Белгілі журналист Айғали Қарабалаев дүниеден озды

Белгілі журналист Айғали Қарабалаев дүниеден оздыСыр журналистикасы ауыр қазаға душар болды. Елу үш жасқа қараған шағында танымал журналист, облыстық «Сыр бойы» газетінің белді қызметкері Айғали Қарабалаев дүниеден озды.

Қарабалаев Айғали Аманжолұлы 1963 жылы 15 ақпанда Өзбекстан Республикасы Сырдария облысы Киров ауданы Куйбышев селосында дүниеге келді. Қызылорда қаласындағы №212 мектепті бітіргеннен кейін еңбек жолын «Трансагенство» мекемесінде тас қалаушы болып бастады.

Осыдан кейін журналистика саласына келген Айғали Аманжолұлының шығармашылық жолы осы «Сыр бойы» газетінде өрілді. Аймақ баспасөзінің қарашаңырағы саналатын сол кездегі « Ленин жолы» (қазіргі «Сыр бойы») газетіне 1985 жылы корректор болып қабылданып, С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін сырттай бітірді. Осы басылымда екінің бірі қалам тарта бермейтін өндіріс, экономика тақырыбына тереңдей жазатын қаламы жүйрік журналист ретінде танылды. Әр жылдары жауапты хатшының орынбасары, өндіріс, құрылыс және транспорт секторының меңгерушісі, газет жанындағы «Дәрмен» фирмасының директоры, газеттің Сырдария, Жалағаш және Қармақшы аудандарындағы меншікті тілшісі, әлеуметтік мәселелер, сәулет бөлімдерінің тілшісі қызметтерін атқарған Айғали Қарабалаевтың қаламынан туған дүниелер оқырманын тапты. Мамандығына адал болып, тағдыры талапайға түскен талай жанға қаламымен араша түсті. Өзінен кейінгі іні-қарындастарына жол көрсеткен әріптес ағаға айналды.

Көңілі кіршіксіз таза болатын, өзінен бұрын өзгеге болсын деп елпілдеп тұратын өзгеше пейілді парасат иесі еді. Былтыр ұлы Бағлан мектеп бітіріп, Санкт-Петербургтегі жоғарғы оқу орнына түскенде балаша қуанып еді-ау... Қаралы хабар құлағына тиген Бағланы да сонау жер қиырынан жанұшырып хабарласыпты. Амал не, Алланың құзырындағы іске тоқтам салған кім бар дейсіз?!

Жазу столында қаламың мен ақ парағың қалып барады. Оқырманға ойлы дүние ұсынар дер шағында сұм ажал арамыздан ерте алып кетті. Жарқын бейнең, жасаған ісің әрқашан ұмытылмайды.

Алла алдыңнан жарылқасын, Айеке! Бақұл бол!

«Сыр Медиа» ЖШС ұжымы.