
Қызылорда қаласындағы «Еркем-Ай» мектепке дейінгі кіші орталық мекемесінде, «Ботақан» ll сәбилер тобында жомарт күзге арналған мерекелік ертеңгілік өтті.
Туған табиғаттың тамаша бір көрінісі күз мезгілі. Айнала сары түске малынып, бояла түседі. Сары алтындай күз айы ерекше берекелі, мерекелі. Әрбір үйдің дастарханы дәмге, еліміздің қоймасы дәнге толтыратын жомарт күзге байланысты «Ботақан» ll сәбилер тобы ата-аналарына өз өнерлерін көрсетті.
Балғындардың тәтті тілінен шыққан әсем әндері мен тақпақтары, бұрала билеген билері ата-аналарды тәнті етті. Тәрбиешілердің Күз ханшайымы бейнесіне еніп бөбектерді еркелетуі, Сайқымазақтың балаша жүгіріп, сәбише секіргеніне балалар мәз болысты. Топ тәрбиешілері Динара Қыстаубаева мен Інжу Тұрмахановаға ата-аналардың ризашылығы шексіз.
Бүлдіршіндер күз мерекесіне ерекше дайындалыпты. Олар түрлі жемістердің кейпіне еніп тақпақтарын жатқа айтты. Тілдері жатық, сөздері анық бөбектер шынымен-ақ тәп-тәтті жемістей боп тұр. Биыл балабақша төрінде бұл мереке алғаш рет тойланды. Келешекте де балалар қуанышы үшін тұрақты түрде өткізіліп тұрмақшы.
Нұрбек САҒАТҰЛЫ.