
Санамызға сіңген дәстүрлі оқыту жүйесінде сабақ үдерісі кезінде мұғалім уақыттың көп бөлігінде өзі сөйлеп,оқушының жеке қасиеттерін ашуға уақыт тығыздық ететін. Сабақ қызықсыз пәндерді терең білуге оқушының сыныппен байланысында зерттеуге уақыт аздық ететін. Жеке жұмыстар атүсті жүргізілетін, ең бастысы мұғалім өзіне берілген жоспардан қалып қоймауға тырысатын. Әр баланы өзіндік ерекшелігі бар бір әлем дейтін болсақ, сол әлемді толық тануға мүмкіндік аз еді. Өзіне назар аударылмағаннан кейін бала да пәнге деген қызығушылық төмендей береді. Кеңестік білім жүйесінде коммунизм идеясы басым болса,тәуелсіздік алған алғашқы жылдары білім жүйесі әртүрлі реформалардың ошағы болды. Бұрынғы оқыту технологиялары заман талабына толық жауап бере алмады.
Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев тәуелсіздік алған кезден бастап экономиканы дамыту үшін қазақ елін әлемге таныту жолында білімді ұрпақтың маңызды рөлге ие екендігін баса айтты. «Болашақ» бағдарламасы арқылы әлемнің дамыған жоғары оқу орындарына іріктеу арқылы қазақ жастарын білім алуға жыл сайын мемлекет есебінен аттандырды. Осы оқу орындарын ойдағыдай тәмамдаған әрбір жас қазақ елінің даму жолында еңбек етуде.
Орта білім жүйесінде «Назарбаев зияткерлік мектебі» мен Ұлыбританияның Кембридж университетінің біріккен бағдарламасы өмірге келді. Бұл жобаның өмірге келгеніне көп уакыт өткен жоқ бірақ оның нәтижесі қазірдің өзінде көңіл қуантады. Сөзіміз жалаң болмас үшін осы бағдарлама туралы бір-екі ауыз сөз етейік. Кембридж бағдарламасы сындарлы (конструктивті) оқыту теориясы деп аталады. Ол 7 модульді қамтиды. Атап айтқанда, сыни тұрғыдан оқыту технологиясы, оқудағы көшбасшылық, дарынды оқушымен жұмыс,оқытудағы жаңа әдіс-тәсілдер, бағалау, ақпараттық технологиямен жұмыс, оқушылардың жас ерекшелігіне қарай оқыту деп аталатын модульдерді қамтиды. Бұл модульдердің көбі бұрыннан бар технологиялар. Батыс елдерінде сыннан өтіп өзінің маңызды екенін дәлелдеген бағдарлама. Қазақ елінің білім саласына жаңа жетістіктер әкеледі деген сеніммен қолданысқа енгізілді. Бұл бағдарламаны еңгізу үшін алдымен орта мектеп мұғалімдерін біліктілік деңгейлеріне қарай үш топқа бөлді. І деңгей: Астана қаласында оны бітіріп, арнайы куәлік алғандардың айлық жалақысы 100 пайызға көтерілді. ІІ деңгей Алматы қаласында 70 пайыз, ІІІ деңгей облыс орталықтарында 30 пайызға көбейтіліп отырады. Бағдарламада негізгі идея оқушылардың ойлау қабілетін ашып топпен жұмыс істеуге көшбасшылыққа ұмтылуға, өзіндік ізденіске ден қоюға негізделген.
Бағдарлама курсын бітірген ұстаздар өздері ғана емес, өзге әріптестерін де оқытуға, үйретуге құқылы. Яғни, тәлім алушы арқылы өзге мұғалімдерге жаңашылдықты таныстырады. Білу-түсіну-қолдану-талдау-жинақтау-бағалау жүйесі арқылы балаларға білім нәрін себеді. Мұғалім бағыт беруші рөлінде, ал оқушылар ізденушілер. Әр сабақта жаңашылдық танытып тек оқулықпен шектелмей, өзге де ақпарат құралдарын пайдаланып пәнді терең түсінеді. Әр оқушының қабілетін ұштауға мүмкіндік мол. Бағдарлама негізінде әр оқушы зерттеушілікпен айналысады сол арқылы көп нәрсені білуге ұмтылады. Оқулықтағы мәтінді өмірмен байланыстыра отырып өмірге деген құштарлығын арттырады.
Ұстаздар қауымына біліктілік арттыру курстары алғашқы кезде Англиядан келген тренерлермен ұйымдастырылса қазіргі кезде әр облыс орталықтарындағы «Өрлеу» біліктілік арттыру өңірлік орталығының филиалдарында жүзеге асуда. Бұл курстарды Англияда тәжірбиеден өткен жергілікті ұлттық тренерлер жүзеге асыруда.
Қандай жаңалық болса да, қоғамда алғашқы кезде әртүрлі көзқарас болады жаңа дүниеге тосырқап қарайтындарда табылады. Дәстүрлі оқытуға үйренген кейбір мұғалімдер бұл бағдарламаны толық түсінбей жатыр. Ол заңды. Сындарлы оқыту технологиясы оқушымен қатар мұғалімнің үнемі ізденісте болуын талап етеді. Ізденуін тоқтатқан мұғалім артта қалып қояды.
Әлем өзгеруде, мен де өзгеремін қағидасын ұстанған сындарлы оқыту теориясы бүгінгі күннің талабына толық жауап беретін бағдарлама. Көптің көңіліндегі күмәнді сұрақтарды толық серпіп өзінің мазмұндылығын дәлелдеп келе жатқан жүйе.Қазақстанды қамтыған деңгейлік курстардан арнайы тест арқылы куәлік алады. Осы куәлікке ие болғандар өз мектептерінде жаңаша негізде сабақ өтеді.Курс таңдаушыларының деңгейі бойынша Қызылорда облысы ұстаздары біліктілік арттыру курстарының ішінде республикада екінші орын алады. Мұның өзі Сыр бойы ұстаздарының жаңашылдықты тез игергендігін аңғартса керек.
Мақсат ОРЫНБАЕВ,
№166 орта мектеп мұғалімі.
Жаңақорған ауданы.