ЖАЗ ЖАЙНАТЫП, КҮН КҮЛДІРІП...

ЖАЗ ЖАЙНАТЫП, КҮН КҮЛДІРІП...Облыс әкімі Қырымбек Көшербаев «Арай-Sunrize» лагерінде демалысын өткізіп жатқан оқушылармен кездесті. Онда жаз бойы 180 баладан 5 ауысым бойынша демалады. Сондай-ақ, «Мансап» республикалық экономикалық ауысымы мен «ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорсиз» АҚ-ның кубогы үшін өткізілген жарыстың қатысушыларына арналған ауысым жұмыс жасайды.

Жазғы демалыс басталысымен мұнда республикалық экономикалық ауысымда еліміздің 12 аймағынан келген 8-10 сыныптардың оқушылары болды. Қазір лагерьде облыстың үздік 180 баласы тынығуда. «ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорсиз» АҚ мұнай компаниясы жылма-жыл қаржылай қолдау көрсетіп келеді.

Педагогтар да тәрбиелік-білімдік бағдарламаның жаңа моделін әзірлеп жасаған. Балалар тек тынығып қана қоймайды. Сонымен қатар, өздерінің шығармашылық қабілеттерін де шыңдайды. Тәрбиешілердің айтуынша, оқушыларды шығармашылық және спорттық үйірмелер көбіне қызықтырады екен. Үйірмелерде тәрбиешілер демалушыларға құрақ көрпеше, сырмақ, кілем тоқу, ағаш ою, қыш бұйымдары, тоғызқұмалақ, қазақша күрес және ұлттық аспаптарда ойнауды үйретеді. Барлық үйірмелердің жұмысымен аймақ басшысы арнайы танысып шықты.

– Білімнің дамуы – бүгінгі адамзат өркениетінің өлшемі, қоғам дамуының басты көрсеткіші. Ал біз үшін білім – Тәуелсіз мемлекет ретінде дамуымыздың, Елбасы межелеген алғашқы 30 мемлекеттің қатарына қосылудың бас­ты алғышарты. Байқасаңыздар, «Балапан» мен «Болашақ» аралығындағы бағдарламалардың барлығы өскелең ұрпақ үшін жасалып отыр. Сондықтан келер оқу жылына жақсы дайындықпен келу үшін тыңғылықты тынығу қажет. Демалыстарыңызды сәтті өткізуге тілектеспін, – деді облыс басшысы.

Жалпы, Қызылорда облысында 1-10 сынып аралығында 112 мыңнан астам оқушы бар. Соның 93 пайызы биыл жазғы демалыс орындарымен қамтылады. Облыста балалардың жазғы демалысы қала сыртында, мектеп жанындағы күндізгі тынығу лагерьлерінде, оқушылар үйіндегі дебаттық клубтар мен аула клубтарындағы үйірмелер және спорттық секцияларға қатысу, көркейту-көгалдандыру, құрылыс-жөндеу бригадаларына тарту, тарихи орындарға саяхат формасында ұйымдастырылуда.

Облыс көлемінде қала сыртындағы 9 лагерь бар. Оқушылар соңғы екі жылдан бері Жаңақорған ауданында орналасқан «Облыстық олимпиадалар және қосымша білім беру орталығында» демалып келеді. Биыл олардың қатарына «Қамбаш» оқу-сауықтыру орталығы қосылып отыр. Екі нысан жыл он екі ай жұмыс жасайды. Яғни, үш ай демалыста балалар тынықса, қалған уақытта білімін жетілдіреді.

 

Нұрбек ДӘУРЕНБЕКОВ.


НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 09 маусым 2015 г. 1 338 0