« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың бес институттық реформасын жүзеге асыруға бағытталған 100 нақты қадамы ел тарапынан зор қолдауға ие болғандығы баршаға мәлім. Болашақ бағдарына айналған бұл қадам индустриялық өзгерістер бастауы – жаңа технологиялар өрісін кеңейте түсері сөзсіз. Оның «жасыл экономиканы» жүйелі енгізумен сабақтас екендігіне де күмән жоқ.
Бұл ретте қай елде «жасыл экономика» болса, соның қолында жаңа технологиялардың қарыштап өсеріне мүмкіндік мол деген сөз. Ақпараттардан белгілі болып отырғандай, қазіргі таңда әлем елдерінде қуат көздерінің тапшылығы байқалуда, әлемнің озық елдері энергияны күн, жел сияқты табиғи көздерден алуға көше бастады. Елбасы атап көрсеткеніндей, болашақта бүкіл әлем «жасыл» технологияны» тиімді қолдану арқылы алға жылжитын болады.
Еліміз енді осы салада сөзден іске кірісу кезеңіне көшті. Қазақстан Үкіметі бекіткен2020 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспарына сәйкес, баламалы энергия көздерінің үлесі 2015 жылға қарай 1,5 пайызға, ал 2020 жылы 3 пайызға жетуі тиіс. Табиғи ерекшеліктеріне байланысты Қазақстанда бес бірдей жел энергиясы орталығы құрылмақ. Осы жетістіктің арқасында жел энергиясының үлесі сол кезде 1 пайызға жетсе, 2030 жылға дейін бұл көрсеткіш 4 пайызға көтеріледі деген болжам бар. «Қазақстан – жел энергиясы нарығын дамыту бастамасы» атты жобаның аясында бүгінге дейін өкпек желі бар 15 аймаққа зерттеу жүргізілген екен. Соның нәтижесі негізінде, мамандар өз тұжырымдарын жасап қойды, яғни Оңтүстік Қазақстан, Алматы, Жамбыл, Каспий бойы мен Ақмола облысы, сондай-ақ, Астана да жел энергиясына қолайлы. Бір атап өтерлігі, энергия өндірудің мұндай көздері уақыт өте келе аймақтағы электр тапшылығының 40 пайызын жабатын көрінеді. Шындығында бұл жоба әрі бюджет қаржысын үнемдеуге, әрі өңірдегі энергиятапшылығын шешуге мүмкіндік береді.
Сыр өңірінде жоғарыда айтылған міндеттерге сай баламалы қуат көзін өндіретін алғашқы станциялардың қазықтары қағылып, іске кірісе де бастады. Осы шаруаны жүзеге асыруға ниет білдірген Германиядан келген кәсіпкерлер наурыз айының ортасында Жаңақорған ауданына арнайы келіп, өз жоспарлары мен мақсаттарын таныстырып кеткендігінен оқырмандарымызды хабардар еткен болатынбыз. Бұл шаруа нақты кезеңде қандай дәрежеде? Осы сауалға Жаңақорған ауданы әкімінің орынбасары Ғалымжан Сопыбеков мынадай деректерді келтірді:
– Алдағы жылдары индустриялық-инновациялық дамудың екінші бесжылдығында ауданымызда жел-күн электр станциясының бірнеше инвестициялық жобаларын іске асыру жоспарлануда. Нақты уақытта германиялық кәсіпкерлер келіп, болашақ станцияның орналасатын жерін белгілеу және де оның зерттеу жұмыстарын жүргізуде. Алдағы уақыттарда сметалық жобасы жасалынып, бекітіледі, – деді.
Бұрыннан да белгілі болғанындай, Жаңақорған ауданы орталығы маңынан салынатын 50 мВт болатын күн электр станциясын әуелі «ВАS ENERGY» ЖШС орналастырады. Осы жобаны жүзеге асыруға шетелден келген білікті мамандар өз үлестерін қосуға әзір. Сондай-ақ, «Жаңақорғанэнерджи» ЖШС да осы көлемдегі қуатын күн көзінен алатын қондырғы салуға ықылас білдіріп отыр. Ал «Global Energy Company» аталатын ЖШС Шалқия мен Жайылма елді мекендерінің аралығындағы Жанбай өңірінде қуаты24,94 МВт жел күн станциясының инновациялық жобасын қолға алып жатыр. Сол секілді «Южшахтастрой» серіктестігі қуаты 75 МВт жел электр қондырғысын орналастыруға бел байлап отыр.
Аудан әкімдігіндегі мамандарға сүйенсек, алдағы уақыттарда мал шаруашылығымен шұғылданатын шаруа қожалықтарын қуатын күн көзінен алатын шағын тақталар арқылы қамтамасыз ету жолдары да қарастырылып жатқан көрінеді. Мұның нақты дәлелін тау бөктерінде орын тепкен «Тоқтамыс» шаруа қожалығының тәжірибесінен аңғардық. Шопандар тұрғын үйлерін электр қуатымен қамтамасыз етіп, құдықтан су тартуға да соны пайдаланып отыр. Шаруашылық техникаларына қажетті дәнекерлеу жұмыстары да арзан табиғи қуат көзі жүзеге асырылып жатыр. Расында, мұндай қондырғылар елден жырақтау орналасқан шаруалар үшін барынша қолайлы болмақ. Демек, Елбасының «жасыл экономика» тұрғысындағы тапсырмасы жер-жерде қолдау тауып, жүзеге аса бастағандығына сүйсінеміз.
Нұрмахан ЕЛТАЙ.
Жаңақорған ауданы.
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |