САПАЛЫ ӨНІМГЕ СҰРАНЫС КӨП

САПАЛЫ ӨНІМГЕ СҰРАНЫС КӨПБүгінде әлемді шарлаған  дағдарыс көптеген дамыған елдердің өзіне ауыртпалығын тигізіп, олардың экономикасын құлдыратып жіберді. Соның әсерінен бұл елдерде бірқатар өндіріс орындары жабылып, жұмыссыздар қатары күн санап артып келеді. Ақпан айында өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев елімізде осындай дағдарысты болдырмас үшін әрі оған төтеп беру мақсатында қолға алынуға тиісті нақты жолдарды талдап айтып берді. Соның бас­тысы Елбасы барлық сау­да желілерінде отандық тауарлар секциясы пайда болу үшін "Қазақстанда жасалған” акциясын қолға алу қажеттігін тапсырды.

Үкіметтің сол кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы барша азаматтарға осы күрделі жағдайда патриот болып, қазақстандық өнімді сатып алуға ерекше көңіл бөлу қажеттігін де ерекше айтып өтті. Шындығында, қазіргі дағдарыс қиындығы жағдайында бір елдің екінші елмен экономикалық байланысы нашарлай бастағаны да жасырын емес. Ал мұндай қалыптасқан жағдайдан шығу­дың бірден-бір жолы отандық тауарларды көптеп өндіруге ерекше көңіл бөлудің де маңызы зор. Өйткені бұл іс ең алдымен сырттың тауарына тәуелділіктен арылуға жол ашса, екіншіден оған кететін барлық шығын, яғни қаржы өз жерімізде қалады.
Қалай айтқанда да Елбасы бастамасымен бұған дейін қолға алынған Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының бірінші бесжылдығында елімізде көптеген аса маңызды жобалар жүзеге асырылды. Экономиканың қарыштап дамуына айтарлықтай әсер ететін мұндай істер біздің облыста да кең ауқымда жүргізілді. Нақтырақ айтқанда, осындай ел дамуына айтарлықтай үлес қосатын жобалар ішінде осы жылдары өңірлік Индустрияландыру картасы аясында қолға алынған 25 жобаның 15-і толықтай іске қосылды. Солардың қатарында өткен жылы Қызылорда қаласында ашылған "Смарт Раббер” ЖШС-ның ескі автокөлік дөңгелектерін қайта өңдеу арқылы резеңке ұнтақтары мен жерасты суару түтіктерін шығаратын өндіріс орнының алар орны ерекше. Бұл жобаның ерекшелігі сол, ол инновациялық технология қолданатындықтан біріншіден инновациялық жоба болса, екіншіден, серіктестіктің бұл жұмысы "жасыл экономика” саясаты аясында қалдықсыз өнім өндіретін өндіріс орны болып есептеледі. Жалпы серіктестік жүзеге асырған бұл жобаның құны 500 млн теңгені құрайды. Бұл қаржының 290 млн теңгесін "Дорстрой” ЖШС көтеріп отырса, ал 210 млн теңгесі "Казкау­чук” ЖШС "Технологиялық дамыту жөніндегі агенттік” акционерлік қоғамының грант қаржысы үлесіне тиесілі.
Сонымен, "Ескі автокөлік дөңгелектерін қайта өңдеу арқылы резеңке ұнтақтары мен жерасты суару түтіктерін шығаратын” жобаның тиімділігі неде дегенге келсек, онда оның күнделікті өмірде келтірер пайдасы мол екеніне көз жеткізуге болады. Соның бастысы, серіктестік толық қуатында жұмыс істеп тұрған кезде жылына 270 тонна резеңке ұнтағын өндіреді. Бұл дегеніңіз шамамен 7,5-17,5 мың шаршы метр балалардың ойын алаңдарын жасауға жетеді. Немесе, қарапайым тілмен айтқанда, төрт футбол ойын алаңын салуға болады. Сондай-ақ, мұнан бөлек серіктестік 440 тонна белсендірілген резеңке ұнтағын да өндіреді. Ал ол автокөлік жолдарын салуға таптырмайтын материал екенін екінің бірі біле бермесі анық. Серіктестік жылына өндірілетін осы "резеңке асфальт” көлемі 1700 текше метрге жетеді. Яғни ол 2,8 шақырым автокөлік жолына төсеуге жарайды. Сонымен қатар мұнда өндірілетін 3,9 млн метр жерасты суару түтігін шығарады. Ол 180-200 гектар ауыл шаруашылығы жерлерін сумен қамтамасыз етуді жүзеге асырады. Шаруа адамдарына бұл дүниенің тиімділігі сол, ол еккен егісті қалыпты суғаруға жол ашса, сондай-ақ оның пайдалану мерзімі де ұзақ уақытқа есептелген. Яғни, жерасты суару түтіктері көп жылдар бойы іріп-шірімей, жұмыс жасайды.
"Смарт Раббер” ЖШС шыққан осындай сапалы материалдарды сатып алып, пайдаланушылардың алды бүгіннің өзінде оған көптеп тапсырыс беріп отыр. Сондай сұраныстың күн сайын арта бастағанын сезіне бастаған серіктестік басшылары алдағы уа­қытта өндіріс қуаттылығын қазір­гісінен де арттыра түсуді жоспарлап отыр. Сөйтіп бүгінде қырық адам жұмыс жасайтын өндірісте жұ­мысшылар санын да арттыра түспек.
Айғали ҚАРАБАЛАЕВ.
НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 05 наурыз 2015 г. 1 850 0