БӨГЕННІҢ БАЛЫҒЫ БЕЛЬГИЯҒА ЖЕТТІ

БӨГЕННІҢ БАЛЫҒЫ БЕЛЬГИЯҒА ЖЕТТІҚалталы азаматтардың әлеу­меттік қолдауды қажет ететін қандастарымызға қол ұшын созуы неткен жарасымды. Ондай жайсаң жанды кәсіпкерлерге алғыстан өзге айтарымыз жоқ. Бәлкім олардың талаптарының өрге жүзуіне көпшіліктен алған рия­­сыз алғыстары себепкер болуы да. «Халық – Құдайдың бір аты» деп тегін айтылмаса керек. Солардың бірі «СПК Қызылорда Балық» ЖШС директоры Аманбай Ерхатов десек, жарасымды.

– Жақсының жақсылығын айт. Аманбай мүгедектерге, тұрмысы төмен отбасыларға, әлеуметтік қолдауды қажет ететін жандарға үнемі жанашырлық танытады. Тағдыр тезіне ұшырағандарға да қолғабыс көрсетуден тартынған емес. Мұндай жанұялардың тізімін алып, балық өнімдерін тегін таратты. Қамқорлығы мол азаматқа жұртшылық дән риза, – дейді Қазалы аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі басшысының орынбасары Баян Төлегенова.

Ойды ой қозғайды. Санамда жаңғырған төмендегі жайтты оқырманмен бөліссем. Жаз мезгілі болатын. Аралдық бауырлар қолқа салды. Айтуларынша, «Шағалалы қайыр» түбегінде «Бахыт» шаруа қожалығының ұйымдастыруымен балықшылар мерекесі аталып өтпекші. Соған мені арнайы қонақ ретінде шақырыпты.Ақиқаты керек, мереке аса жоғары деңгейде тойланды. Осы ретте жамағатқа ерекше әсер еткен жайтты бүгіп қалу жарамас. Айдын бетінде қаз-қатар тізілген әсем қайықтар көздің жауын алады. Қымбат бағалы, түрлі үлгідегі каюталы қайықтар толқын төсімен жеп- жеңіл сырғиды. Құдды су бетіне аппақ аққулар қонып жатқандай әсер қалдырады. Тілмен айтып жеткізе алмас сұлу көрініс. Ал қайықтарды басқарып келе жатқан өңшең тұлғалы жігіттерді шетінен қаһарман капитандардай сезіндік. Той кәдесіз болмайтыны мәлім. Еңбегімен ерекшеленгендерге, ардагерлерге «СПК Қызылорда Балық» ЖШС директоры Аманбай Ерхатов бағалы сыйлықтар тапсырды. Еңбектері еленгендердің қуаныштарында шек жоқ.

Нақты кезеңде «СПК Қы­зыл­орда Балық» аталатын серік­тестіктің құрамына «Бахыт» шаруа қожалығы, «Бөген сервистік дайын­дау орталығы» қарайды. Тәуел­сіздігіміздің 20 жылдығы қар­саңында ұжымда жаңа зауыттың құрылысы салынып, пайдалануға берілді. Германдық қуатты әрі тиімді қондырғыларымен жаб­дық­талған зауытта тек көксерке ба­лығы өңделеді. Дәмі тіл үйіретін балық сүбесінің сыртқы нарықтағы сұранысы аса жоғары болуы көп жайтты аңғартады. Қазіргі таңда зауытта 60 адам тұрақты жұмыс жасайды. Дерекке жүгінсек, зауытта тәулігіне 5 тонна балық таза­ланатынға ұқсайды. Бұл 2,5 тонна таза көксерке балығының сүбесі дайындалады дегенді аңғартады. Әзірленген балық сүбесі келісім-шартқа сай Германия, Дания, Голландия, Бельгия, Австрия, Польша мемлекеттеріне жіберілуде.

Қоғамның басты байлығы – адам. Бұл – Ерхатовтың бас­ты ұраны. Зауыт жұмысшылары тегін тамақпен, арнайы киіммен қамтылған. Оған қоса жалақы кідіріссіз төленеді. Еңбекақы мөлшеріорташа 60-100 мың теңге аралығын құрайды. Осы ретте жұмыстың сапалы да өнімді болуына технолог Ғазиза Құлнияз, ветлаборант Азамат Қосмамбетовтің ықпалы ересен екендігіне тоқтала кету ләзім. Сондай-ақ балық аршушы Дастан Джаханов, Абилхан Алдаш,балық кесушілер Ғалия Нұрымбет, Іңкәр Қалыбаева, балық жаюшы Эльмира Мықтыбаева, Шамшат Құлмырзаева, глазировка жасаушылар Руслан Тажибай, Жалғас Жамиев өзгелерге үлгі болуда. Әсіресе, балық кесуші Маржан Жиеналиеваның толымды тірлігі жан жадыратады. Осынау байырғы да кәсіби маман нағыз өз ісінің шебері. Маржанның өзі ғана күніне 700 кг балық кесіп, одан 350 кг балық сүбесін дайындайды. Шеберлік деп осыны айт.

Зауыт басшылығы қайырым­ды­лық іс-шараларына белсене араласады. Орталық мешітке де көмек көрсетуді парызы санайды. Ұжымның жеткен жетістіктері толағай. Өткен жылы аудандық «Алтын күз» мерекесінде «Үздік азық-түлік тауарлары» номинациясы бойынша жеңімпаз атанды. Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында зауыт директоры Аманбай Ерхатов «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды. «Еңбек ер атандырады» деген осы да.

Жұмабек ТАБЫНБАЕВ.

Қазалы ауданы.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 14 ақпан 2015 г. 1 869 0