« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Соңғы жылдары Сыр өңірі барлық сала бойынша қарқынмен дамуда. Әсіресе, өңірдің бас қаласы тұрғын үй құрылысында бетбұрысты кезеңді бастан өткізуде. Кейінгі 3 жылдың бедерінде жаңа тұрғын үйлер мен заманауи нақыштағы нысандардың облыс орталығында көптеп бой көтеруі осының дәлелі.
Қаладағы бұрынғы Ипподром аймағында 50 пәтерлік 6 тұрғын үй пайдалануға беріліп, баспаналы болғандар шаттыққа кенелді. Қызылордалықтардың қуанышына облыс әкімі Қырымбек Көшербаев пен «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ басқарма төрағасы Қуандық Бишімбаев ортақтасты. Айта кетейік, осы күні облыс орталығында тағы 12 тұрғын үйдің іргетасы қаланды. Демек, жыл соңына дейін пәтер кезегінде тұрған мыңға жуық жан баспаналы болады деген сөз.
Нақты кезеңде облыс орталығында әсем тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандар, әсіресе жаңа тұрғын үйлер көптеп салынуда. Бұл Сыр өңірінің болашағы зор, әлеуетінің қуатты екендігін көрсетеді. Осы орайда Елбасының «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты Жолдауынан туындаған басым бағыттардың бірі – «Нұрлы жол» экономикалық саясаты шеңберінде «Бәйтерек» холдингі жалға берілетін әлеуметтік тұрғын үйлердің құрылысын жоғары қарқынмен жүзеге асырып жатқанын айрықша атап өткеніміз жөн.
Бүгінгі таңда аталған холдинг Қазақстанның барлық өңірінде «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру жөніндегі жұмыстарды кезең-кезеңімен жүргізуде. Осы бағдарлама іске асырыла бастағалы еліміздің барлық аймақтары мен қалаларының тұрғындары көптен күткен баспанаға қол жеткізуде. Соның бір айғағы бейсенбі күні баспаналы болған 300 қызылордалықтың қуанышы. Осы шарада облыс әкімі Қ.Көшербаев пен «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ-ның басқарма төрағасы Қ.Бишімбаев пәтер иелерін қоныс тойларымен құттықтап, баспана кілтін салтанатты түрде табыстады.
– Бүкіл әлемді шарпып отырған экономикалық дағдарысқа қарамастан елімізде «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы жүзеге асырылуда. Бүгін біз Елбасының, Үкіметтің тапсырмасына сәйкес тұрғын үй құрылысының нақты іске асырылып жатқанына куә болып отырмыз. Бұл – бағдарлама халықтың, әсіресе, аз қамтылған азаматтар мен жас отбасыларының баспанаға деген сұранысын қамтамасыз етудің бірден-бір жолы. Міне, қызылордалық жаңа пәтер иелері бүгін «Нұрлы жол» бағдарламасының алғашқы жемісін көріп отыр. Ал алдағы жаңа оқу жылында осы ауданда 900 орындық жаңа мектеп пен балабақша қолданысқа беріледі, – деген аймақ басшысы Қызылорда қаласының дамуына, оның ішінде әлеуметтік ең маңызды мәселелердің бірі – тұрғын үй құрылысының артуына көрсеткен қолдауы үшін «Бәйтерек» АҚ-ның басқарма төрағасы Қуандық Бишімбаевқа өзінің алғысын жеткізді.
Өткен жылы облыста 29 мың шаршы метр баспана (43 көпқабатты үй) қолданысқа берілсе, бір жыл ішінде оның көлемі 10 есеге артқалы отыр. Осы жылдың соңына дейін 110 мың шаршы метрді құрайтын тұрғын үй пайдалануға берілмекші. Бұл 2406 азамат баспаналы болады дегенді білдіреді. Ал жыл соңында Ғ.Мұратбаев көшесінің басынан Сырдария өзенінің үстінен өтетін автомобиль көпірі салынып біткенде солтүстік жағалауды игеру ісі қолға алынады. Демек, 90 мың халық тұратын жаңа қала құрылысы 2016 жылдың көктемінде сол жағалауда басталады. Мұның бәрі Қызылорданың болашағы зор екендігін, Сыр бойының салтанаты күн санап айшықталып келе жатқанын айғақтайды. Елбасының тапсырмасымен аймақта жүзеге асырылып жатқан іргелі істер облыс тұрғындарының жүрегіне қуаныш ұялататыны хақ.
Пәтер кілттерін табыстауға арналған шарада аталған холдингтің елдегі халықтың қалың тобын жалдық сипаттағы баспанамен қамтамасыз ету ісіне кіріскенін атап өткен «Бәйтерек» АҚ басқарма төрағасы Қуандық Бишімбаев қоныс иелерін қуаныштарымен құттықтап, «Нұрлы жол» экономикалық саясаты шеңберінде елімізде тұрғын үй құрылысының қарқыны еселеп артқанын жеткізді.
– Бүгін біз 300 пәтердің кілтін табыстап отырсақ, жыл соңына дейін осы «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында тағы мыңға жуық пәтер пайдалануға беруді жоспарлап отырмыз. Қазір тағы жаңа тұрғын үйдің құрылысын бастамақпыз. Бұл – кезекте тұрған азаматтар жақын арада қоныс тойын тойлайды деген сөз. Қуаныштарыңыз құтты болсын! – деген басқарма төрағасы бүгін тағы 12 тұрғын үйдің іргетасы қаланатынын айтты.
Төрағаның айтуынша, Қазақстан бойынша жыл соңына дейін 192 млрд теңгеге 7 млн пәтер салынып, пайдалануға беріледі. Салтанатты шара соңында жаңа қоныс иелері алғысын жеткізсе, соғыс және еңбек ардагері Тәнеш Оразов ақ батасын арнады. Ал, соңғы бірнеше жылдан бері баспана жалдап, пәтер жағалап жүрген тұрғынның бірі Самат Бижанов бүгін екі бөлмелі пәтерлі болғанына өте қуанышты. Елбасының «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында өзі секілді баспанасыз жүргендердің үйлі болғанын білдірген қала тұрғыны ел ағаларына риясыз алғысын жеткізіп жатты.
Мұнан соң аймақ басшысы бастаған топ «Арай-2» шағын ауданында, өзен жағасында салынып жатқан тұрғын үйдің құрылыс жұмысымен танысты. Нақты кезеңде құрылыс алаңында 300 жұмысшы еңбек етуде. 280 пәтерден тұратын бұл көпқабатты үй қоңыр күздің басында пайдалануға берілмекші. Күн санап ажары артып келе жатқан шаһарға «Арай» шағын ауданы өз сәулетімен үлесін қоспақ. Мұнан соң облыс әкімі мен мәртебелі мейман Желтоқсан көшесінің бойынан салынып жатқан 70 пәтерлік тұрғын үйдің құрылысына келді. Аталған тұрғын үй 4 мың шаршы метрді құрайды.
Қызылорда қаласында салынатын тұрғын үй құрылысына ұлттық қордан 2,1 млрд теңге қаражат бөлінгенін, мұнан өзге осы бағытқа ұлттық компаниялар мен жеке инвесторлар арқылы қаржы көздері тартылып жатқанын да айта кетейік. Мәселен, бүгінгі таңда бізде «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ қаржысына 22 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Ал «Самұрық-Қазына» жылжымайтын мүлік қоры» АҚ арқылы 6 тұрғын үйдің, осы акционерлік қоғам мен «Әсем-Астана құрылыс» ЖШС бірлесіп 7 тұрғын үй мен 2 апаттық үйдің құрылысын жүргізуде.
Жалпы, Қызылорда қаласы бойынша жыл соңына дейін көлемі 166,8 мың шаршы метрді құрайтын 50 тұрғын үйдің (2560 пәтер) құрылысы аяқталып, пайдалануға беріледі. Мұнан бөлек, «Асархолдинг», «Сарбұлақ» ЖШС-лары, «Ер-Ару-2» тұрғын үй кешені, «Жұлдыз-құрылыс-Инвест» ЖШС және «МИК» ЖШС секілді жергілікті инвесторлар есебінен 2 млрд 131 млн теңгеге көлемі 22 мың 60 шаршы метрді құрайтын көпқабатты 5 тұрғын үйдің (202 пәтер) құрылысы жүргізілуде.
Сонымен бірге, «Самұрық-Қазына» жылжымайтын мүлік қоры» арқылы салынатын 17,2 мың шаршы метр тұрғын үйдің құрылысы қазір қарқынды жүргізілуде. Яғни, З.Шүкіров көшесінің бойынан 210 пәтерлі 35 тұрғын үй салынуда. Айта кетейік, облыс әкімі Қ.Көшербаев, «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ-ның басқарма төрағасы Қ.Бишімбаевтың қатысумен осы күні он екі тұрғын үйдің құрылысы басталып, олардың іргетасы қаланды.
Жаңа баспаналар, жоғарыда атап өткеніміздей, «Шұғыла» шағын ауданы Шүкіров көшесі бойынан және «СПМК-70» тұрғын ауданында бой көтереді. Шүкіров көшесі бойындағы бес қабатты 4 тұрғын үйдің құрылысын осы жылы аяқтау жоспарлануда. Жалпы ауданы 13 500 шаршы метрді құрайтын тұрғын үйде 230 отбасы қоныс тойын тойлайтын болады. Сондай-ақ, «СПМК-70» тұрғын ауданында бір 40 пәтерлі, үш 50 пәтерлі және үш 60 пәтерлі тұрғын үй құрылысы басталды. Тұрғын үйлерді 2015 жылдың желтоқсан айында пайдалануға беру жоспарланып отыр. Осылайша, Елбасының тапсырмасы бойынша бүкіл елімізде 2005 жылы басталған мемлекеттік тұрғын үй құрылысы бағдарламасы «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасына ұласып, еліміздегідей алты Алаш жұртының киелі мекені атанған Сыр бойының бас қаласында да қарқынды жүргізілуде.
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |