
Арал ауданында
қайғылы оқиға орын алды. Сырдария өзені үстінен көлікпен өтпек болған бес адам мұз
астынан табылды. Осыған байланысты облыс әкімінің орынбасары Нұржан Әлібаевтың төрағалығымен
төтенше жағдайлар комиссиясының кезектен
тыс отырысы өтті. Онда қыс мезгілінде су айдындарында аймақ тұрғындарының
қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі қаралды.
«Суда құтқару
қызметі» мемлекеттік мекемесінің бастығы Арыстан Алмашевтың мәлімдеуінше, оқыс
оқиға 20 қаңтар күні сағат 13 сағат 51 минут шамасында Арал ауданы Аманөткел ауылының
тұсында болған.
– Сырдария
өзенінің мұз үстімен өтпекші болған бір автокөлік мұз жарылып, су астына батып кеткені
туралы хабарды естісімен Арал құтқару стансасының 4 маманы оқиға орнына барады.
Сағат 15:00 шамасында су астынан кран автокөлігінің көмегімен «УазФермер» маркалы
көлік жағаға шығарылды. Ішінен 5 адамның мәйіті табылды. Олар: 1980 жылы туылған
Қазалы ауданының тұрғыны Бекназар Оңғаров, қалған төртеуі Арал ауданы Қызылжар ауылының
тұрғындары – 1974 жылғы Алтынбек Әбілов, 1977 жылғы Әли Әбдікеров, 1984 жылғы Батырбек
Садықов және 1991 жылы туылған Нұрсұлтан Әбдікеров. Автокөліктің жүк салғышында
«Урал» мотоциклі болған. Бұл балықшылар Қаратерең елді мекеніне баратын жол арқылы
теңізден балық аулауға шыққан екен. Алайда, олар өтпек болған мұздың қалыңдығы 20 сантиметр ғана. Басқа
жерлерде 30-40 сантиметр
болған. Ауа райына байланысты мұз қалыңдығы өзгеріп тұрады, – деді Арыстан Алмашев.
Облыс әкімінің
орынбасары Нұржан Әлібаев облыс тұрғындарының су айдындарында қауіпсіздігін қамтамасыз
етуге келгенде тиісті сала қызметкерлері, ауыл әкімдері өз жұмысына салғырт қарамауын
қатаң ескертті.
– 1 ақпанға
дейін төтенше жағдайлар департаментінің мамандары дария бойындағы барлық өткелдердегі
ескерту тақтайшаларын тағы бір мәрте тексеріп шығып, балықшыларға түсіндірме үнпарақшасын
таратуы қажет. Егер ережеге бағынғысы келмейтіндер
болса, құқық қорғау органдарына ескертіңіздер. Ал ішкі істер департаменті мұз үстінде
көліктердің жүруіне тыйым салсын. Ауыл әкімдері де қол қусырып отырмауы керек. Біз
үшін адам өмірі маңызды, – деді облыс әкімінің орынбасары.
Жиын қорытындысында
қыс мезгілінде балық және аң аулаудағы қауіпсіздік шаралары күшейтілетіндігі айтылды.
Дәурен ОМАРОВ.