Осы аптаның
бейсенбісінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанға мемлекеттік сапармен
келген Түркия Республикасының Президенті Реджеп Тайып Ердоғанмен кездесті.
Кездесу барысында қазақ-түрік қарым-қатынасын одан әрі нығайту,
байланыстардың кең ауқымы бойынша өзара ықпалдастықты арттыру мәселелері
талқыланды. Екі елдің Мемлекет басшылары сауда-экономикалық, инвестициялық,
өнеркәсіптік, көлік-транзиттік және мәдени-гуманитарлық салалардағы
байланыстарды тереңдету жолдарын қараcтырды. Мемлекет басшылары халықаралық
және өңірлік күн тәртібіндегі өзекті жайттарды да қозғады.
Қазақстан Президенті екі ел арасында орнаған достық және бауырластық
қарым-қатынас өте жоғары деңгейде екенін атап өтті.
– Сіздің басшылығыңызбен Түркия соңғы 12 жылда зор табыстарға жетті.
Ол экономикалық көрсеткіштері жағынан әлемде 16-орында, бұл – бүкіл
халықтың еңбегі және Сіздің күш-жігеріңіздің нәтижесі, – деді Қазақстан
Президенті.
Р.Ердоған Қазақстан Президентіне былтыр Түркияға сапармен келіп,
инаугурация рәсіміне қатысқаны үшін ризашылығын білдірді.
– Әлемдегі күрделі экономикалық ахуал жағдайында Қазақстан қарқынды
дамып, елеулі табыстарға жетуде. Бұл бізді қуантады. Сондай-ақ мұнда таяуда
Президенттік сайлау өтеді. Мен Сізге зор табыс тілеймін, – деді Түркия
Президенті.
Мемлекет басшылары Қазақстан мен Түркия арасындағы Жоғары деңгейдегі
стратегиялық ынтымақтастық кеңесінің екінші отырысына қатысты.
Екі ел басшысының қатысуымен өткен отырыс барысында түрлі салалардағы
екіжақты ықпалдастықты нығайту мәселелері, сондай-ақ «Жаңа Синергия» бірлескен экономикалық бағдарламасын жүзеге
асырудың негізгі бағыттары қарастырылды. Н.Назарбаев Р.Ердоғанның елімізге әр
сапары екі елдің қарым-қатынастарын нығайтуға бағытталған елеулі табыстарға
толы болып келетінін атап өтті.
Қазақстан мен Түркия Президенттері қазақ-түрік бизнес форумында болды.
Іс-шараға екі елдің іскер топтарының 400-ден астам өкілі қатысты. Бизнес форум
аясында Қазақстан мен Түркия Президенттері өнеркәсіптің түрлі салаларындағы
түрік компанияларының инвестициясы арқылы жүзеге асырылған, болашағы бар 25
жобаны таныстырды.
***
Кеше, 17 сәуірде Түркия Республикасының Президенті Р.Ердоғанның
мемлекеттік сапары аясында екі елдің мемлекет басшылары Түркістан қаласына
келді. Онда Қазақстан мен Түркия Президенттері «Әзірет Сұлтан» тарихи-мәдени
мұражайында болды. Нұрсұлтан Назарбаев пен Реджеп Ердоған Түркістандағы жаңа
мешітке барды.