« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің V съезінің жалпы отырысына қатысты.
Қазақстан Президенті отырысқа Иордания Королі ІІ Абдалланың қатысып отырғанына, ол бастамашылық еткен «Амман жолдауы» мен Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезінің үндестігіне, бұл бастамалардың өркениеттер мен конфессиялар арасындағы сындарлы диалогты дамыту үшін қажетті тұғырнамақызметін атқаратынына назар аударды.
Нұрсұлтан Назарбаев съезд делегаттары қонақжай қазақ жеріне тағы да жиналу арқылы басты мақсатқа қол жеткізгенін атап өтті.
– Діндер, халықтар және мемлекеттер арасындағы татулық пен келісімнің аса маңызды екендігін түсіну үшін бір-бірімізге тағы бір қадам жақындай түстік. Діндердің өзара ықпалдастығы мен олардың жаһандық даму жолындағы рөлі туралы ашық сұхбат жалғасын тапты. Әлемнің тұрақтылығы мен қауіпсіздігі жолындағы ынтымақтастыққа деген ортақ мүдделестік бар екені аңғарылды. Өмірдің өзекті мәселелері жөнінде съезге қатысушылардың барлығының ортақ немесе ұқсас ұстанымдары көрініс тапқан декларация мақұлданып, қабылданды. Қазақстанның елордасында екі күн бойы түрлі тілде, түрлі дәстүр бойынша бейбітшілік, келісім, әділеттілік, кешірімділік және жақыныңа деген сүйіспеншілік туралы ортақ тілек-дұға жасалды, – деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан Президенті съезге қатысушылардың бәріне жемісті жұмыстары үшін алғыс айтты.
– Құдайға жасаған құлшылықтары арқылы Қазақстанның өсіп-өркендеуіне ниеттестік білдіріп, елімізге бақ-береке тілегені үшін түрлі діннің барша қызметшілеріне алғыс айтамын. Съездің барлық зайырлы қонақтарына – саясаткерлерге, қоғам қайраткерлеріне, сарапшылар мен журналистерге іс-шараны табысты өткізуге, біздің идеяларымызды ілгерілетуге қосқан баға жетпес үлестері үшін шын жүректен ризашылық білдіремін. Дүниеде сенім мен ақылды ұштастыратын ақиқаттан артық ештеңе жоқ. Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съездері рухани тұлғалар мен саясаткерлердің сұхбаты форматында өтіп келеді. Осылайша біз адамдар арасындағы татулық пен келісім мәселелеріне қатысты іс-қимылдың ізгі сипаты ар-ұждан мен рухани қуат арқылы арта түскенін қалаймыз. Барша қатысушыларды Съездің игі әрі бейбітсүйгіш ахуалын өз пікірлестеріне, серіктестеріне жеткізуге шақырамын, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің V съезі жаһандық диалогтың өзектілігін, оның қажеттілігі арта түскенін тағы да айқын көрсетіп бергенін айтты.
– Сөз бен тіл, яғни тілдесу мен диалог – адам баласына, адамзатқа берілген құдайдың теңдессіз сыйы. Біздің парызымыз – оның бітімгершілік және жасампаз қуатын толығымен пайдалану. Бүгінгі бесінші съезде жалпыға ортақ татулық пен мейірім, әділеттілік пен рухани үйлесім дәуіріне қарай тағы бір қадам жасалды. Біз жаһанды күмән-күдік жайлаған кезеңде тек бір-бірімізбен тілдесу арқылы ғана үмітті, болашаққа деген сенімді оятуға болатынын дәлелдедік, – деді Қазақстан Президенті.
Бұдан бөлек, Нұрсұлтан Назарбаев съездің қызметіне қатысты ұсыныстарын айтты.
– Қазірдің өзінде съезіміздің бай тарихы қалыптасып үлгерді. Біз бетпе-бет диалог орнату жөнінде елеулі тәжірибе жинақтадық, сұхбаттасу мен өзара түсінісу дәстүрлерін орнықтырдық. Діндер мен өркениеттердің өзге де өзара ықпалдасу ұйымдарымен байланыс жолға қойылып келеді. Сондықтан мен Астанадағы осынау ғимаратта Бейбітшілік және келісім мұражайын ашуды ұсынамын. Съезіміздің тарихына деген мұндай игі көзқарас, адамзаттың даму проблемалары жөніндегі бірлескен шешімдер тәжірибесін жинақтап, қорыту діндер мен халықтардың татулығы мен өзара түсіністігін нығайту үшін аса маңызды болмақ. Бейбітшілік және келісім мұражайы сондай-ақ діндер мен мәдениеттер диалогы тарихын зерттейтін съезд жанындағы ғылыми мекеме болады, – деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан Президенті діндер мен мәдениеттер диалогын ілгерілетуші тұлғаларды марапаттаудың да маңыздылығына тоқталды. Осы орайда Мемлекет басшысы «Рухани татулық пен келісімді дамытуға және нығайтуға қосқан үлесі үшін» атты сыйлық тағайындауды ұсынып, оны Діндарлар кеңесінің шешімі бойынша съездің жалпы отырысында тапсыруға болатынын айтты.
Нұрсұлтан Назарбаев съездің екі күндік жұмысы әлемге дамудың ең қолайсыз сценарийлеріне жол бермеуге болады деген үміт сыйлағанына, адамзат даналығы мен жауапкершілігіне деген сенім ұялатқанына назар аударды.
Отырыс барысында Иордания Королі ІІ Абдалла, БҰҰ өркениеттері альянсының өкілі Н.әл-Насер, Минск және Заславск митрополиті, Бүкіл Беларусь Экзарх Патриархы Павел, ЕҚЫҰ бас директоры Л.Заньер, Бэдфорд епископы, Ағылшын шіркеуінің өкілі Р.Аткинсон, «Джинджя Хонче» Сионистік храмдар қауымдастығының басқарушы директоры Т.Тераи, ИСЕСКО бас директоры А.ат-Туэйджри, Дүниежүзілік лютеран федерациясының президенті М.Юнан сөз сөйледі.
Отырыс қорытындысы бойынша Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің V съезінің декларациясы жарияланды.
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |