« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Бейсенбі күні Қызылордада тәулігіне 80 тонна құрама жем өндіретін және 150 тонна күріш салысын өңдейтін өндіріс орны ашылды. Осыған орай ұйымдастырылған шараға облыс әкімі Қырымбек Көшербаев пен Ауыл шаруашылығы министрлігінің жауапты хатшысы Арман Евниев қатысып, зауытты салтанатты түрде іске қосты.
Жаңа кәсіпорында шикізат және дайын өнімдер сақтайтын қоймалар, автотаразы мен зертхана, қалталау цехы, ұн тарту диірмені мен макарон шығару өндірістері бар. Аталған өндірістерден шығатын дәнді дақыл қалдықтарын құрама жем шығаруға пайдаланады. Зауыт Германиядан әкелінген заманауи қондырғылармен жабдықталған.
Аймақ басшысы жаңа зауыттың ашылуымен құттықтап, ауыл шаруашылығы саласындағы жетістіктерге тоқталды.
– Соңғы екі жылда Сыр елінің ауыл шаруашылығына тартылған қаражат мөлшері 7,7 есеге өсті. Біздің диқандар екі жыл қатарынан бұрын-соңды болмаған рекордтық көрсеткіштерге қол жеткізіп, күріштің мол өнімін жинады. Бүгінде Сыр маржанының экспорттық әлеуетін арттыруға барлық жағдай жасалуда. Егін шаруашылығын әртараптандыру үшін өзге де өнімдерді субсидиялауды қолға алдық. 15 мың гектар жерге тамшылатып суару тәсілімен жүгері мен қызанақ егіп, оларды өңдеп экспортқа шығару үшін крахмал, томат сығындысы мен шырын өндіру зауыттарын салуға кірістік. Мал шаруашылығына келетін болсақ, биыл біз буферлік аймақтан шығып, өзімізді де етпен қамтамасыз етіп, оны сыртқа да шығаруға жол аштық. Осыған орай Жаңақорғанда 7 мың тонна ет өнімдерін өңдейтін кәсіпорын құрылысын бастап жатырмыз. Осының бәрі өңдеу өнеркәсібінің өсуіне зор мүмкіндік береді, – деді облыс әкімі.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің жауапты хатшысы А.Евниев Қызылорда облысында мемлекеттік бағдарламалар аясында ауқымды жобалар жүзеге асырылып жатқанын айта келіп, жаңа зауыттың іске қосылуымен құттықтады.
– Бүгін Қызылордада "Агробизнес-2020” бағдарламасы аясында екі бірдей зауыттың іске қосылуына куә болдық. Бір зауытта – 60, екінші зауытта 50 жаңа жұмыс орны ашылып отыр. Бұл өнеркәсіп орындары аймақтың экономикалық дамуына өз үлесін қосады деп сенемін. Жобаның мақсаты – төрт түлік малды сапалы жеммен қамтамасыз ету және баға тұрақтылығын сақтау. Алда ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорттық әлеуетін арттыру керек, – деді ол.
Айта кету керек, қазіргі таңда облыстың ауыл шаруашылығы саласында құрама жем өндіретін бірде-бір кәсіпорын жоқ. Жыл сайын облыс көлемінде мал басының көбеюі өз кезегінде құрама жем зауытының қажеттілігін арттыруда. Жем шығаруға қажетті шикізаттар қатарында күріш, бидай, жүгері, сафлор, күнбағыс дақылдары бар. Демек, алдағы уақытта ірі қара мал өсіруші шаруашылықтар сапалы және құнарлы жемді алыстан тасымалдап, әуреленбейтін болады. Зауыт өнімі аймақта тек қана мал шаруашылығы емес, сонымен қатар құс, балық өсіретін шаруашылықтардың дамуына да ықпал етеді. Кәсіпорын басшысы Бақдәулет Мақашев бұл жұмыстардың әрі қарай жалғасатынын айта келе, келешекте ұн шығару зауытын және макарон фабрикасын іске қосуды жоспарлап отырғанын жеткізді. Қазіргі таңда олардың барлық ғимараттары салынулы тұр. Алдағы уақытта мемлекеттік-жеке меншік серіктестік негізінде ашылып жатқан зауыттарда 250-ге жуық адам жұмыс жасайтын болады.
Дәурен ОМАРОВ.
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |