Өткен жылғы халық алдындағы есепті кездесуде облыс әкімі Қырымбек Көшербаев облыста құрылыс саласын дамыту мен бұл бағытта жүргізілетін жұмыстарды жүйелендіру үшін кешенді жұмыс жоспары іске асырылатынын айтқан болатын. Соның ішінде халық игілігі үшін тұрғын үй құрылысы мен әлеуметтік нысандарды сапалы әрі мерзімінде пайдалануға беруге ерекше көңіл бөлінді.
Жалпы соңғы уақытта облыста құрылыс жұмыстарының қарқынды жүргізіліп келе жатқандығы белгілі.
Жылқы жылында да өңіріміздегі құрылыс саласындағы сол жақсы іс өзінің жалғасын тапты. Осы мақсатқа облыста былтырғы жылы 29,5 млрд. теңге қаржы бөлінді. Бұл қаржы алдыңғы жылға қарағанда айтарлықтай артық. Соның нәтижесінде өткен жылы облыстың құрылыс жүргізу саласында екі миллиардтай қаржы артық игерілді. Осындай қаржы есебінен былтыр облыста 31 мектеп, 9 балабақша, бір жатақхана мен 21 денсаулық сақтау орны, сондай-ақ, 12 мәдениет нысаны пайдалануға берілді.
Негізі әлеуметтік нысандар қатарында өткен жылы "Бизнестің жол картасы-2020” бағдарламасы шеңберінде сегіз нысанның құрылысы жүргізіліп, олардың инженерлік инфрақұрылымдары жеткізілді. Мұнан бөлек, спорт және туризм нысандарын дамыту саласы бойынша барлығы бес нысан, соның ішінде 3 спорттық сауықтыру кешені, Н.Ілиясов ауылында стадион мен бір мәдени-спорт кешенін қайта жаңғырту құрылысы жүргізілді. Сондай-ақ, қаладан мамандандырылған халыққа қызмет көрсететін орталық нысанын салу да басталды. Жалпы былтыр облыста 92 әлеуметтік нысан салу қолға алынса, соның 65-ке жуығы пайдалануға берілді.
Сонымен қатар
облыста "Қолжетімді баспана-2020”
бағдарламасын жүзеге асыруда да толымды тірліктер жүзеге асырылды. Осы
бағдарламаны жүзеге асыру үшін республикалық бюджеттен 5,8 млрд. теңге қаржы
бөлінді. Соның ішінде арендалық үйге кезекте тұрғандар үшін бір миллиард теңге
бөлініп, оған қала мен облыстан 51 үйдің құрылысы басталып, оның 47-сі
пайдалануға берілді. Сол секілді жас отбасылары үшін қаладан салынған алты
үйдің төртеуі және тұрғын үй құрылысының жүйесі есебінен Қызылорда қаласында
жүргізілген 11 үйдің алтауы өз қоныстанушыларына есігін айқара ашты. Жалпы өткен
жылы республикалық бюджет есебінен 58 үй пайдалануға берілді. Орайы келгенде
айта кетейік, қандай құрылыс нысанын салғанда оның инженерлік-коммуникациялық
инфрақұрылымы қатар жүретіні де белгілі. Былтыр сондай жұмыстар 12 нысанда
жүргізіліп, оның сегізі толық аяқталды.
Еліміз
тәуелсіздігін алғаннан кейін оның
әлеуметтік-экономикалық дамуы да айтарлықтай жақсарды. Соған сәйкес халықтың
тұрмыстық ахуалы да түзелді. Демографиялық өсім де арта түсті. Халық санының
өсуі қосымша құрылыстар жүргізуге жол ашты. Еліміздегі секілді осындай жағдай
біздің облыста да көрініс берді. Облыс орталығы тұрғындарының қатары артуы Сырдария өзенінің сол жағалауын
дамыту бастамасын қолға алуға түрткі болды. Жалпы алдын ала жүргізілген зерттеу
жұмыстарына сәйкес сол жағалауды игеру 90 мыңнан астам халықты тұрақты
орналастырып, 12 мыңнан астам адамды жұмыспен қамтуға мүмкіндік береді. Міне,
ауқымы үлкен осындай кешенді жұмыстардың бастауы ретінде өткен жылы Мұратбаев
көшесі арқылы Сырдария өзеніне көпір құрылысын салу ісі басталды. Бұл көпір
құрылысының жалпы сметалық құны 5,9 млрд. теңге. Оның құрылыс-монтаж жұмыстарын
үш жыл ішінде аяқтау көзделген.
Көпір құрылысы
жайында айтқанда былтыр бір жақсы істің аяқталғанын да айта кеткен дұрыс. Ол
облыс аумағында орналасқан Сырдария ауданының негізгі проблемаларының бірі
аудан елді мекендерін екіге бөліп отырған Сырдария өзені арқылы көпір құрылысы
болатын. Бұл мәселе сонау кеңестік дәуірден бері сан мәрте айтылып, жүзеге
аспай келген. Міне, бұл іс те облыс басшысының қолдауымен жүзеге асып, көпір
құрылысы толықтай аяқталды. Енді бұрын жүздеген шақырымды айналма жол етіп
жүрген жолаушылар бүгінде жаңа көпірдің игілігін көріп отыр.
Сонымен, өткен
жылы облыстағы құрылыс саласының жұмысы жаңаша сипатта дамыды. Соның бастысы
халық игілігі үшін салынған тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандар, өзеннің сол
жағалауын дамыту секілді құрылыс саласындағы нысандар облыста ерекше бір серпінділіктің бар екенін көрсетті. Сала
жұмысындағы соңғы жылдарғы тәжірибеге сүйенсек, онда Сыр құрылысында мұндай қарқынды қимыл биыл да
жалғасын таба бермекші.
Айғали
ҚАРАБАЛАЕВ.