ШЫНЫ ЗАУЫТЫНЫҢ ҚҰРЫЛЫСЫ БАСТАЛДЫ

ШЫНЫ ЗАУЫТЫНЫҢ ҚҰРЫЛЫСЫ БАСТАЛДЫКеше облыс әкімінің орынбасары Ғалым Әміреев қаладағы өндірістік аймақта ірге көтеретін шыны зауытының орнында болып, осындағы жұмыс барысымен танысты.

 
«Қызылорда өлкемізде шыны зауыты салынады» дегенімізге де 10 жылдан аса уақыт өтіпті. Алайда қазір инновациялық технологиясыз өрге басу жоқ. Ал осыған дейін талап білдірген шетелдік инвесторлардың технологиясы жарамсыз болып шығыпты. Сондықтан да зауыт құрылысы тоқтап қалған еді. Енді міне Сыр өңіріне заманауи озық технологияны меңгерген америкалық инвестор келіп отыр.
Бірнеше жылдан бері инфра­құрылымдары жасақталып жатқан қала іргесіндегі өндірістік аймақта кеше шыны зауытының елімізде дайын өнімін қабылдайтын қойманың іргетасын қалау жұмыстары басталды. Облыс әкімінің орынбасары Ғалым Әміреевтің айтуынша, еліміздің Индустрияландыру картасы аясында аймақта 18 жоба іске асырылып жатыр. Оның ішінде республикалық картаға енген құны 52,1  млрд теңге құрайтын ірі жоба осы шыны зауыты құрылысы. «Қызылорда қаласында қуаттылығы жылына 197 100 тонна табақша шыны шығару және өңдеу зауыты құрылысы» жобасының инвесторы болып американдық «STEWART инженеринг» атты компаниясы танылды. Осылайша, олар «Бәйтерек» Ұлттық басқару холдингі» АҚ-мен бірге өңірдегі ірі индустриалдық жобаны жүзеге асыратын болды.
Ал бас мердігер – «Шымкентхиммонтаж» ЖШС. Күрделі құрылыс салуда тәжірибесі мол  компанияның құрылғанына жарты ғасырдан асқан. Шымкентте фосфор, қорғасын зауыттарын, Жаңақорған ауданында күкірт қышқылы зауытын қолданысқа берген осы серіктестік. Нысанның құрылыс бөлімінің басшысы Әділбай Бадамбаевтың айтуынша, өндірістік аумақта өткен сәуір айынан бері алаңды қоршау және жерді дайындау жұмыстары жүргізілген. Бүгін дайын өнім сақтайтын қойманың іргетасы мен бетон жасау қондырғысының іргетасын құю жұмыстары басталды. Бұған қоса алаңға 500 орындық вахталық қалашық орналастырылуда.
Зауыт құрылысы 2017 жылы аяқталады. Жобаның алғашқы кезеңінде 300 адам жұмыспен қамтылып, кәсіпорын құрылысқа арналған шыны табақшасын шығарып,  республиканың сұранысын толық өтейді. Тіпті өнімнің 30 пайызын сыртқа шығара аламыз. Нақты кезеңде еліміздегі құрылыс компаниялары аталған тауарды Ресей мен Қытай мемлекеттерінен сатып алуда. Кәсіпорын толық қуаттылыққа көшкен кезде өнімнің бірнеше түрін, атап айтқанда, табақша шыны, энергия үнемдегіш әйнек, айна, ламинатталған әйнек, шыңдалған және оқшауланған әйнектер шығарады. Шыны өндірісіне қажетті негізгі шикізат – жергілікті кварц құмының қоры өзімізде бар. Жүргізілген барлау жұмыстарының нәтижесінде Арал ауданындағы Сарышоқы, Қосжар және Жантілес кеніштерінде осы шикізаттың 50 млн тоннасы бары анықталған, ол бір ғасырдан астам уақытқа молынан жетеді екен. Соңғы жүргізілген химиялық сараптаулар біздегі кварц құмының 98,5 пайызы кремний тотығынан тұратынын айқындаған. Бұл оның сапасының өте жоғары екендігін айғақтайды. Құрылысқа арналған шынының 60 пайызы осы кварц құмынан тұрады. Жоғары сапалы әйнек өндіру үшін бұдан өзге оған доломит, әк және түрлі химиялық қоспалар мен кальцийленген сода қосылады. Әзірше соңғысын ғана сырттан сатып аламыз. Ал алдағы жылы «Аралтұз» АҚ осы өндірісті қолға алып, кальцийленген сода шығаратын зауыт салғалы отыр.
Облыста өңдеу өнеркәсібінің баяу дамуы осыған дейін шешімін таппаған басты мәселенің бірі еді. Шикізаттарға бай аймақта отырып өңдеуші кәсіпорынның болмауы көпшілікті де қынжылтып келгені рас. Бірер жыл бұрын шыны зауыты Үкімет шешімімен Ақтөбе облысына салынатын болған. Осы тұста аймақ басшысының табандылығы арқасында зауыт өзімізде салынатын болды. Осылайша шыны зауыты облыс орталығында  ел тәуелсіздігін алғалы салынып тұрған тұңғыш ірі өндіріс ошағына айналмақ.
Дәуіржан ЕЛУБАЕВ
НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 21 мамыр 2015 г. 2 099 0