Аптаның жексенбісі күні облыс әкімі Қырымбек
Көшербаев Шиелі, Жаңақорған аудандарында іссапармен болып, бірқатар әлеуметтік
нысандарды аралады.
Облыс басшысы әуелі Шиелі ауданы Бидайкөл
ауылындағы жаңа дәрігерлік амбулаторияның жұмысымен танысудан бастады. Аудан
іргесінде болса да жаңадан салынған емдеу орнының шарапатын көру
бидайкөлдіктерге биыл ғана бұйырған секілді. Өйткені, бұрынғы ФАП ғимараты ескірген, замана талабынан алшақ
жатқан тұрғын үй есебіндегі мекен еді. Биылдан бастап ауыл адамдарының
мемлекеттік бағдарламалар аясында емделуіне толық мүмкіндік туғызылды.
Құрылысшылар ауылға көрік беріп тұрған әсем емдеу орнын айналдырған алты ай
ішінде салып бітірді. Бұған бюджет қоржынынан сексен миллион теңгеге таяу қаржы
жұмсалынды. Құрылыс мердігері «Болашақ» серіктестігі. Амбулаторияның
сыйымдылығы 50 орындық болса, мұндағы күндізгі стационар 3 орын, ауылдың он
тұрғыны осында еңбек етеді. Бұл туралы әкімге аудандық денсаулық саласының
басшысы Қазыбек Шәукебаев мәлімдеп, аудандағы осы саладағы атқарылатын шаруалар
туралы да баян етті.
Сапар барысында ауылдағы мәдениет үйінің күрделі
жөндеу жұмыстары да назардан тыс қалған жоқ. Себебі, мемлекет қоржынынан
шыққан әрбір тиын өз мақсатына жұмсалып,
атқарылған жұмыстардың сапалы болуы қоғам мүддесі екендігі белгілі, бұл туралы Елбасының нақты тапсырмасы бар. Сонау 1974
жылы салынған ауылдағы мәдениет үйі расында кешегі тоқырау жылдарынан бері
күтімсіз қалған еді, еліміздің даму мүмкіндігіне сай, ол үшін қомақты қаржы
бөлініп, қайта жаңғырып шыға келді. Мұнда қызықты жиындар өткізумен бірге,
түрлі үйірмелердің жұмыс істеуіне мүмкіншілік туды. Бәріне талабына
сай бөлмелер мен жабдықтары бар. Ауыл
кітапханасы да өзінің құтты орнына қайта оралды. Ал мұндағы спорт залы тіптен
керемет, күніге онда қырық-қырықтан екі топ күрес жаттығуларына қатысады. Ауыл
балаларының осылай үлкен спортқа қадам басуына мүмкіншілік жасалынды. Ауылдық
мәдениет үйінің күрделі жөндеуіне 47 млн. теңге бөлініп, аталған қаржыны
«Асанас-Дар» серіктестігі толық игеріп шықты. Жиында ауыл ардагерлері атынан Мейрам
Ақанов, Жақсылық Әлиев өз пікірлерін білдіріп, ауылға деген қамқорлығы үшін
Елбасыға алғыстарын жеткізді.
Мәдениет
үйінің фойесінде мемлекеттік «Ақбұлақ» бағдарламасының аудандағы орындалу
барысы таныстырылды. Аудандық құрылыс бөлімінің басшысы А.Сүйіндіковтің мәліметінше
жобалық құны 4 млн. теңгеден асатын «Жиделі топтық су құбырының» №5 көтеру сорғы стансасынан Жөлек елді
мекеніне дейінгі су құбырлары, елді мекендердің бас су қабылдау қоймасын қосу
және ішкі су құрылысы жұмыстары талапқа сай аяқталып, халықтың таза ауыз сумен
қамтамасыз етілуі жуық арада аяқталуы тиіс. Осы мақсатта жоспарға сай тірліктер
атқарылу үстінде екен. Тек ұқыптылық пен жанашырлық қажет.
Шиелідегі
бір түйткілді мәселе – аудан орталығында заманауи сұранысқа жауап бере алатын
лайықты кітапхана жоқ, аудандағы орталық кітапхана кеңестік кезеңде бір мекеме
мекен еткен ескі ғимаратқа амалсыз орналасып, күн кешіп келеді. Кітапхана
құрылысы оншақты жылдан бері сөз етілгенімен, әйтеуір бір кедергі алдан шығып,
ғимараттың реті болмай тұр. Облыс әкімі
мәдениет саласы қызметкерлерінің ұсыныстарына құлақ асып, бұл киелі орынға да
бас сұқты. Апаттық жағдайдағы орталық кітапхананың іргесі құзданған, едендері
шіріген, төбесінен су ағады, соншама зор рухани байлықты лайықты сақтап, оқырманға
ұсынуға мүмкіншілік аз. Әйтсе де, мұндағы қызметкерлер түрлі шараларын өткізіп,
оқырмандарды тартып-ақ келеді. Қырымбек
Елеуұлы кітапхана жағдайын көрді, танысты. Аудан басшысына лайықты ғимарат
іздестіріп, арзандау бағаға сатып алу жолын қарастыру жөнінде ұсыныс жасауды
тапсырды.
Аудандық
әкімдіктің мәжіліс залында аудан активімен кездесіп, жыл басындағы міндеттер
туралы тағы да пікірлесіп, жұмыстарына сәттілік тіледі.
Түстен кейінгі
сапар Жаңақорған ауданында жалғасып, әкім әуелі кенттегі мүмкіндігі шектеулі
балаларға арналған «Нұрлы сенім» атты балабақшаның жұмысымен танысты, Елбасының
бұл тұрғыдағы тапсырмаларының мүлтіксіз орындалуы керектігін еске салып өтті.
Онан кейін Қожакент ауылына жол жүріп, ондағы 90 орындық жаңа балалар бақшасын
көрді.
Облыста
«Балапан» бағдарламасына сай балаларды мектепке дейінгі мекемелермен қамтамасыз
ету республикада жоғары деңгейде жеткізілді, тапсырманы өз мерзімінен бұрын
орындау жолындамыз. Ауыл ардагерлері атынан сөз алған Серікбай Мәтешов атқарылып
жатқан тірлікке ризашылығын білдіріп, ауылдарға табиғи газ жеткізуді айтып
өтті. Облыс басшысы үстіміздегі жылдың ақпан айының соңында облысымыздың төрт
бірдей ауданына орталық газ тарату қоймаларының құрылысы басталатындығын айтып,
онан әрі елді мекендерді газдандыру жұмыстарының біртіндеп жүзеге асырылатындығын
еске салды.
Қырымбек
Көшербаев Жаңақорған ауданындағы сапарының соңында аудан әкімдігінде аудан
активімен де кездесіп, пікірлесті.
Нұрмахан
ЕЛТАЙ.
Шиелі,
Жаңақорған аудандары.