
Азаттық ұғымы – қазақ халқының рухани және әлеуметтік болмысындағы ардақты және асыл сөз. Қазақ үшін бұл ұғымның мәні мен мазмұны өте терең. Өзінің даму тарихында аласапыран замануи оқиғаларды басынан өткізген қазақ ұлты азаттық таңын ерекше күткені ежелден белгілі. Қазақ халқы қай заманда болмасын өз болмысының азаттығын өз өмірінен артық қойған халық. Ұлтымыздың дүниетанымдық түсінігі әр кезде азаттық, тәуелсіздік ұғымдарымен сабақтасып жатады. Қазіргі таңда Қазақстан озық ел, озық мемлекет аталып, әлем қауымдастығынан ойып тұрып орын алған ел болды. 1991 жылы желтоқсан айында, халқымыз өз Президентін сайлап алды. Алаш жұртының абзал перзенті, халқы таңдаған ер тұлға Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев халқына арнаған алғашқы сөзінде: «Отандастарым, мұнан бөлек уайымым да жоқ, олардан бөлек қайғым да жоқ, нені болса да елмен бірге көремін, еліммен бірге төземін, еліммен бірге жетемін» -деген еді. Бұл сөз Елбасымыздың азаматтық принципі, қайраткерлік кредосы. Перзенттік парызы. Азаматтық қарызы.
Тәуелсіздік жылдары Елбасы үшін оңай болды деп айта алмаймыз. Елбасымыз «Қазақстан-2030» стратегиялық бағдарламасында: «Біз өзіміздің тәуелсіз, егемен мемлекетіміздің негізін қаладық. Барлық қажетті мемлекеттік құрылымдар қазірдің өзінде бар, әрі ай сайын тәжірибесі мен біліктілігін ширата түсуде. Бірақ мемлекетіміздің құрылысы аяқталатын күн әлі алыс» - деген еді. Тәуелсіз еліміздің іргетасын қалап, әлемдегі бәсекеге қабілетті елдердің қатарына қосылуы үшін Елбасымыз көп еңбек сіңірді. Бүгінгі таңда бүкіл әлем Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевты жаңа мемлекет жасау жолындағы қиыншылықтарды жеңуде мұқалмас жігер, қажымас қайрат танытып, тарихтың да, тағдырдың да сынынан абыроймен өткен, халқын, елін ғасырлар төріне төрлеткен ұлы тұлға деп біледі. Оның кемеңгерлігіне, алыс болашақты болжай алатын көрегендігіне, білімі мен біліктілігіне бүкіл қазақстандықтар тәнті.
Президент Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған «Қазақстан-2050» стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» Жолдауында еліміздің жасампаздық жолымен дамуының басым бағыттарын белгілеп берді. Қоғам алдында тұрған міндеттерді орындау жолында кездескен көптеген қиыншылықтарға қарамастан ел дамуының саяси, әлеуметтік-экономикалық және сыртқы саяси үлгісі өз тиімділігін дәлелдеді. Елбасымыз атап өткендей: «Біз қуатты да табысты тәуелсіз мемлекет құра білдік.
Экономикалық кеңістігіміз дамыған ел болдық. Экономикалық және саяси реформалар сабырлылықпен, парасаттылықпен жүргізілді. Елдің жаңа ордасы – Астана қаласы салынды. Бұл қала қазақ елінің мақтанышына айналды. Халықаралық қауымдастық ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесін өткізу орны ретінде осы қаланы таңдады. Бұл да біздің мемлекетіміздің үлкен жетістігі. Біздің қоғам әлемдік дамудың демократияландыру мен адам құқықтары саласындағы халықаралық стандарттарына жақындап келеді. Біздің еліміздегі татулық пен келісім, мәдениеттер мен діндердің үндесуі әлемдік деңгейде эталон ретінде танылып отыр».
Тәуелсіздік жылдарындағы Елбасымыздың ерен еңбегін сөз еткенімізде алдымен сыртқы және ішкі саясаттағы сындарлы табыстарын тілге тиек етеміз. Дүние жүзіндегі беделді саяси ұйымдардың бірі – ОБСЕ-нің Астана қаласында саммитін өткізуінің өзі неге тұрады. Елбасымыз қоғамдағы қордаланып қалған өзекті мәселелерді байсалдылықпен, парасаттылықпен замана талабына сай шешіп келеді. Мемлекетіміздегі білім беру саласында жүргізіліп жатқан реформалар Елбасының тікелей бақылауында екендігін атап өткеніміз жөн. Мысалы, мұғалімдердің біліктілігін арттыратын «Өрлеу» Біліктілік арттырудың Ұлттық орталығы мемлекеттік білім саясатының аясында өмірге келді. Қазіргі кезеңде осы орталық арқылы Республикамыздың мыңдаған мектеп мұғалімдері Англияның Кембридж Университетінің оқу бағдарламасы бойынша білім берудің жаңа технологияларын басшылыққа алып, біліктіліктерін арттыру курстарынан өтуде. Өткен оқу жылында орталықтың облыстық филиалында 450 мұғалім біліктілігін арттырды. Биылғы оқу жылы 520 мұғалім курста оқыды. Келесі жылы 1000 мұғалімнің біліктілігін жаңа технология бойынша арттыру жоспарлануда.
Кемелділік феномені ел басқарған кез келген тұлғаның қолынан келе бермейді. Бұл қасиет бір адамның бойына жинақталған тұлғалық ұғымдылықты құрайтын философиялық пайым. Шынайы көшбасшы жақтастары да, қарсыластары да мойындай білетін тұлға болуы керек. Ол тағдырының ғана ұстасы емес, өзі араласқан ортаға ықпал ететін қайталанбас жаратылыс иесі. Осы қасиеттер бойынан табылған Елбасы ерекше болмысты, арман қуған тұлға. Арман қуатындығы кешегі күрделі кезеңдерде алдағы асуларға құлаш ұрып, батыл қимылдар жасауы. Соның бір айғағы – Ел ордасын Алматыдан Астанаға көшіруі.
АҚШ президенті Барак Обама: «Сіздің еліңіз егеменді, тұрақты және өркендеген мемлекет ретінде өзінің дамуында маңызды сабырға қол жеткізді» десе, Қытай елінің көшбасшысы болған Ху Цзиньтао: «Тәуелсіздік жылдары Сіздің басшылығыңызбен еңбексүйгіш ақылман Қазақстан халқы өзінің қажырлы да жасампаз еңбегімен дамудың дұрыс жолын таба білді» деп бұл ойды одан әрі ұштай түседі. Ресей Президенті В.В.Путин: «Мен Сізге алғыс білдіремін» деп өз ілтипатын білдірсе, Түркия президенті Абдулла Гүл: «Нұрсұлтан Назарбаев күллі түрік дүниесінің көшбасшысы» деп атап өткен еді. Біздің ойымызша, ең басым баға Елбасына өз халқының берген бағасы, халықтың оған деген шынайы сенімі. Президентіміздің феномендік қасиеті осы ұғымдармен ұштасып жатыр.
Елбасы – адамзат тарихын терең білетін, замана ағымын түсіне білетін тұлға. Әлемнің озық тәжірибесін Қазақстан қоғамына сай қылып, ұтымды пайдаланатын, стратегиялық бағдарламаларды дұрыс жолға қоя білетін, әлем мойындаған қазіргі заманның ұлы саясаткерлерінің бірі. «Бұл дүниеде біздің бір ғана Отанымыз бар, ол – Тәуелсіз Қазақстан» – деген Елбасымыздың қанатты сөзінде терең астарлы ұғым бар екендігін түсінеміз.
Мақаланы ақын Ғафу Қайырбековтің:
Сынға түскен екі ұдай тұстамына,
Қарамайды ол бақытқа, бас қамына,
Лайық ол, байқасаң қазақ түгіл,
Әлемді де әдемі басқаруға! – деген Елбасы туралы өлеңімен түйіндегім келеді.
Баймырза ҚОЖАМБЕРЛИЕВ,
«Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ облыс бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының кафедра меңгерушісі, философия ғылымдарының докторы, профессор.