« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Қызылорда мен Мәскеу арасы жақындады. Бейсенбі күні «Қорқыт Ата» халықаралық әуежайында «Қызылорда – Мәскеу» бағытындағы жаңа тұрақты әуе рейсі ашылды. Осыған орай ұйымдастырылған шараға облыс әкімі Қырымбек Көшербаев пен «Трансаэро» әуе компаниясының бас өкілі Владимир Кушниренко қатысты. Алғашқы жолаушыларды күтіп алу салтанатында аймақ басшысы әуе тасымалындағы ақжолтай жаңалыққа орай лебізін білдірді.
– Бүгінде өңірімізде «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық тас жолының және «Бейнеу-Бозой-Шымкент» магистральдық газ құбырының құрылысы аяқталды. Сонымен қатар Сыр елінің әуе қақпасында жаңа жолаушылар терминалының құрылысы қарқынды түрде жүруде. Жаңадан бой көтеретін терминал бүгінгіден 3,5 есеге көлемді. Бұл – өңіріміздің инвестициялық жағдайын арттыруға үлкен септігін тигізетін жоба болып саналады. Қазіргі кезде облыста 70-ке жуық Қазақстан-Ресей бірлескен кәсіпорындары бар. Сонымен қатар, мектеп бітірген түлектеріміз Ресейдің белгілі оқу орындарында білім алуда. Сол себепті, бүгінгі Мәскеу бағытындағы ашылған рейс тұрғындар үшін қуанышты жайт болып отыр,-деді Қырымбек Елеуұлы.
Қызылорда мен Мәскеу арасындағы әуе рейсі аптасына 3 рет қатынайды. Мухаббат Бакирова Мәскеуден Қызылордаға алғашқылардың бірі болып ұшып келгенін жеткізді.
– Бұл біз үшін тиімді. Қаншама уақытымыз үнемделеді. Жолақасы да қалта көтереді. Пойызбен шықсақ бірнеше күн жүруге тура келеді. Сондықтан бұл жаңалықты естіп қатты қуандым. Алдағы уақытта осындай шет елдермен әуе қатынасы орнаса құба-құп болар еді, – деді. Ал «Трансаэро» әуе компаниясының бас өкілі В.Кушниренко екі ел арасындағы жолаушылар үшін барлық жағдайды жасайтындықтарын жеткізді.
Қызылорда қаласындағы «Қорқыт Ата» әуежайы халықаралық мәртебе алғаннан кейін біршама сырт елдермен әуе қатынасын орнатуды қолға алды. Қазіргі таңда әуежайда апта сайын Астана, Алматы және Қарағанды қалаларына сағатына 150 жолаушыны тасымалдайтын 24 рейс орындалып жатыр.
Сондай-ақ, осы жылдың аяғына дейін Стамбул, Бейжің қалаларына тұрақты рейстер ашу жоспарланып отыр. Бұдан бөлек Үрімжі, Дубай бағыттары бойынша әуе кемесін ұшыруға қызығушылық танытқан турагенттіктер бар. Бір айта кетерлігі, келер жылы әуежай аумағында сағатына 250 жолаушыны өткізу мүмкіндігіне ие жаңа терминал құрылысы аяқталатын болады.
Сара ҚОРҒАНБАЙҚЫЗЫ.
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |