ЖЕҢІСТІҢ ЖЕТПІСІНШІ КӨКТЕМІ

ЖЕҢІСТІҢ ЖЕТПІСІНШІ КӨКТЕМІН.Бекежанов атындағы облыстық драма театр­да «Ұлы Жеңіс – мәңгі ел жадында» атты 7 мамыр – Отан қорғаушылар күніне және 9 мамыр – Ұлы Жеңістің 70 жылдығына арналған мерекелік салтанат өтті. Мерекеде облыс әкімі Қырымбек Көшербаев барша Отан қорғаушыларды, Ұлы Отан соғысының ардагерлерін құттықтады.

– Күндей күркіреп өткен екінші дүниежүзілік соғыста қазақ батырлары ерекше ерлік көрсетті. Отан қорғау, елдің шетін жауға бастырмау үшін біздің ата-бабаларымыз ешқашан аянбаған. Бүгінгі ұрпақ бабалар салған сара жолды жалғастыруы керек.

Бүгінде шекарасы бекіген, шебі бүтін, Тәуелсіз Қазақстанның Отан қорғаушылар күні ресми мереке ретінде аталып келеді. Өйткені Отанды қорғау – әрбір азаматтыңқасиетті борышы.

Сыр өңірінен майданға аттанған 70 мыңдай адамның жартысы ғана елге оралды. Жауды жеңіп келген ардагерлер соғыстан кейін еңбек майданына араласты. Ұлы Жеңіске өлшеусіз үлес қосқан ардагерлерге кейінгі ұрпақ атынан алғыс айтамыз. Сіздер сияқты жеңімпаздардыңұрпағы болғанымызды мақтан етеміз,– деді облыс әкімі.

Салтанатты шарада аймақ басшысы Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне «Құрмет» орденін, «Ерен еңбегі үшін» медалін, ҚР Құрмет грамотасын табыстады. От пен оқтың ортасынан аман оралып, Жеңістің жетпісінші көктемін қарсы алған қарияларға театрға жиналған жұртшылық тік тұрып, қол шапалақтап құрмет көрсетті. Мереке облыс өнерпаздары әзірлеген түрлі қойылымдармен жалғасты.Майдан әндері шырқалып, ол жылдардың өшпес даңқы қайта жаңғырды.

Сонымен қатар орталық алаңда сарбаздар қоян-қолтық ұрыс көріністерін көрсетті. Мұнан соң облыс тұрғындары лэд экран арқылы Астанадағы мерекелік шеруді тамашалады.

 

Гүлжазира ЖАЛҒАСОВА.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 09 мамыр 2015 г. 1 315 0