
Елбасы халыққа арнаған Жолдауында ауыл шаруашылығын дамытуға, соның ішінде мал басын көбейтіп, ет экспортының әлеуетін арттыруды тапсырған болатын. Сонымен қатар, Мемлекет басшысы бұл іс астық экспортына қарағанда анағұрлым тиімді әрі пайдалы екенін де атап көрсетті.
Аймақ басшысы биылғы жылғы тамыз айында облыстық мәслихаттың сессиясында сөйлеген сөзінде мал шаруашылығын дамыту барысында ірі қара етін экспортқа шығаруды дамыту бағдарламасына орай нақты жұмыстар қолға алынып, жүзеге асырылып жатқанын жеткізді. Соның бастысы, үстіміздегі жылы «Сыбаға» бағдарламасы шеңберінде 40 фермерлік шаруашылық құрылды. Сондай-ақ, Қызылорда қаласы мен Қазалы ауданында мал бордақылау алаңдарын ұйымдастыру жұмыстары қолға алынды. Жалпы бүгінде, «Сыбаға» мемлекеттік бағдарламасына орай қой, жылқы және түйе шаруашылықтарын дамыту жөнінде мастер-жоспарлар дайындала бастады. Бұл жоспарларды жүзеге асыру облыстың барлық мал шаруашылығын дамытуға жаңаша сипат бермекші.
Айта кету керек, Елбасы тапсырмасына орай ҚР Үкіметі 2011 жылы «Ірі қара мал етінің экспорттық әлеуетін дамыту» жобасын іске асыру жөніндегі іс-шаралардың 2011-2015 жылдарға арналған кешенді жоспарын бекітті. Осы жоспарға сәйкес біздің облыста фермерлік шаруашылық ұйымдастыру үшін 8700 бас тауарлы сиыр мен бес мың басқа арналған екі мал бордақылау алаңын ұйымдастыру көзделген. Осы бағдарламаға сәйкес өткен екі жылда облыстың шаруашылық құрылымдары «Қазагро» ҰБХ» акционерлік қоғамы арқылы 817,6 млн. теңге несие алып, оған 4800 бас аналық сиыр мен 253 бас ет бағытындағы асыл тұқымды бұқа сатып алған. Үстіміздегі жылы да 72 ауыл шаруашылығы құрылымы «Қазагро» ҰБХ» АҚ арқылы 461,5 млн. теңгеге 2594 бас мүйізді ірі қара малының аналығын және 142 бас асыл тұқымды ет бағытындағы бұқа алуға қол жеткізген. Бұдан өзге Жаңақорған ауданындағы «Бақытжан» шаруа қожалығы өз қаржысы есебінен ет бағытындағы асыл тұқымды қазақтың ақбас сиыры тұқымының 100 бас қашары мен 20 бұқасын сатып алып өсіруде. Ал Сырдария ауданындағы «Көктөбе» шаруа қожалығы болса, «ҚазАгроӨнім» АҚ-на еншілес «КаzМеаt» ЖШС-нан ет бағытындағы мал шаруашылығын ұйымдастыру мақсатында 37 млн. теңге несие алып, бұл қаржыға 210 бас тауарлы сиыр мен 7 бас ет бағытындағы асыл тұқымды бұқа сатып алған.
Сөз басында айтқанымыздай, «Сыбаға» бағдарламасына сәйкес биыл Қазалы ауданы мен Қызылорда қаласында мал бордақылау алаңдарын ұйымдастыру жұмыстары қолға алына бастады. Соның бірі Қазалы ауданындағы Мінажаддин Өтеев басқаратын «Сыр маржаны» ЖШС 500 бас мүйізді ірі қараға арналған мал бордақылау алаңын салуға 21 гектар жер телімін алған. Бүгінгі таңда серіктестік «Қазагроқаржы» АҚ арқылы жалпы құны 320 млн. теңгені құрайтын мал бордақылау кешенін салу мен 160 млн. теңгеге ірі қара малын сатып алуды межелеп отыр. Орайы келгенде айта кету керек, серіктестік мал бордақылау кешенін салуға кететін қаржының 15 пайызын өз қаржысы есебінен жүзеге асырады.
Сонымен қатар, Қызылорда қаласындағы «Жирен» шаруа қожалығы 500 басқа арналған жалпы құны 139 млн. теңгені құрайтын мал бордақылау алаңының құрылысын үстіміздегі жылдың қазан айында толық бітіріп, жұмыс істей бастады. Қазір серіктестік Алматы қаласындағы «Алихан» жеке кәспіорнымен келісім-шартқа отырып, онан мал сою алаңының құрал-жабдықтарын алып, орналастыру үстінде. Бүгінде бұл мал бордақылау алаңында 60-тан астам мүйізді ірі қара бордақылануда. Серіктестік басшысы Әділжан Ізтілеуов алдағы жылдың сәуір айында жоспардағы бар мал басы толық жинақталып, мал бордақылау алаңы толық қуатында жұмыс істеуге көшетіндігін айтады.
Сонымен, «Сыбаға» бағдарламасын жүзеге асыруда өңірімізде көңілге қонымды тірліктердің бары байқалады. Соның ішінде бүгінде облыста тек қана ет экспорты әлеуетін арттыруға ғана емес, сондай-ақ, тауарлы сиыр басын көбейтіп, олардан сүт және сүт өнімдерін молынан өндіруге де бетбұрыс жасалған. Айналып келгенде, мұның барлығы облыста алдағы уақытта мал шаруашылығын дамытуды жаңа деңгейге көтеріп, оның жемісін көретіндігімізді айғақтайды.
Айғали ҚАРАБАЛАЕВ.