« Маусым 2025 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | ||||||
2 | 3 | 4 | 5 | 6 | 7 | 8 |
9 | 10 | 11 | 12 | 13 | 14 | 15 |
16 | 17 | 18 | 19 | 20 | 21 | 22 |
23 | 24 | 25 | 26 | 27 | 28 | 29 |
30 |
Биыл елімізде
айтулы мерекелер Ұлы Жеңістің 70 жылдығы, Қазақстан Конституциясы мен Қазақстан
халқы Ассамблеясының 20 жылдығы аталып өтеді.
Қазақстан – көпұлтты ел болғандықтан татулықты, қоғамдағы саяси тұрақтылық пен толеранттық қатынасты қалыптастыруда Қазақстан халқы Ассамблеясы игілікті жұмыстар жүргізіп келеді. Тәуелсіздік жылдарында санамызға енген толеранттылық ұғымына тоқталайық. «Толеранттылық» сөзі латын тілінен алдымен француз, кейін еуропа тілдеріне енген. Оны "төзімділік” деп аударып жүрміз. Шындығында, оның мәні қазақ тілінде терең мағынада қолданылады.
Толеранттылық – рухани, адами, идеялық, діни көзқарастар мен ұстанымдарға ортақ болса да, қабылдаймын дегенді білдіреді. ХVІІІ ғасырда өмір сүрген француз жазушысы әрі философ Вольтер: "Сіздің пікіріңіз маған жат, бірақ оны жақтау үшін өмірімді құрбан етуге дайынмын”, деген екен. Ол – толеранттылықтың басты қағидаты. Бұл адамдар арасында өзара сыйластықты, мейірбандықты білдіреді. Сондықтан толеранттылық екі жақтың мемлекеттер, діндер, этностар және жеке адамдардың бір-біріне шапағат жасай білуі. Толеранттылыққа қарсы "интолерантность” деген ұғым да бар. Оны төзімсіздік, ымырасыздық, шыдамсыздық, менмендік, бірбеткейлік деп адам, әлеуметтік топтар, мемлекеттерге байланысты айтуға болады.
Толерантты парасаттың үлгісі қазақ билерінде көп кездеседі. Мысалы, Қазыбек бидің қалмақ ханы Қоңтайшыға айтқан "біз қазақ деген мал баққан елміз” деп басталып, "досымызды сақтай білген елміз, дәм-тұзды ақтай білген елміз, асқақтаған хан болса, хан ордасын таптай білген елміз”, "...берсең жөндеп бітіміңді айт, не тұрысатын жеріңді айт!” деп аяқталатын сөздері өзара төзімділікке, сыйластыққа шақырады. Қазақ билері "Төремін деп тепсінбе. Төре мен құл майданда, кәрі мен жас ақылда, бай мен кедей мырзалықта, барлық адам көр мен қаза жауабында теңеледі”, – деп, адамдардың намыс, ақыл-парасатпен теңесетінін айтқан.
Қарама-қарсы беталыс, бағыт, пікір, идеялар қай мемлекет пен қоғамда да бар. Халықтың даналығы, ел басқарудың өнері осы үрдістерді белгілі мәмілеге келтіріп, үйлесім, жарасым таптыруда. Толеранттылық, келісім тарихтың мәңгілік сыйы емес. Себебі күнделікті дамудан туып отыратын қайшылықтар біржола шешілмейді. Ол ешкімге бұра тартпай, шынайы жанашырлықпен, халықпен ақылдаса отырып шешімін табуды талап етеді.
Өзара төзімділік, бөтенді шеттетпеу, толеранттық мінез таныту мәселесі ХVІ ғасырда Еуропада діни қозғалыстар мен діни жіктерге байланысты туған. Лютеран, протестант пен католиктерді бір-бірін жатсынбауға арналған декреттер, заңдар қабылданып, бөтен діндерді қудалауға, үстемдік жүргізуге тыйым салынған. Бірте-бірте діни конфессиялардың біржақты төзімділігі өзара діни төзімділікке, діни салт-жораларды еркін атқаруға, діни сенім еркіндігіне негізделе бастаған. Бөтен дінге рұқсат беруден оны сыйлауға, адамның діни сенім құқының маңызды тірегі ретінде мойындалған. Өзара сыйластық, толеранттық сананы әкімшілік, авторитарлық жолмен енгізуге болмайтындығына көз жеткізілген. Сөйтіп, дінді уағыздаушылардың билігіне шек қойыла бастады.
Француз философы Клод Адриан Гельвеций дінаралық қақтығыстарды ешқандай ақыл-парасатпен ақтауға болмайтындығын айта келе, мына өсиет әңгімені тілге тиек етеді. Көрнекті суретші түсінде жұмақтың қақпасына көтерілсе, оны қасқа бас, сақалы беліне түскен, қолында кілттері бар бір қария таңғалдырады. Зер салып қараса, ол әулие Петр екен. Апостол жұмақ қақпасының алдында отыр. Бір топ адам оған қарай бет алады. Бірінші болып католик келеді: "Мен өмір бойы осы дінді ұстандым, ізгілікті, рақымшыл адаммын”, – дейді. "Олай болса, – дейді әулие, – католиктер отыратын орынға өт”. Одан кейін протестант көрінеді. Ол да өзін кісілік қасиетім мол, ыждағатты жанмын деп таныстырады да, сондай жауап алады. Одан кейін Бағдат пен Басрадан келген мұсылмандар өздерін мейірбан, кеңпейіл адамдармыз дейді. Әулие Петр мұсылмандарға да құрметті орын ұсынады. Ең соңында тағы бір адам жақындайды. "Сен қай дінге сенесің?” деген Апостол сұрағына: "Мен, қасиеттім, ешбір дінді ұстанбаймын, бірақ мейірбан адаммын”, – дейді ол. Әулие ойланып-ойланып: "Олай болса, сенің де жұмаққа өтуіңе болады, бірақ сені қайда орналастырамын?” – деп қиналады. Ақырында "Өт, орныңды өзің тап, қалаған жеріңді таңда”, – депті. Философ бұл өсиет әңгіме арқылы күні бүгінге дейін даулы әңгімеге арқау болып келе жатқан мәселені көтереді. Тек діншіл адам ғана емес, дінді ұстанбайтындар да ізгілікті, иманды, берекелі адамдар болуы мүмкін.
Адамдардың наным-сеніміне бұйрық, зорлық жүрмейді. Гельвеций тағынан кеткен корольдің: "Үйімде 30-дан астам сағат бар, бірақ солардың ішінде дәлме-дәл бір уақытты көрсететін екі сағат жоқ. Қалайша мен дін мәселесінде барлық адамдар бірдей ойласын деп мәжбүрлегенмін? Қандай ақымақтық, қандай астамшылық!” деп өзін өзі сөгіп, кеш болса да менменшіл патшаның өкінгенін айтады.
«Толеранттық» атауы халықаралық термин сөз болғанымен, мағынасы қазақтың төл сөзі — кәдімгі төзімділік дегеннің баламасы. Ол қарапайым тұрмыста көршінің көршіге деген төзімділігінен бастап, кең ауқымда мәдениеттер арасындағы, діни конфессиялар, ұлттар, ұлыстар, тілдер арасындағы өзара төзімділікті, ымыраласуды білдіреді. Ең бастысы — қазақтың төзімділігінде шек жоқ екенін ешкім жоққа шығара алмас.
«Толеранттың» жөні бөлек, айтқанға көнетін, айдауға жүретін сыңай білдірер емес. Қазіргі кезде бұл термин әрқалай алынып жүр. Бірде «төзімділік», келесіде «шыдамдылық», кей уақытта «ұстамдылық» деген сияқты әркім ойына оралған сөзбен таңбалап келеді. Сонда «выносливость», «терпеливость», «сдержанность» болып шығады. Жақындай түседі, бірақ жуықтамайды, терминдік жүгін тарта алмайды. Әлгінде айттық, Бошай ағамыздың әдісіне салып, тілімізді бұраған едік, онымыздан да ештеңе өнбеді. Ақыры қуа келгенде, қазақтың аса бір биязы реңкте айтылатын «тағаттылық» деген сөзі ойымызға орала берді. Дыбысталуы, үндесуі жағынан да, мағыналық жанасымы жағынан да жақын тұр. «Толерантность» терминімен қатар айтылғанда да жақсы әсер қалдырады.
Енді француздардың «мотив» сөзіне оралсақ, мұнда да біраз сөздерді, синонимдерді саралаған едік. Ынта, ықылас, пейіл, ниет, қысқасы, ындынға дейін біраз сөздер ойға оралды, арнаулы сөздіктерден ұшырасты. Дәл мағынасын беретін, қолданысқа еніп кетеді-ау дейтіндей сөз ілікпеді. Сондықтан мәтіп дегенге тоқталғанымыз жөн сияқты.
Біз толеранттылық ұғымын қалай түсінеміз? Жалпы, бұл ұғымның маңыздылығы, мәні қандай? Жас ұрпақты толеранттылыққа қалай тәрбиелейміз және толеранттылықтың шегі неде? Қазақы толеранттылық пен отансүйгіштік және полиэтникалық ортадағы мәдениет пен тілдік әралуандылыққа қандай баға беруге болады?
Толеранттылық түсінігіне қазақтың сабырлылық ұғымы дәл келеді деп ойлаймыз. Қазақ «Сабыр түбі – сары алтын» дейді ғой. Толеранттылық қай халық тарапынан болу керек? Мәселен, кешегі кеңестік Қазақстанда біздің толеранттылығымыздан бұрын, мемлекет құраушы ұлттың толеранттылығы шешуші рөл атқарды. Демек, бодан халықтың толеранттылығы және мемлекет құраушы ұлттың толеранттылығы болды. Екеуінің миссиясы бір-бірінен бөлектеу болды деп айтуға болады. Ал енді бодан халықтың толеранттылығы шектен шығып кетсе, ездікке апарады. Керісінше, мемлекет құраушы ұлттың толеранттылығы шектен шығып кетпесе, онда ол басқа ұлттарды, этносты біріктіруші факторы саналды. Барлық нәрсенің заңмен реттелгені дұрыс. Толерантты екенбіз деп, мемлекеттік, ұлттық мүддеге қайшы келетін шекарадан өтіп кетпеу керек. Мұны салт-дәстүрімізден бұрын, заң реттейді. Тіл, дін, ұлтаралық қатынаста толеранттылық қарастырылуы керек. Мұхтар Әуезовтің «төзімділік жақсы қасиет, бірақ өмір бойы төзуге болмайды» деген сөзі бар. Толеранттылықты заңмен реттеп, құқықтық негізін анықтау керек. Бұл мәселеде алдымен зиялы қауым өкілдері, сосын билік күш салуы тиіс.
Ұлттық толеранттылық біздің тарихи-мәдени кеңістігімізде қоғамды топтастыратын белгілі фактор болып отыр. Екінші жағынан, толеранттылық барлық мәселені шешіп тастайды деуге тағы болмайды. Бұл бір сегменттік актуалды танудың, ұлтаралық қатынастарды, саяси тұрақтылықты реттеудің маңызды факторы. Біздің пайымдауымызша, толеранттылық саяси тұрақтылықтан, қоғамдық келісімнен, әлеуметтік түсінушіліктен, елді басқаратын қатынастан, татулықтан, ұлтаралық келісімнен және саяси этникалық-діни мәдени толеранттылықтан тұрады. Міне, осы құндылықтардың барлығы бірігіп, мемлекеттің тұрақты дамуын және рухани-мәдени келбетін қамтамасыз етеді. Сондықтан толеранттылықты осы контексте қараған дұрыс.
Қазақстандағы толеранттылық ата-бабамыздан, дәстүрімізден келе жатқан құбылыс. Біз басқа ұлттарды, этномәдениетті жатсынбайтын ашық этнос ретінде қалыптастық. Бәрімізге мәлім, Еуропаның саяси тәжірибесі көрсеткеніндей, мультимәдениет саясаты абырой берген жоқ. Олар да бұл ретте саяси дағдарыстарға ұшырады. Франция, Германия, Испаниядағы жергілікті халық белгілі дәрежеде өз мемлекеттеріне өкпелі.
Елімізде төзімділікті сақтау саясатының өзіндік мақсаты болу керек. Нақты саясатта маңызды мақсаттар жүзеге асырылып, еліміздегі барша ұлттар мен ұлыстарды қазақ ұлтының маңына топтастыру жұмыстарына көңіл бөлінуі қажет. Қоғамдық дамуда толеранттылық, төзімділік үлкен роль атқарады.
Мұстафа МАТАЕВ,
Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің профессоры, академик.
Баймырза ҚОЖАМБЕРЛИЕВ,
«Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы»
АҚ Қызылорда облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының кафедра меңгерушісі, философия
ғылымдарының докторы, профессор.
« Маусым 2025 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | ||||||
2 | 3 | 4 | 5 | 6 | 7 | 8 |
9 | 10 | 11 | 12 | 13 | 14 | 15 |
16 | 17 | 18 | 19 | 20 | 21 | 22 |
23 | 24 | 25 | 26 | 27 | 28 | 29 |
30 |