Мал мен егін – қазақтың ата кәсібі. Біздің облыста да
мал мен егін шаруашылығы негізгі саланың бірі болып есептеледі. Соның ішінде
аймағымызда соңғы жылдары төрт түлік малды өсіруге ерекше көңіл бөлінуде. Соның
бір көрінісі мал шаруашылығын дамытуға тұрақты түрде мемлекеттік қолдаудың
нәтижесінде облыста мал басы айтарлықтай өсіп, олардан өнім өндіру тұрақтанып
келеді. Өткен жылы асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуға, сондай-ақ мал
шаруашылығы өнімінің өнімділігі мен сапасын арттыруға жергілікті бюджеттен
бөлінген 1 млрд 524 млн теңге субсидия толықтай игерілді. Биылғы жылға осы
мақсатқа 2 млрд 250 млн теңге қаржы бөлінді. Бұл қаржы өткен жылмен
салыстырғанда 726,8 млн теңгеге немесе 47,7 пайызға артық екенін білдіреді.
Елбасының отандық өнімді өндіруді ұлғайта түсу
тапсырмасына орай үстіміздегі жылы "Ірі қара мал етінің экспорттық әлеуетін
арттыру” жобасы аясында облыс бойынша 100 тонна ірі қара мал етін экспорттау
жөнінде ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі мен "ҚазАгро” ҰБХ акционерлік қоғамы
және облыс әкімдігі арасында үшжақты
меморандумға қол қойылды. Осы меморандумға сәйкес биылғы жылдан бастап
алыс та жақын шетелдерге етті экспортқа шығару мақсатында Қызылорда қаласынан
"Ет-сүт өңдеу орталығын” құру ісі қолға алынды. Қазіргі күні бұл орталықтың
құрылыс-монтаж жұмыстары толық аяқталып, оған қажетті құрал-жабдықтар алынуда.
Сондай-ақ, өндірілетін ет өнімдерін экспорттауға келіссөздер де жүргізілуде.
Дегенмен де, сыртқа өнім шығарудың талаптары жоғары
болатыны да белгілі. Соның ішінде ет өнімдерін экспорттау үшін буферлік
аймақтар, яғни ауру ошақтары бар жерлер болмауы керек. Осы мақсатта облыста
ветеринариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мен тұрақтылықты сақтау үшін кең
көлемдегі жұмыстар жүргізілді. Экспортқа шығаратын өнімнің қауіпсіздігін
қамтамасыз етуге орай халықаралық эксперттік бюросы облысымызға келіп, зерттеу
жұмыстарын жүргізді. Сөйтіп зерттеу нәтижесі бойынша халықаралық комиссия
өзінің оң шешімін берді.
Енді бүгінде алдағы күзде іске қосылатын орталықты
тұрақты түрде өніммен қамтамасыз ету мәселесі қолға алынуда. Соның бастысы
биылғы тамыз айында Қазалы ауданындағы "Сыр маржаны” ЖШС 500 бас мүйізді ірі
қара малына арналған мал бордақылау алаңын іске қосуды жоспарлап отыр. Сонымен
қатар ет өндірісін дамыту мақсатында Жалағаш ауданындағы "МегаАгро” ЖШС мен
Сырдария ауданындағы "Шағанжер” ЖШС "ҚазАгроөнім” АҚ арқылы 3 мың бас ірі қара
малына арналған кешенді бордақылау алаңын салуды жүзеге асырады. Қазіргі күні
бұл бордақылау алаңдарына қажетті жер телімі бөлініп, оның сметалық жобалау
құжаттары дайындалуда. Сондай-ақ, бордақылау алаңдарында малды жұғымды мал
азығымен қамтамасыз ететін "Жан-Арай Жем” ЖШС құрама жем шығаратын зауытты осы
сәуір айының соңына дейін іске қосатын болады.
"Ет-сүт өңдеу орталығы” ЖШС директоры Қуат
Шәкизадаевтың айтуына қарағанда, бұл орталық бұрынғы "Арзан” базарының негізінде
ашылады. Қазіргі күні бұл жерде ет пен сүт өнімдерін өңдейтін орынға бейімдеу
жұмыстары жүргізілуде. Негізі алдағы уақытта азық-түлік кешеніне айналатын бұл
орталықта малды союдан бастап дайын өнім шығаруға дейінгі бар жұмыстар
автоматтандырылған түрде іске асырылады. Соның ішінде мұнда таза халал өнімін
шығару талаптары қатаң сақталады. Өйткені болашақта бұл орталықта өңделген ет
пен шұжық секілді өнімдер Иран, Бахреин, Біріккен Араб Әмірлігі мен Түркия
секілді елдерге жөнелтіледі деп күтілуде. Сондай-ақ, мұнда Қытайдан алынатын
құны 120 млн долларлық қондырғыда кептірілген сүт пен қымыз да шығарылатын
болады. Ал бұл өнімдерге еуропалықтардың сұранысы жоғары. Өйткені осы
кептірілген сүт өнімдері емдік қасиеттерімен ерекшеленетін көрінеді. Сонымен
қатар кептірілген сүттің сапалық деңгейі, яғни майлылығы да жоғары болмақшы.
Сонымен, "Сыбаға” бағдарламасына орай облыстан етті
экспортқа шығару алдағы күз айларынан бастап айтарлықтай арта түспек. Осы
мақсатта жұмыс істейтін "Ет-сүт өңдеу орталығы” әлемдік стандартқа сай жартылай
дайын өнімнің бірнеше түрін шығаратын болады. Ал оның іске қосылуымен ондаған
адам жаңа тұрақты жұмыс орнымен қамтамасыз етіледі.
Айғали
ҚАРАБАЛАЕВ.