« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Үстіміздегі қой жылы Шиелі ауданының диқандары Сырдың төл дақылы – күріштің көлемін күрт өсірді. Былтырғы жылмен салыстырғанда 2 мың гектарға шарықтатып, 10500 гектарға жеткізіп отыр. Ешқандай үгіт-насихатсыз, жалынып-жалбарынусыз, шаруашылықтардың өз ынтасы бойынша, өздігінше. Бұл сонау кеңестік кездегі жоспарлы экономикалық көрсеткішінің араға ширек ғасыр барып қайталануы. Оның басты себебі Қазақстан Үкіметінің қолдауына деген сенімінің нығаюына байланысты болса керек. Мемлекет күріштің әр гектарына тиісті тәртіп бойынша субсидия төлесе, сонымен қатар дақылды үстеп қоректендіру үшін минералды тыңайтқышты да жеткілікті қамтамасыз ете алады. Расында, егін көлемінің артуының басты себебі егінші қауымның дербес жұмысқа төселуімен қатар жылдағыдай емес, аяқсудың мол болатындығына сенім артқандығынан деп түсінген жөн болар. Өйткені, облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың іскерлік байланыстарды нығайтып, Шиелі ауданының бас сағасы тұсынан үрлемелі су тоспасы құрылысын ерте көктемнен жедел бастатқызды. Былтырғы жылы небәрі 100 мың теңгесі ғана игерілген осынау маңызы зор үрлемелі су тоспасының құрлысы «Қазсушар» РМК Қызылорда филиалының күшімен жедел жүргізіле бастады. Сол мерзімнен бастап, аймақ басшысы алып құрылыс басына екі рет келіп, нақты жағдаймен жете танысты. Тиянақты тапсырмалар берді.
– Үрлемелі су тоспасының жұмыстары екі ай ішінде өте қарқынды жүргізілді. Нақты уақытта жалпы жоспарланған жұмыстың 85 пайызы орындалып отыр. Атап айтар болсақ, қазан шұңқыр жасау барысында76 мың текше метр топырақ алынса, су жүретін айналма кіріс-шығыс каналдары да талапқа сай қазылды. Сонымен бірге, бетондау, скважина қазу жұмыстары да өз дәрежесінде орындалды. Ауылшаруашылығы министрлігінің құзырындағы барлық қажетті техникалардың өңірімізге әкелініп, жұмыс жасауы біздегі құрылыстың жылдамдатылуына әрине игі әсерін тигізді, – дейді осындағы учаске бастығының орынбасары Диқан Әубәкіров бізбен әңгімесінде.
Алдыңғы жылы Жаңақорған ауданы осы игілікке қол жеткізгендігі бұқаралық ақпарат хабарларынан белгілі. Оның игілігін көру кезегі енді оңтүстіктегі екінші аудан Шиеліге тиесілі болмақ.Жалпы сметалық құны 1 млрд. 600 млн теңге тұратын үрлемелі су тоспасының жұмысы бір ай көлемінде шаң беруі тиіс. Сонда диқан қауымының үміті ақталып, дария суы таяздана бастайтын шіліңгір шілдеде су тапшылығы болмайды деп күтілуде. Жалпы егіншілер күріштен өзге дақылдарды да былтырғыдан молырақ жерге тастады. Олардың да көңілдегідей өнім беруіне аяқсудың мол болуы оң ықпалын тигізетіндігі анық.
– Жұмыс барысына сай ауданымыздағы елді мекендерді жиі аралаймыз, сонда тұрғылықты халық саға басындағы үрлемелі су тоспасының жай-күйін жиірек сұрап, осы бастаманы дер кезінде жалғастырған аймақ басшысы Қырымбек Елеуұлына алғыстарын білдіріп жатады. Бұл ауызбірліктің, ынтымақтаса жұмыс атқара білудің белгісі деп түсінемін. Облыс әкімі жұмыс сапарымен алыс ауылдарды да аралап, ондағы тұрғындардың өтініштеріне жиі назар аударады. Кей мәселелерді ат үстінде жүріп те шешіп беріп жатады. Соның – бірі осы өзіміз басында тұрған үрлемелі су тоспасының құрылысы. Міне, оның пайдасы көпке тигелі отыр, – дейді Шиелі аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Мұқабай Мақаш бізбен әңгімесінде.
Иә, суы молдың ісінде тапшылық болмауы тиіс. Көпшілік көптен күткен Шиелідегі үрлемелі су тоспасы қажетті ағын суды егіс алқабына жүйелі жіберіп отырса, өңін желге қақтырған егіншілер молшылыққа кенелеміз деп отыр.
Нұрмахан ЕЛТАЙ.
Шиелі ауданы.
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |