“ШАЛҚИЯНЫҢ” ШАЛҚИТЫН КЕЗІ КЕЛЕДІ

“ШАЛҚИЯНЫҢ” ШАЛҚИТЫН КЕЗІ КЕЛЕДІШалқия десе Сыр жұртшылығы елдеңдесе қалады, кезінде өндірісі қыж-қыж қайнаған бағалы кен байлығы – мыс пен мырышты шет елдердің түкпір-түкпіріне жөнелтіп жататын-ды. Жаңақорған ауданы орталығының түстік беткейін ала тау бөктері етегіне орын тепкен қалашық кезінде он мыңнан астам тұрғынды шоғырландырды. Айлығы да жоғары, әлеуметтік қамқорлық аясы да кең болатын. Ол кезеңнен бері де талай уақыт өтті, мұнда да көптеген өзгерістер орын алды. Баяғы еңбек көрігі күні-түні тынбай соғылатын жерде қайбір жылдары сыртқы байланыстардың үзілуіне орай жым-жырт тыныштық орнады. Жұрт жапа-тармағай басқа жерлерге ауа көшті.

Сол атақты «Шалқия» кенішінің қайта дүр сілкінетін, түлейтін мерзімі де жақын секілді. Облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың іскерлік байланыстарды нығайту тұр­ғы­сын­дағы ізденісі салаға қатысты лауазымды тұлғаларды Шалқияның басында жиі-жиі кездестіріп, оңтайлы шешім қабылданды. Сонымен «Шалқия Цинк ЛТД» деп аталынатын жаупкершілігі шектеулі серіктестігі 2014 жылдың ортасынан бері «Тау-Кен Самұрық» компаниясының карамағына өтіп «Шалқия Цинк ЛТД» АҚ болып қайта құрылды.

Қазіргі уақытта кенішті қайта іске қосуға қажетті жұмыстар жүргізілуде. Бар нәрсе мен енді керек заттар есепшотқа салынып, жос­пар жасалынды. Алғашқы кезектегі мамандар жұмысқа тартылып, ондағы жұмысшы- қызметкерлердің саны 248 адамға жетті. Келешекте мұнда мырыш пен мысты өндірумен қатар кен байыту фабрикасы да салынады деп күтілуде. Жобаның жалпы құны 85 млрд теңге. Кеніш толық қуат күшімен іске қосылып, қапталдаса кен байыту фабрикасы дайын өнім шығара бастағанда бұл жерде 1540 адам жұмыс істеп, нәпақа айырады. Бұл Мемлекет басшысының жаңа жұмыс орындарын ашу, оған жергілікті тұрғындарды қамту және ең бастысы бағалы кен байлығын игеру тұрғысындағы тапсырмасы бірлесе қолға алынады деген сөз. Сөз басында айтып өткеніміздей, жамағаттың Шалқия десе елеңдесе қалатындығы сондықтан да. Қаперге сала кетейік, кен байыту фабрикасының жылдық қуаты 4,0 млн тонна, оның үстіне жыл өткен сайын мұндағы табыс еселене бермек. Нақты кезеңде жаңа технологияны іске қосу тұрғысындағы дайындық жұмыстары қызу жүргізіліп жатыр. Өйткені, замана талабы осындай, өткен күннің тәжірибесі жаңаша көзқарасты қалайтындығы анық.

«Шалқия» кеніші жұмысының жандануы осындағы елді мекендердің әлеу­мет­­тік-экономикалық дамуын өрістетіп, тұр­ғындардың да жағдайын жақсарта түсе­тіндігі сөзсіз. Әсіресе, кеніш жұмысының тоқтатылуына байланысты кәсібіне сай жұмыс іздеп, алыс қиырларға кетіп қалған мамандар қатты қуанулы. Олардың бірсыпырасы елге оралып, өз кәсіптеріне сай жұмыстарға да орналасып жатыр. Кеніш жұмысының қайта қозғалысқа түсуі барысында Шалқия кентінің де әлеуметтік жағдайы дұрыс жолға қойылады деген үміт бар. Қазір кеніш пен Жаңақорған арасын жалғастырып жататын асфальт жолдың және кенттің ішкі жолдарыныңкүрделі жөндеуден өткізілетіндігі сөз етілуде. 15 гектар жерге вахталық тәсілде еңбек ететін жұмысшы-қызметкерлер тұратын шағын қалашық құрылысы жоба аясында жүзеге аса бастауы тиіс деп күтілуде. Шалқия ауылдық округіне қарасты тағы бір елді мекен Құттықожа ауылы аралығындағы 3 шақырымдық күре жолда жақын арада асфальтталуы тиіс. Осы елді мекендегі бұрынғы ескі мектеп үйін балабақша үшін қайта реконструкция жасау жұмысы да кезек күтіп тұр. Ауыл тұрғындары да бірыңғай өндіріс орнына қарай алақан жая бермей, өздерінен шыққан кәсіпкер азаматтардың да елді мекеннің түтіні түзу ұшуына көмек береді деп отыр. Мәселен, жергілікті кәсіпкерлер тұрғындарға қажетті монша салуды қолға алмақшы.

Шалқияға ел Үкіметі тарапынан кең қолдау білдіріліп келеді. Осындағы мектеп оқушыларының жазғы тынығу орны – «Тау самалы» лагері бұл күндері замана талабына сай қайта жаңғыртылды. Сол секілді өкпе ауруларын емдейтін санаториясы да кеңейтіліп, қолдауға ие. Құттықожа ауылында екі қабатты жаңа мектеп ғимараты биылғы жылы пайдалануға берілсе, спорт алаңқайы да балалардың қуанышын еселей түсуде. Сол секілді 256 номерлік АТС та қалыпты жұмыс істеп тұр.

Иә, жалпы алғанда үш мыңнан астам тұрғыны бар Шалқия мен Құттықожа елді мекендері қайта жаңғырып, жайнай түсетіндігі сөзсіз.

 

Нұрмахан ЕЛТАЙ.

Жаңақорған ауданы,

Шалқия ауылдық округі.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 30 маусым 2015 г. 1 260 0