеріп келе жатқан Елордаға сәйкес келді. Құрылысшылардың алдына қаланы сәулетті, жарық, үйлесімді және ыңғайлы салуға тапсырмалар жүктелді. Қаланы салуда және оны қайта жаңартуда міндетті түрде әлемнің озық тәжірибелері мен дәстүрлі жетістіктер қолданылғанын айта кеткен жөн. Бірінші кезекте, қаланың бұрынғы орталық көшелерін қайта күрделі жөндеуден өткізу, оны елорда мәртебесіне сай жасау міндеті тұрды.

Қазіргі кезде Есілдің сол жағалауында 500 орын­дық балаларға және аналарға арналған рес­публикалық ғылыми орталық, 300 орындық балалар сауықтыру орталығы, 160 орындық нейро­хирургиялық республикалық орталығы, 240 орындық жедел медициналық орталығы, бірінші кезекте 500 адамды қабылдай алатын диагностикалық орталық, сонымен бірге велотрек, 30 мың көрерменге арналған стадион және 3500 адамға арналған концерт залы және көптеген тұрғын үйлер және т.б. бой көтеріп келе жатыр. Осыдан бірнеше жыл бұрын ғана Астананың картасында «Ақорда» ҚР Президентінің Резиденциясы, Парламент Сенаты мен Мәжілісі, Транспорт және коммуникация министрлігі, Сыртқы істер министрлігі, Жоғарғы сот, Ұлттық кітапхана, Кардиологиялық орталық, тағы да басқа көптеген стратегиялық маңызы бар нысандар пайда болды. Көп ұзамай тағы бір маңызды әкімшілік орталық – Министрліктер үйі пайдалануға берілді. Аталған нысанның жалпы аумағы 228 мың шаршы метрді құрайды. Нысан құрылысы шамамен 1,5 шақырымды қамтиды. Онда 20 блок бар. Министірліктер үйінде жұмыс кабинеттері және офистік бөлмелермен қатар 4 конференция залы, 6 асхана, мұрағат, мұражай, емхана орналасқан.

Қас-қағым сәтте адам айтқысыз тез өсіп келе жатқан Астана саясаттанушылар, әлеуметтанушылар, қоғамтанушылардың және сәулетшілердің де қызығушылығын оятып отыр. Сондықтан да болар елордада бой көтерген жеке нысандарға шетелдік сәулетшілер де өзінің үлесін қосуда. Мысал үшін, британдық шебер Норман Фостердің екі жобасын алуға болады. Біріншісі, Бейбітшілік пен ынтымақтастық сарайы және "Хан шатыры” атты сауда ойын-сауық орталығы. Бұл нысан ұлы көшпенділердің озық дәстүрі мен мәдениетін негізге ала отырып бой көтерді.

Бейбітшілік пен ынтымақтастық сарайы 25 қабаттан тұрады. Оның жалпы көлемі 25,5 мың шаршы метр. Астанадағы бейбітшілік пен ынтымақтастық сарайы сияқты архитектуралық наным нысандары бүкіл әлемде жоқ. Әрине әртүрлі діни дәстүрлерді бір шаңырақтың астына жинайтын ғимараттар бар, дегенмен, Қазақстан храмының олардан айырмашылығы – өзара келісім аясында тиімді сұхбат құруға арналған бір ғана алаңқай. Бұл жерге әртүрлі әлемдік діни дәстүрлердің өкілдері қатысатыны, Мәдениет мұржайында, Өркениет Университетінде, 1500 орындықты опера театрында бас қосатыны ақылға қонымды.

Иә, келешекке қол созған елордамыздың картасында осындай бірегей сәулеттік құрылыс нысандары пайда болуда. Мәселен, Президенттік мәдени орталығы, Ислам мәдени орталығы, еркіндік пен елдіктің символына айналған «Бәйтерек» кешені, «Атамекен» этномемориалдық паркі, «Думан» ойын-сауық орталығы және цирк ғимараты, он мың орындық «Сарыарқа» велотрек кешені, ұлтаралық ынтымағымызды әйгілейтін Бейбітшілік пен келісім сарайы, «Қазақ елі» монументі, Тәуелсіздік сарайы, «Нұр Астана» мен «Әзірет Сұлтан» мешіттері, «Астана-Арена» стадионы, Ұлттық академиялық кітапхана мен Ұлттық мұрағат, Парламент және Үкімет үйлері – бәрі-бәрі сәулетімен Сарыарқаға сән беріп тұрған ерекше ғимараттар. Олар бүгінде елордамыз бен Отанымыздың символына айналып үлгірді.

Бүгінде Астана – еліміздің экономикалық, саяси-мәдени өмірінің қайнаған ортасына айналды. Соңғы 10-15 жылдан бері әлемдік деңгейдегі түрлі басқосулар ару қала Астанада өтіп келеді. Ұлы тарихтың осы бір жүгін лайықты көтере білген Елордамыздың бүгінгі күні айдай әлем алдындағы жүзі жарқын, мерейі үстем, абыройы асқақ екендігі тағы бар. Қазірде жиі айтылып жүрген Астана – Елбасының ерлігі деген баға өте орынды. Астана қаласымен аспандаған дүние алдындағы абыройымыз және де осы бір жарқын да үстем мерейіміз үшін біз ең әуелі бір адамға – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевқа алғысымызды айтар едік. Өйткені, XXІ ғасырдағы қазақ елін, ата-бабаларымыз үшін ғасырлар бойы арман болған тәуелсіздігімізді, бүгінгі Астанасыз көз алдыңызға елестету қиын.

Бүгінде елорда әлемнің 20-ға жуық елдері мен Ресейдің 7 аймағымен достық қарым-қатынаста. Астана үлкен қалалар мен Халықаралық астаналар Ассамблеясына кірген. 1999 жылы ЮНЕСКО-ның шешімімен Астанаға, ең жоғары белгілердің бірі "Бейбітшілік қаласы” деген атақ берген болатын. Дәл қазіргі кезде әлемнің белгілі сәулетшілерінің қатысуымен Елбасының төрағалығымен құрылысшылар кеңесін құру мәселесі шешіліп жатыр. Осы жылдың қыркүйек айында елордада скульпторлардың халықаралық симпозиумы өтеді.

Астана – әлемнің үздік астанасы болу үшін өзінің алдына нақты міндеттер мен мақсаттар қойды. Сәулеті мен дәулеті асқан ару қала өзінің мақсаттарына жету үшін жұмыс істейтін болады. Ендеше, бабалар рухын қастерлеудің үлгісіндей, баянды болашақтың ордасындай Сарыарқаның төрінде орын тепкен ару қала Астанамыздың туған күні құтты болсын, мәртебесі биіктей берсін!

 

Дәуіржан ЕЛУБАЕВ.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 02 шілде 2015 г. 3 499 0