Сырдария ауданы
– соңғы жылдар бедерінде әлеуметтiк-экономикалық даму бойынша аудандар арасында көш бастап
келеді. Былтыр облыста барлық сала бойынша қара үзіп, ең үздік аудан атағына ие
болды. Әкімнің жұмысы алдымен елдің
әлеуметтік жағдайымен есептеледі. Бүгінгі ел тынысы ауданда серпінді тірліктің бар екендігін көрсетіп тұр.
Өткен жылы
Сырдария ауданының диқандары мемлекет тарапынан көрсетілген көмектің арқасында 29453 гектар жерге
ауыл шаруашылығы дақылдарын орналастырды. Оның ішінде, 20007 гектарға күріш
егіліп, әр гектардан орташа 55 центнерден өнім алды. Биылғы жылдың егісіне
қажетті сапасы жоғары 5500 тонна күріш тұқымының қоры әзірленіп, бүгінде себу
жұмыстары басталып кетті. Сонымен бірге мал шаруашылығын өркендетуге де баса
мән беріліп келеді. Бірнеше мемлекеттік бағдарламалар жүзеге асырылып жатыр.
Мәселен, «Сыбаға» бағдарламасы аясында 412 бас мал сатып алынып, көрсеткіш 158
пайызға орындалды. «Алтын асық», «Құлан» бағдарламалары бойынша Қоғалыкөл,
Іңкәрдария ауылдарының шаруа қожалықтары 420 бас қой, 160 бас жылқы алып
жұмыс жасауда.
Қой жылының
басты жаңалығы әрі ауқымды жобасы – «Шаған Жер» серіктестігінің қуаттылығы 3000
басқа арналған мал бордақылау алаңы. Аудан әкімінің бастамасы негізінде қолға
алынған алып жобаға облыс әкімі Қ.Көшербаев қолдау білдіріп, «ҚазАгроӨнім» АҚ
арқылы қаржыландырылатын болды. Бүгінде барлық жобалық-сметалық құжаттары
айқындалып, құрылыс жұмыстары мамыр айынан бастап қолға алынады. Өндірілген
бордақы малдың еті Қызылорда, Байқоңыр, Алматы, Астана қалаларын қамтамасыз
етіп, Ресейге экспортталатын болады. Сонымен қатар, «Қызылорда ет-сүт өңдеу
орталығы» ЖШС-мен біріге отырып жұмыс жасайды. Аудан әкімі күзде облыс
орталығын сүт өнімдерімен қамтамасыз ететін жеткізді.
– Салық базасын
көтеруде біздер бірлескен іс-қимылдың арқасында жыл көлемінде аудан бюджетінің
кіріс бөлігін 776 млн. теңгеге арттырып, 6,5 млрд. теңгеге жеткіздік. Аудан
бюджетінің өз түсімдері 2014 жылы 5,2 млрд. теңгеге орындалып, 136 пайызға
өсті. Ал 2015 жылға арналған аудандық бюджетті, жоғары тұрған бюджеттерден
трансферттерді есептемегенде, 2014 жылға бекітілген бюджеттен анағұрлым
арттырдық, – дейді Ғанибек Қонысбекұлы.
Өткен жылы
аудан экономикасына 40 млрд теңгеге инвестиция тартылып, 179 пайызға орындалған.
Ал, баспана мәселесі бойынша 12 мың шаршы метр тұрғын үй салынып, ол 138
пайызға ұлғайған.
Ауданда
«Ақбұлақ» бағдарламасы бойынша да бірқатар шаралар жүзеге асты. Мәселен, Бесарық,
Аманкелді, Ақжарма, О.Мәлібаев елді мекендерінің ауыз су жүйелерін
қайта құрылымдау және кеңейту жобаларына республикалық және аудандық бюджет
есебінен барлығы 922 млн теңге бөлініп игерілген.
Биылғы жылы
Бесарық, Аманкелді, Ақжарма ауылдарындағы су жүйелерін қайта құруды және
кеңейтуді аяқтауды жоспарлап отырмыз. С.Сейфуллин ауылындағы тұтынушы тұрғын
үйлерге су желісін жеткізу үшін республикалық бюджеттен қаржы бөлінді.
Сонымен қатар бес елді мекен бойынша, республикалық бюджеттен қаржыландыруға
жұмыс жасалуда. Өткен жылы аудандық маңызы бар жолдарды күтіп ұстауға,
кенттің 14 көшесін орташа жөндеуге, жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге
жергілікті бюджеттен 230 млн теңге бөлініп, жұмыстар толығымен
аяқталды, дейді аудан әкімі.
Аудан
орталығында қарқынды құрылыстар көп. Соның бірі жолаушыларға сапалы қызмет
көрсететін жаңа автовокзал ғимараты. Бүгінде құрылыс жұмыстары жүріп жатқан
автовокзал биылдан бастап пайдалануға беріледі. Сондай-ақ, Тоқтыбаев көшесінің
басынан Әйтек каналына көпір салынады. Бұл жоба өз кезегінде Әйтек каналының
сол жағалауын игеріп, онда тұрмыстық, әлеуметтік нысандарды салып, халықтың
сол жағалауға қарай қоныстануын қамтамасыз етеді. Тереңөзектегі 8 көшеге,
Шаған, А.Тоқмағанбетов, Қалжан ахун, Жетікөл ауылдарындағы көшелерді орташа
жөндеуге, жергілікті маңызы бар 148 шақырым автомобиль жолдарын ағымдағы
жөндеу мен күтіп ұстау жұмыстарына 294 млн. теңге қаржы бөлініп отыр.
«Батыс
Еуропа – Батыс Қытай» автожолы бойынан сервистік көліктік-логистикалық орталықтар
құруға байланысты Шаған, Ақжарма елді мекендері тұсынан, құны 682 млн теңгені
құрайтын 2 қызмет көрсету кешенін салу жұмыстары жүргізілуде.
«Жұмыспен
қамту-2020» бағдарламасы аясында өткен екі жылда 302 адам 572 млн теңге
несие алса, облыс әкімінің «Ақниет» бағдарламасы бойынша 57 адам «Лукойл» мұнай
компаниясының 27 млн теңге қайтарымсыз грантының иегері атанды. Бүгінгі
таңда ауданда кәсіпкерлікті қолдауда аталған бағдарлама өз нәтижесін беруде.
«Барлық істі атқаруға аудан бюджетінің мүмкіндігі келе бермейді. Сондықтан
бізге сыртқы көздердің қаржысын ауданға бағыттауға тура келеді. Ауданға
инвестициялардың барынша мол құйылуы үшін аймақта тиісті инфрақұрылым болуы
қажет. Осы орайда, Тереңөзек кентінде индустриялық аймақ құру үшін жалпы
көлемі 20 гектар
жер учаскесіне республикалық бюджеттен қаржыландыру жұмыстары жүргізілуде» –
дейді Ғанибек Қонысбекұлы.
Сырдария
ауданында жұмыссыздық жоқтың қасы. Өткен жылы ауданда 847 жұмыссыз ақылы қоғамдық
жұмыстарға тартылып, 967 адам тұрақты жұмысқа орналасты. 875 жаңа жұмыс
орындары ашылды. Ауданда 15 рет «Бос жұмыс орындары» жәрмеңкесі өткізіліп,
соның арқасында 244 адам жұмысқа тұрды. Оның 178-і жастар. Ал жуырда өткен «Бос
жұмыс орындары» жәрмеңкесінде бес жүзге тарта адам жұмысқа орналасты.
Аудан аумағында
орналасқан мұнай компанияларымен екі жақты бірлескен жұмыс нәтижесінде,
жоғары оқу орнында оқитын, тұрмысы төмен отбасылары мен жартылай жетім 37 студенттің
оқу ақысы мұнай компаниялары есебінен төленіп келеді. Ауданда 46 білім ошағы
бар. Өткен жылы бұл аймақтан ҰБТ-ға мектеп бітіруші 411 оқушының 297-сі
қатысты. Олардың арасында төрт оқушы «Алтын белгіге» ие болды.
Облыс әкімінің
келісімімен С.Сейфуллин ауылындағы балабақша құрылысы жергілікті бюджет
есебінен салынып жатыр. Сондай-ақ Тереңөзек кенті мен Қоғалыкөл, Қалжан ахун
ауылдарында қараусыз қалған ғимараттарды балабақшаға лайықтап қайта
жаңғырту жұмыстары жүріп жатыр. Тереңөзек кентіндегі №6 бала бақша ғимараты
күрделі жөндеуден өтіп, жылу жүйесі қайта жаңғыртылмақ. Облыс әкімінің
тапсырмасына сәйкес «Жалын» тынығу лагеріне аудандық бюджеттен 64 млн. теңге
қаржы бөлініп, нысанды жыл бойы жұмыс жасату үшін қазандық пен жылу жүйесі
жүргізілуде. Нәтижесінде, оқушылар Ұлттық бірыңғай тестілеу мен пән олимпиадаларына
дайындалуға мүмкіндік алады. Ал спортшылар үшін спорт базасына айналады.
Биыл Шіркейлі
ауылындағы 600 орындық, Шаған ауылындағы 900 орындық жаңа білім ордалары
пайдалануға беріледі. Ескі мектеп ғимараттары қайта жаңғыртудан өтіп, қосымша
білім беру бағдарламасына сәйкес балабақша, спорт және әуез мектептері
ашылатын болады. Аудандағы шаруашылық құрылымдарымен бірлесе отырып,
агро-техникалық колледжде кәсіпкерлікті дуальды оқыту жүріп жатыр. Облыс
әкімінің қолдауымен колледж студенттері өткен жылы қайта жаңғыртудан өткен 68
орынды жатақханамен қамтамасыз етілген.
Сондай-ақ
ауданның денсаулық сақтау саласында да ілгерілеушілік байқалады. Бұл аймақта
19 емдеу, алдын алу мекеме халыққа медициналық қызмет көрсетеді. Облыстық
бюджет есебінен аудандық ауруханаға жөндеу жұмыстары жасалынған. Шіркейлі
ауылында жаңа дәрігерлік-амбулатория пайдалануға берілді. Аймақ басшысы өткен
жылы ауданға 4 арнайы жедел жәрдем автокөліктерін берді. Аудан бойынша,
балаларды денешынықтыру және спортқа тартуда 108 спорттық нысан жұмыс
жасайды.
Ауданның мәдени
өмірі де игі жаңалықтарға толы. Елді мекендерде барлығы 35 мәдениет мекемесі
халыққа рухани қызмет көрсетеді. Былтыр 931 мәдени шара өткізілген.
Мәдениет үйлері мен ауыл клубтарында 82 үйірме жұмыс жасайды. Өткен жылы
ұйымдастырылған шаралардың дені Қазақстан және КСРО Халық артисі Сәбира
Майқанованың 100 жылдық мерейтойы аясында өтті.
Ауыл мәдениетін
дамыту да басымдық ретінде қала береді. Бұған облыстық бюджеттен С.Сейфуллин,
Іңкәрдария ауылдарындағы салынып жатқан клуб үйлері дәлел. Дәл сондай мәдениет
ошағы жергілікті бюджет есебінен Айдарлы ауылында да салынатын болады. Жақында
Тереңөзек кентіндегі орталық кітапхананы қайта жаңғыртудан өткен ғимаратқа
көшіру жұмыстары аяқталады. Сондай-ақ Ұлы Жеңістің 70 жылдығына орай елді
мекендердегі «Тағзым» алаңдары да толық жөнделеді.
Былтыр
Тереңөзек кентінде аймақ басшысы Қырымбек Көшербаевтың қолдауының арқасында
тұрғындар 30 пәтерлік үйге қол жеткізіп, қоныс тойын тойлады. Биылғы жылы
кентте екі және үш бөлмелі 10 тұрғын үйдің құрылысын жүргізуді бастамақ.
Сонымен қатар, кентте «Салтанат сарайы» бой көтереді.
– Елімізде
жүргізілген сындарлы саясаттың нәтижесінде дер кезінде әлемде болып жатқан
дағдарысқа шаралар қабылданып, экономика тұрақтылығы сақталды. Соның
арқасында біз салық базасын көтеруде, іс-қимыл арқасында жыл көлемінде Сырдария
ауданы бюджеттің кіріс бөлігін 776 млн теңгеге арттырып 6,5 миллиард теңгеге
жеткіздік, – дейді аудан әкімі.
Жалпы,
аудандағы атқарылып жатқан жұмыс өнімділігін әртүрлі өлшемдер бойынша бағалауға
болады. Оның әуелгісі халықтың әлеуметтік жағдайы екенін айтып өттік. Одан
кейінгі кезекте ауыл шаруашылығы, мал саны, құрылыс қарқыны, инвестиция көлемі
тұрса керек. Осы өлшемдерге барлық жағынан жауап берген Сырдария ауданының
әкімі Ғанибек Қонысбекұлы Қазантаев болашақтың еншісінде бұдан да биік
белестерді бағындыруды қалайтынын айтты.
Нұрбек
ДӘУРЕНБЕКОВ.
Сырдария
ауданы.