ҰЛТ МАҚТАНЫШЫНЫҢ МЕРЕЙІ

ҰЛТ МАҚТАНЫШЫНЫҢ МЕРЕЙІТау алыстаған сайын, биіктей түседі. Халық қаһарманы, КСРО және Қазақстанның, Өзбекстанның халық әртісі Роза Бағлановаға туған жері Қазалыда орнатылған ескерткіш-мүсіннің ашылу рәсімінен осындай ой тұжырдық. Кенттің ең көрнекі де қастерлі жерінің бірі саналатын «Жеңіс» саябағының аумағындағы мәдениет орталығының тура алдына орнатылған мүсін мінсіз жасалыпты. Биік тұғырдағы теңдесі жоқ дарын иесі өзі ғұмыр бойы қызмет еткен ел-жұртына мейірін төгіп тұрғандай әсерленесің. Тіпті қайталанбас даусымен әне-міне дегенше ән салардай сезімге бөлендік. Осы мезетте дыбыскүшейткіштен таспаға жазылған Роза Тәжібайқызының орындауындағы Шәмшінің «Ақмаңдайлым» әні берілуі қалың қауымды селт еткізді. Көзден кетсе де, көңілден өшпеген аяулы жанға арналған сағыныш лебі талайдың жанарына жас үйірді.

Салтанатты рәсімге облысәкімі Қырым­бек Көшербаев бастаған ел ағаларына қоса танымал өнер-шығармашылық өкілдері, әнші­нің туыстары, еліміздің түкпір-түкпірінен қонақ­тардың қатысуы маңызын аша түсті. Жиында сөз алған аймақ басшысы өзінің саналы ғұмырында «Алаштың аймаңдайлы аруы» атанып, Ұлыбританиядағы жыл сайын өтетін бәйгеде «Әлемнің әйгілі әйелі» деп танылып, азуын айға білеген алып мемлекеттердің бас­шылары өнеріне тәнтілік танытқан тума та­ланттың өмір жолын зор тебіреніспен жеткізді.

«Роза Тәжібайқызы –халқымыздың маңдайына біткен жарық жұлдызы болатын. Көзінің тірісінде-ақ аты аңызға айналып, сахнада аса сирек кездесетін дауысымен бүкіл әлемге танылды. Ұлы Отан соғысы жылдарында майдан даласында ән шырқап жауынгерлердің рухын көтерді. Берлинде өткен Жеңіс концертінде Роза апамыз орындаған «Ах,Самара-городок» әні оның талантын баршаға паш етті. Елбасымыздың «Тарихты елдің азаматтары жасайды» деген ұлағатты сөздерін ескерсек, тарих беттерінде өз қолтаңбаларын қалдырған қайраткер-тұлғаларымыз қандай да мақтауға лайықты. Роза Бағланова «Халық Қаһарманы» атағын иеленген Қазақстандағы жалғыз әнші. Бұл награданың өзіне аса құнды екенін апамыз жиі айтатын. Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың осы атақты тапсырып жатқанда «Сіз, майданда да, бейбіт заманда да халықты жігерлендіріп жүрдіңіз. Сіздің даусыңыз маған бала кезімнен таныс» деген бағасын тебірене еске алып отырушы еді.

Сол ыстық лебіздің жалғасындай даңқты әншінің туған жерінде ескерткіш-мүсіні орнатылды. Үлкен көшеге, мәдениет үйіне есімі берілді. Халқы барда Роза апамыздың атағы асқақтай бермекші» деген облыс әкіміне жұртшылық қызу қошемет білдірді.

Мұнан соң сөз алған Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауераты, әнші-композиторЕскендір Хасанғалиев, әншінің ұлы Тәжен, келіні Марал өздерініңжүрекжарды лебізімен бөлісті. «Жақсының аты өшпейді» деген рас. Зор қошеметпен ескерткіш-бюстің лентасы қиылды. Ескерткіш мүсіннің авторы – Қазақстан Республикасының халық мүсіншісі, өнер қайраткері Бақытжан Әбішев.

Мәдениет орталығында Ескендір аға бастаған өнер жұлдыздарының концерті көрермендердің ықыласына бөленді. «Наурыз» мейрамханасында Роза Бағлановаға арналып ас берілді. «Жанқожа батыр» мешітінің бас имамы Қайрат қажы Дәуіржанұлы аруақтарға құран бағыштады.

Қазалыдағы жағымды жаңалық мұнымен шектелмеді. Келесі кезекте облыс әкімі «Аида» жеке балабақшасының ашылу салтанатына қатысты. Ғимарат өте көркем әрі ұқыпты салынған екен. Жеке кәсіпкер Сәкен Ысқақовтың өз қаржысымен бой көтерген нысан алыстан мен мұндалайды. Заманауи үлгідегі құрылыстың жалпы құны 60 млн теңгені құрайды. Қос қабатты нысанда балалардың ойын алаңдары, трансформатор құрылғысы, дизельді электр стансасы, бу қазандығы бар. Салқын, ыстық сумен қамтылған ғимарат 75 балаға арналыпты. Мұнтаздай жатын бөлмелерге, қажетті жабдықтармен жарақталған музыкалық залға, тағамның исі танауыңды қытықтаған асханаға көңіліміз тоғайды. Ең бастысы, балабақшада жаңадан 29 жұмыс орны ашылыпты.

Ғимараттың ел игілігіне берілуімен баршаны құттықтаған Қырымбек Көшербаев елімізде балаларды мектепке дейінгі мекемелермен қамту басты назарда тұрғанына, бұл мәселенің Сыр өңірінде де оң шешімін тауып жатқанына, бүгінгі шараның соның бір айғағы екендігіне тоқталды. Балабақшаның жай-күйімен танысқан аймақ басшысы ұжымға, балғын бөбектерге бағалы сыйлық тапсырды.

 

Жұмабек ТАБЫНБАЕВ.

Қазалы ауданы.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 02 маусым 2015 г. 1 254 0