Бейсенбіде Қызылорда қаласында «Мүгедектерге арналған кедергісіз орта қалыптастыру» тақырыбында І облыстық форумы өтті.
Мүмкіндігі шектеулі жандарға кедергісіз орта қалыптастыру үшін тиімді шаралар қабылдау мақсатындағы форумға облыс әкімінің орынбасары Наталья Годунова, ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің Әлеуметтік қызмет департаменті директорының орынбасары Айгүл Табергенова, «Қазақстандық мүгедектер конфедерациясы» РҚҚ төрағасы Жанат Омарбекова және жергілікті басқарма басшылары, кәсіпкерлер мен мүмкіндігі шектеулі азаматтар қатысты.
Бүгінде облыста 26 мыңнан астам мүгедек бар. Олардың өмірін жеңілдету
мақсатында қабылданған «Жол картасы» бойынша соңғы екі жылда 8,1 млрд. теңге
қаржы бөлінген. Бұл жөнінде облыстық
жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы
Жазира Жылқышиева мәлімдеді.
– Мүмкіндігі шектеулі жандар өздерін өзгеден кем сезінбеуі үшін
әлеуметтік мәселесі дұрыс болуы қажет. Бұл бағытта аймақта ауқымды жұмыстар
атқарылып келеді. Мәселен, қазір облыстың барлық ауданында «әлеуметтік такси»
қызмет етеді, – деді Жазира Жақсылыққызы хабарламасында.
Өткен жылы мүгедектерге арналған 7 аула клубы ашылса, бұл игі іс биыл
да жалғасын тауып, Қазалы, Жалағаш аудандарында да осындай аула клубтары
ашылған. Жол картасы аясында мүгедектерді оңалтуға, оларға әлеуметтік қолдау
көрсетуге, емдеу-сауықтыруға және кресло-арбалармен, балдақтармен, өзге де
қажетті құралдармен қамтамасыз ету үшін ағымдағы жылға облыстық бюджеттен 256
млн. теңге бөлінді. Сонымен қатар, былтыр 470 мүмкіндігі шектеулі жан тұрақты
жұмыспен қамтылса, «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы шеңберінде 45 мүгедек
тиесілі қаржысын алып, өз кәсіптерін бастаған.
Форумда сонымен бірге «Қазақстандық мүгедектер конфедерациясы» РҚҚ
төрағасы Жанат Омарбекова сөз алып, мүгедектер құқығы туралы конвенция,
мүмкіндігі шектеулі азаматтарға кедергісіз орта қалыптастыруда қоғамдық
қорлардың рөлі туралы жан-жақты әңгімеледі. Сондай-ақ, мүмкіндігі шектеулі
жандардың тұрғын үйлерге, білім беру, денсаулық сақтау, мәдени және спорттық
нысандарға кіріп-шығу мүмкіндігінің сын көтермейтінін, осы орайда жаңадан
салынып жатқан нысандарда мүгедектерге арналған пандустардың белгіленген стандартқа
сай сапалы болуын қадағалау керектігіне тоқталды.
Форум барысында мүмкіндігі шектеулі жандар өздерін толғандырған
мәселелерді ортаға салып, ұсыныс-пікірлерін жеткізді. Жиын соңында мүгедектер үшін кедергісіз орта
қалыптастыруға арналған І форумға қатысушылардың үндеуі қабылданды. Шара
барысында сондай-ақ, мүмкіндігі шектеулі жандардың қолөнер бұйымдарының көрмесі
көпшілік назарына ұсынылды.
А.Сәрсенбайқызы.