ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ 2015 ЖЫЛҒА АРНАЛҒАН ІС-ҚИМЫЛ ЖОСПАРЫ

ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ 2015 ЖЫЛҒА АРНАЛҒАН ІС-ҚИМЫЛ ЖОСПАРЫҚызылорда облысы әкімінің 2015 жылға арналған іс-қимыл жоспарының мақсаты, басымдықтары мен міндеттері Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың  «Нұрлы  жол – болашаққа бастар жол» атты  Жолдауына, Қызылорда облысының 2020 жылға дейінгі әлеуметтік-экономикалық даму Стратегиясында қаралған өңірді дамытудың негізгі бағыттарына сәйкес, сонымен қатар сыртқы экономикалық факторлардың жағымсыз әсерлері ескеріле отырып айқындалды.

Іс-қимыл жоспарының мақсаты – халықтың жұмыспен қамтылуын сақтау және әлеуметтік тұрақтылық, құрылымдық реформаны жалғастыру, тіректі елді мекендерді дамыту.
Іс-қимыл жоспарының негізгі бағыттары:
бірінші - әлеуметтік дамыту, ең әуелі әлеуметтік міндеттемелерді уақытылы орындау және жаңа жұмыс орындарын құру;
екінші - өңір экономикасын әртараптандыруға бағытталған басымды жобаларды іске асыру;
үшінші - инфрақұрылымды дамыту;
төртінші - қоғамдық кауіпсіздікті қамтамасыз ету;
бесінші - жергілікті мемлекеттік басқаруды және өзін-өзі басқаруды дамыту болып белгіленді.
Бірінші. Әлеуметтік даму

 
Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау.
9,5 мыңнан кем емес тұрақты жұмыс орнын және жұмыссыздар үшін 840 әлеуметтік жұмыс орнын құру;
«Жұмыспен қамту – 2020 Жол картасы» бағдарламасы шеңберінде жастар тәжірибесіне 1400-ден кем емес, қоғамдық жұмыстарға 7000-нан кем емес, оқытуға 380-нен кем емес жұмыссызды бағыттау. Шағын несиелеумен 560 адамды қамту.
Жұмыссыздық деңгейінің өсуіне жол бермеу бойынша қосымша шаралар қабылдау.
Бюджеттік мекемелер қызметкерлерінің (мұғалімдердің, дәрігерлердің, әлеуметтік қызметкерлердің және басқаларының) жалақысын, сондай-ақ жергілікті бюджеттен төленетін барлық әлеуметтік төлемдердің уақытылы төленуіне ерекше бақылауды қамтамасыз ету.
Еңбекақы төлеу бойынша мерзімі өткен қарыздарды болдырмау мақсатында ұжымдық келісім-шарттарды орындау, әлеуметтік әріптестік бойынша облыстық және аудандық (Қызылорда қаласы) үшжақты комиссиялардың жұмыстарын жандандыру.
Мүгедек адамдардың өмір сүру сапасын жақсарту бойынша жұмыстарды жалғастыру.
Жеке сауықтыру бағдарламаларының 100 пайыз орындалуын қамтамасыз ету.
Еңбекке жарамды мүгедектерді жұмыспен қамту мақсатында бос орындар жәрмеңкесін өткізу тәжірибесін жалғастыру. «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалымен және өңірлік кәсіпкерлер палатасымен  бірлесіп, мүмкіндігі шектеулі адамдарды жұмысқа орналастыру бойынша жұмыстар жүргізу.
Кедергісіз орта құру бойынша жұмыстардың шеңберінде  пандустарды орнату,  жаяу жүргіншілер өтетін жерлерді дыбыстық және жарықтық құралдармен қамтуды қамтамасыз ету. Мүгедектерге әлеуметтік такси қызметтерін ұсыну жұмыстарын жалғастыру.
Мүгедектердің, ардагерлердің  қоғамдық ұйымдарын және басқа да халықтың әлеуметтік әлсіз топтарын қолдау үшін үкіметтік емес ұйымдарда мемлекеттік  әлеуметтік  тапсырыс орналастыру.
Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне, соғыс кезін­де қайтыс болған немесе хабарсыз кеткен  әскери қызметшілердің жесірлеріне, сондай-ақ, тылда кемінде алты ай жұмыс істеген еңбек ардагерлеріне әлеуметтік қолдау көрсетуді жалғастыру.
 
Білім
Білім саласында басым бағыттар – апаттық жағдайдағы мектептерді жою, 3 пен 6 жас аралығындағы  балаларды мектепке дейінгі білім берумен 100 пайызға қамту және өңірдің  басымды салалары үшін мамандар даярлау болып айқындалды.
Осы мақсатта өңірлік кәсіпкерлер палатасымен және сервистік кәсіпорындар ассоциациясымен бірлесіп, Қызылорда қаласындағы индустриалық-техникалық колледжде дуалды оқытуды енгізу, сондай-ақ, Шиелі ауданы Шиелі кентіндегі индустриялық-инновациялық колледждің базасында металлургиялық колледж құру мақсатында  күрделі жөндеу жұмыстарын бастау.
Мемлекеттік-жеке әріптестікті дамыту шеңберінде Қызылорда қаласында 200 орындық жатақханасымен 600 орындық кәсіптік-техникалық лицейдің құрылысын салу жобасын жүзеге асыру мәселесін пысықтау.
3700-ден кем емес мұғалімді, инженер-педагогтарды, өндірістік оқу шеберлерін және білім беру ұйымдарының басшыларын біліктілігін арттыруға жіберу.
15 мектепті пайдалануға беру (оның 9-ы апаттық жағдайдағы мектептің орнына), оның ішінде:
Арал ауданының Тоқабай, Жаңақұрылыс, Жіңішкеқұм және Ақеспе ауылдарында;
Қазалы ауданының Сарбұлақ, Аранды  ауылдарында;
Жалағаш ауданының Жалағаш кентінде;
Шиелі ауданының Бала би ауылы мен 21 бекетте;
Жаңақорған ауданының Талап стансасында;
Қармақшы ауданының Ақай ауылында;
Сырдария ауданының Шаған,  Шіркейлі ауылдарында;
Қызылорда қаласының «Қорқыт ата» ауданы мен «Ипподром» ауданында.
Онан бөлек, Шиелі ауданындағы Ковтунов атындағы №252 мектепті және Сырдария ауданы Тереңөзек кентіндегі жатақхананы қайта жаңғырту.
Шиелі ауданы Тәжібаев ауылындағы №214 (апаттық жағдайдағы мектептің орнына) мектептің және Жалағаш ауданы Жалағаш кентіндегі №246 мектептің құрылысын бастау.
2015 жылдың аяғына дейін 3 пен 6 жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі білім берумен қамтуды 100 пайызға жеткізу мақсатында жеке балабақшалар мен шағын орталықтар ашу бойынша, сондай-ақ, мектепке дейінгі мекемелерге оның ішінде қосымша 3400 орыннан кем емес мемлекеттік тапсырыс орналастыру бойынша жұмыстарды жалғастыру.
Қармақшы ауданының Ақай және Қазалы ауданының Жанқожа батыр ауылдарында балабақшалардың құрылысын аяқтау.
Шиелі ауданы Шиелі кентіндегі, сондай-ақ, Арал қаласындағы «Жазира», «Толқын» балабақшаларының құрылысын бастау.
3 жасқа дейінгі балалар үшін мектепке дейінгі мекемелерде орындардың жетіспеушілігін азайту мәселесін шешуді қолға алу.
Жұмыс істеп тұрған балабақшаларда, оның ішінде жеке балабақшаларда да мүмкіндігі шектеулі балалар үшін мамандандырылған топ ашу бойынша шаралар қабылдау.
Халық саны үш мыңнан асатын барлық елді мекендерде жұмыс жасап тұрған әлеуметтік нысандар базасында қосымша білім беру орталықтарын ашу.
 
Жастар саясаты
2014-2015 жылдарға арналған Қызылорда облысында жастар саясатын дамытудың Жол картасын  іске асыру бойынша,  оның ішінде жастарды шектеуге жол берілмеуіне ерекше көңіл бөле отырып, жұмыстарды жалғастыру.
Жастар жұмыссыздығын төмендету мақсатында жас­тар кәсіпкерлігін дамытудың Жол картасын жүзеге асыруды бастау, жастарды көгалдандыру мен абаттандыруға тарту бойынша «Жасыл ел» еңбек жасақтарын ұйымдастыруды жалғастыру.
«Нұрлы жол» жаңа экономикалық саясатты жүзеге асыруға жастарды барынша көптеп тартуды қамтамасыз ету.
 
Жоғары білімді және
ғылымды дамыту

Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің базасында халықаралық стандарттар бойынша кадрларды дайындауды қамтамасыз ететін алдыңғы қатарлы өңірлік жоғары оқу орнын құру бойынша жұмыстарды жалғастыру.
Білім және ғылым министрлігімен бірлесіп, Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде тау-кен металлургиялық бағыт бойынша мамандықтар мен кафедра ашу мәселесін пысықтау.
Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің ғалымдарының қатысуымен, өңірлік компаниялармен ғылыми зерттеулер және тәжірибелік-конструкторлық ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізулеріне ықпал жасау.
Қазақстан Республикасының алдыңғы қатарлы техникалық жоғары оқу орындарымен және шетелдік университеттерімен ынтымақтастықты кеңейту.
 
Денсаулық сақтау
Денсаулық сақтау саласында негізгі басымдықтар болып: алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсетудің сапасын және қолжетімділігін арттыру, онкологиялық аурулармен, қан айналым ауруларымен, туберкулезбен аурушаңдықты азайту, сондай-ақ мамандандырылған медициналық көмекті дамыту қала береді.
Медициналық көмек көрсетудің қолжетімділігін және сапасын жақсарту үшін  Жалағаш ауданы Жалағаш кентіндегі ауысымы 250 келушіге арналған  емхана құрылысын және Арал ауданы Сексеуіл кентінде аусымы 100 келушіге арналған ауылдық емхана құрылыстарын, сондай-ақ, Тасбөгет кентіндегі туберкулезге қарсы қалалық диспансердің ғимаратын күрделі жөндеуден өткізуді, наркологиялық диспансердің «А» блогын қайта жаңғыртуды аяқтау.
Қызылорда қаласындағы 200 төсек-орындық облыстық балалар ауруханасының құрылысын жалғастыру.
Жаңақорған кентіндегі 250 келушіге арналған емхана құрылысын салуды бастау.
Қазалы ауданы Әйтеке би  кентіндегі 150 төсек орындық орталық аудандық аурухана, Қызылорда қаласы Тасбөгет кентіндегі 250 төсек орындық емхана, Арал ауданының Сексеуіл кентіндегі, Жаңақорған ауданының Төменарық және Қармақшы ауданының III Интернационал ауылдарындағы ауылдық ауруханалардың, сонымен қатар, 21 дәрігерлік амбулаторияның жобалық-сметалық құжаттарын әзірлеуді аяқтау.
Қызылорда қаласындағы 175 орындық онкологиялық аурухананың құрылысы бойынша жобаалды жұмыстарын аяқтау.
Медициналық көмек көрсетудің қолжетімділігін және сапасын қамтамасыз ету үшін:
күндізгі стационар және үйде емдеу стационары арқылы халыққа медициналық көмек көрсету көлемін кеңейту;
Қызылорда қаласында жедел жәрдем кардиореанимациалық бригадасын құру;
ауылдық ауруханалар қызметін қалпына келтіру бойынша жұмыстарды жалғастыру.
Ауруды ерте бастан анықтау және алдын алу мақсатында қант диабеті, қан айналым аурулары, глаукома, жатыр мойнында, емшекте, қуық безінде, өңеш, асқазан, бауырда жаңадан пайда болған ісіктерді анықтау бойынша скринингтік зерттеулер жүргізуді жалғастыру.
Туберкулездің мультирезистентті түрімен ауыратын ауруларды сауықтыруға 10 айлық есептік көрсеткіш көлемінде ай сайын әлеуметтік көмек төленуін жалғастыру. Лейкоз және апластикалық анемиямен ауыратын балаларды қалпына келтіру үшін дәрілік препараттардың алдын ала берілуін қарастыру.
Облыстық емдеу-алдын алу мекемелері базасында жоғары мамандандырылған медициналық көмектің жаңа түрлерін ендіру, оның ішінде иық буынын эндопротездеу, кифопластика, бүйрек және ірі тамырларды стенттеу, сондай-ақ жүрек ақауын эндоваскулярлы жабу (окклюдером).
Облыстық перинаталдық орталықтың базасында жасанды ұрықтандыру әдісін енгізу бойынша жұмыстар жүргізу.
Облыстың денсаулық сақтау ұйымдарын медициналық құрал-жабдықтармен жабдықтауды жалғастыру. Бекітілген нормативке сәйкес медициналық ұйымдарды санитарлық және мамандандырылған көлікпен қамтамасыз ету.
Облыстық медицина мекемелері базасында тиімді перинаталдық технология, жүрек жетіспеушілігінің созылмалы түрінен асқынған жүрек дертімен  ауыратын ауруларды құрамдастырылған клапандармен хирургиялық емдеу, микрохирургия, туберкулезді ертерек анықтау және емдеу бойынша алғашқы медициналық көмек көрсететін дәрігерлер және басқа да өзекті мәселелер бойынша 14 мастер-класс өткізуді ұйымдастыру.
Кем дегенде 300 дәрігер мен 995 орта буын медицина қызметкерлерін біліктіліктерін көтеруге жіберу.
 
Спорт
Салауатты өмір салтын қалыптастыру, бұқаралық спортты дамыту мақсатында халықты дене шынықтыру және спортпен тұрақты түрде айналысумен қамтуды 25 пайызға дейін жеткізу.
облыс спортсмендері және мүгедек спортсмендер үшін (халықаралық және республикалық жарыстардың және турнирлердің жүлдегерлері мен жеңімпаздары) шәкіртақы көлемін ұлғайтуды қарастыру.
Қазалы ауданының Әйтеке би, Жаңақорған ауданының Жаңа­қорған кенттеріндегі дене шынықтыру - сауықтыру ке­шен­­­дерінің, сонымен қатар,  Сырдария ауданы Н.Ильясов ауы­лындағы стадион құрылысын аяқтау.
 
Мәдениет және тілдерді дамыту
Мәдениет саласын дамытудағы басым бағыттар - тарихи-мәдени мұраларды сақтау болып айқындалды.
Осы мақсатта облыстың мәдени мұраларын ЮНЕСКО дүниежүзілік мұралар тізіміне енгізу бойынша жұмыстарды жалғастыру.
Қазақ хандығының 550 жылдығын, Конституцияның 20 жылдығын және Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына 20 жылдығы, сонымен қатар, Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 70 жылдығын, «Байқоңыр» ғарыш айлағының 60 жылдығын және тағы басқа мерекелерді өткізу.
Халық ақыны, әнші-композитор Нартай Бекежановтың 125 жылдығына, мемлекет қайраткері Мұстафа Шоқайдың 125 жылдығына, Бекарыстан би Амалдықұлының 250 жылдығына арналған шаралар ұйымдастыру.
Қоғамда достық пен келісімді нығайту мақсатында Қызылорда қаласындағы «Достастық үйінің», сондай-ақ, этномәдени қоғамдық бірлестіктер және қоғамдық келісім Кеңестерінің жұмыстарын ұйымдастыру.
Сығанақ, Жанкент, Шірік-Рабат қалашықтарына археологиялық зерттеулер жүргізуді жалғастыру.
Қармақшы ауданы Жосалы кентіндегі кітапханасы бар мұражай құрылысын, сондай-ақ, 7 ауылдық клуб құрылыстарын аяқтау, оның ішінде:
Арал ауданының  Қамыстыбас ауылы, Сексеуіл кентінде;
Қазалы ауданының Абай  ауылында;
Сырдария ауданының Іңкәрдария, Сейфуллин ауылдарында;
Шиелі ауданының Төңкеріс ауылында;
Жаңақорған ауданының Талап стансасында.
Жергілікті атқарушы органдардың құжат айналымдарында мемлекеттік тілді қолдануды 100 пайызға жеткізу бойынша жұмыстар жүргізуді жалғастыру, оның ішінде «Қазтест» бағдарламасы шеңберінде мемлекеттік қызметшілерді мемлекеттік тілге оқыту.
Үкіметтік емес ұйымдардың қатысуымен мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту, Қазақстанда тұратын халықтардың тілі мен мәдениетін, салт-дәстүрлерін насихаттау бойынша жұмыстар жүргізу.
Мемлекеттік тілдің дәрежесін көтеру мақсатында Қазақстан халқы тілдерінің күні мерекесіне орай «Ана тілім – қасиетім, ардағым» облыстық фестивалін ұйымдастыру.
 
Екінші. Өңір экономикасын әртараптандыруға бағытталған басымды жобаларды жүзеге асыру
 
Аймақ экономикасы дамуының басты бағыты өнеркәсіп өндірісін әртараптандыру болып қалады.
Тау-кен металлургиялық өндірістерді құру мақсатында:
«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамымен бірлесіп, Шалқия кенішінде тау-кен байыту комбина­тының құрылысын салудың жобаалды құжаттарын әзірлеу;
ферроқорытпа зауыты құрылысының жобалық-сметалық құжаттарын әзірлеуді аяқтау;
Шиелі ауданындағы «Баласауысқандық» кенішін игеруге және Қызылорда облысының тау-кен металлургиялық кешенін дамыту бойынша Жол картасында қаралған басқа да іс-шараларды жүзеге асыруға ықпал жасау жоспарлануда.
Қызылорда облысының минералды-шикізаттық базасын дамыту бойынша жұмыстарды жалғастыру.
Табақша әйнек шығару, машина жасау зауыттарының құрылыстарын бастау, сонымен қатар, «Қызылорданың шағын тонналық мұнай өңдеу зауыты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің мұнай өңдеу зауытын кеңейту бойынша жобаны жүзеге асыру мәселесін пысықтау.
«РМЗ-Шапағат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің «Қы­зылорда қаласында үй құрылысы комбинатын ұйымдастыру» жобасын жүзеге асыруды аяқтау жоспарлануда. «Қызылорда қаласында керамикалық кірпіш өндіретін зауыт құрылысын салу» және «Эко сервис - К» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің «Пенополиуретан оқшаулау трубаларын өндіруді ұйымдастыру» жобаларын жүзеге асыруды жалғастыру.
Жобаларды жүзеге асыру үшін инвестор тарту  және жаңа өндірістер құру мақсатында V және VI «Байқоңыр» инвестициялық форумдарын өткізу. Сыртқы экономикалық байланыстарды, оның ішінде Евразиялық экономикалық одақ елдеріндегі әріптестермен қарым-қатынасты жандандыру. Еуропалық даму және қайта жаңғырту банкімен әріптестікті дамытуды жалғастыру. Азия даму Банкі және Ислам даму банкімен ынтымақтастықты дамыту мәселелерін пысықтау.
Жобаларды жүзеге асыру үшін инвесторлар тарту бойынша жұмыстарды ұйымдастыру:
Қызылорда қаласында ірі торапты электр батырмалы қондырғыларды жинақтау өндірісін құру;
Жаңақорған ауданында цемент зауытының құрылысын салу;
Қызылорда қаласында көмірсутекті шикізатты өңдеу бойынша шағын габаритті өндірістік-тәжірибе қондырғысы құрылысын салу.
Қармақшы, Жаңақорған және Сырдария аудандарында ин­дустр­иалық инфрақұрылым құру бойынша жұмыстарды жандандыру.
Қызылорда қаласындағы индустриялық аймаққа қажетті ин­же­нерлік инфрақұрылым тарту бойынша жұмыстарды жалғастыру.
Арал, Қазалы, Жалағаш және Шиелі аудандарының индустриалық зоналарында жаңа өндірістер құру бойынша жұмыстарды бастау.
Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың  «Нұрлы  жол – болашаққа бастар жол» атты  Жолдауы шеңберінде өңдеу өнеркәсібіндегі кәсіпкерлік субъектілерін жеңілдікпен несиелеуге және индустриалды инфрақұрылымды дамытуға бөлінетін қаржыны алуға кәсіпорындарға ықпал жасау.
Облыстың ірі жүйе құраушы кәсіпорындарымен тауарлар, жұмыстар және қызметтер сатып алуда жергілікті мазмұн үлесін ұлғайту бойынша қосымша шаралар қабылдау.
 «Байқоңыр» (Байконур) Әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы» Ұлттық Компаниясы» акционерлік қоғамы арқылы басымды инвестициялық жобаларды жүзеге асыруды жалғастыру.
Шағын және орта бизнесті дамытудағы басымдық - өңдеу өнеркәсібінде және қызмет көрсету саласындағы шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау болып табылады.
Қызылорда қаласының индустриялық аймағында шағын және орта бизнес нысандарын орналастыруды жалғастыру;
«Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы шеңберінде пайыздық төлемдерді субсидиялау, несиелер бойынша ішінара кепілдендіру, валюталық тәуекелдерді төмендету, гранттар бөлу, сондай-ақ, кәсіпкерлердің бизнестерін жүргізуге сервистік қызмет көрсету;
«Қызылорда» Өңірлік инвестицялық орталығы» жауапкер­шілігі шектеулі серіктестігі арқылы шағын және орта бизнестің басымды жобалары бойынша қаржылық қолдау көрсету;
«Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автокөлік дәлізінің бойында жол бойы сервистік нысандарды салу бойынша жұмыстарды жалғастыру. Сонымен бірге, трассаның Қызылорда бөлігінде заманауи көліктік-логистикалық орталық (алғашқы өңдеумен және тауарларды қалталаумен) құру мәселесін пысықтау;
Әкімшілік кедергілерді төмендету және шағын кәсіпкерліктің өңір экономикасындағы ролін арттыру мақсатында оның жалпы өңірлік өнімдегі үлесін арттыру өңірлік кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, 2015-2016 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамытудың Жол картасын, сонымен қатар, 2015-2016 жылдарға арналған мемлекеттік-жеке әріптестікті дамытудың Жол картасын әзірлеу және жүзеге асыруды бастау;
Өңірді дамытуда екінші деңгейлі банктердің ролін арттыру бойынша қосымша шаралар қабылдау;
Туризмді дамыту мақсатында  «Қорқыт ата – Космостық гавань» туристік маршрутын, сондай-ақ, Арал ауданында ««Қамыстыбас» демалыс аймағы» жобасын жүзеге асыру жалғастырылады.
Ауыл шаруашылығында – егін шаруашылығын әртараптандыру және мал шаруашылығын дамыту негізгі басымдықтар болып айқындалды.
Жанар-жағармай, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге су жеткізіп беру қызметі, мал шаруашылығы өнімдерінің өнімділігін және сапасын арттыру, тыңайтқыштар құнын арзандату және тағы басқаларын субсидиялау бойынша жұмыстарды жалғастыру жоспарлануда.
«Ы. Жақаев атындағы Қазақтың күріш ғылыми-зерттеу институты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне күріштің бәсекеге қабілетті жаңа сортын шығару бойынша ғылыми жұмыстар жүргізуге, заманауи технологиялар тәжірибесін ендіруге ықпал жасау;
ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін отандық өнімділігі жоғары, бәсекеге қабілетті күріштің тұқымымен 50 пайызға дейін қамтамасыз ету;
егісті әртараптандыру үшін жем-шөп дақылдарының егісі – 57,3 мың гектарға дейін, майлы дақылдар – 2,3 мың гектарға дейін, бақша дақылдары – 7,4 мың гектарға дейін, сондай-ақ, картоп – 5,8 мың гектарға және көкөніс – 5,0 мың гектарға дейін ұлғайту;
пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы жерлерін айналымға тарту бойынша жұмыстарды жалғастыру жоспарлануда.
Тамшылатып суаруды дамытудың пайдалылығын ескере отырып, осы технологияны қолдана отырып өсіретін жеміс-көкөніс дақылдарын өсіру шығындарын субсидиялауды ұлғайту.
Мал шаруашылығын дамыту мақсатында «Алтын асық», «Құлан» бағдарламаларын жүзеге асыру бойынша «ҚазАгро» акционерлік қоғамы қаржылық институттарымен жұмыстарды жалғастыру.
Басымды тәртіп бойынша ірі қара малдың отандық тұқымын – қазақтың ақбас және  әулиекөл тұқымдарын сатып алуды жалғастыру.
Қазалы ауданындағы және Қызылорда қаласындағы 500 басқа арналған ірі қара малын бордақылау алаңдарының құрылыстарын салуды аяқтау.
Қызылорда қаласында қуаттылығы жылына 110 миллион дана жұмыртқа өндіретін құс фабрикасының, сондай-ақ, сағатына 12 тонна күріш өңдеу зауытының құрылысын салу мәселесін пысықтау.
Ауыл шаруашылығы малдарының және құстарының өте қауіпті ауруларының алдын алу мақсатында эпизоотиялық іс-шараларды жүргізу.
Аймақтың азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудің қажеттігіне назар аудара отырып, сондай-ақ, негізгі тамақ өнімдеріне бағалардың едәуір өсуіне жол бермеу  мақсатында маңызды азық-түлік өнімдерінің тұрақтандыру қорын қалыптастыру және олардың әлеуметтік дүкендер арқылы сатылуын жалғастыру.
Солтүстік Аралды қайта жандандыру және өңірдің экология­сын жақсарту  мақсатында «Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтау»  жобасының екінші фазасын  жүзеге асыруды жеделдетуге ықпал жасау.
Арал теңізінің құрғаған ұлтанында фитомелиоративтік жұмыстарды жалғастыру.
Шиелі ауданындағы Жаңа Шиелі магистральды каналының сумен қамтамасыз етілуін жақсарту бойынша жұмыстарды жүргізу.
Қазалы ауданы Әйтеке би кентінде тұрмыстық қатты қалдықтар полигоны құрылысын салуды аяқтау.
Еуропаның қайта жаңғырту және даму банкісімен бірлесіп, Қызылорда қаласында тұрмыстық қатты қалдықтар полигонының құрылысын салу бойынша жобаны жүзеге асыруға кірісу.
 
Үшінші.  Инфрақұрылымды дамыту
 
Көліктік-логистикалық
инфрақұрылымды дамыту

Қызылорда қаласында жаңа әуежай жолаушы терминалының құрылысын салуды, сондай-ақ, жаңа авиарейстер мен бағыттар, оның ішінде халықаралық рейстер ашуды жалғастыру.
Қызылорда қаласындағы Сырдария өзені арқылы өтетін көпір құрылысын жалғастыру.
2015-2019 жылдарға арналған «Нұрлы жол» инфрақұрылымды дамытудың мемлекеттік бағдарламасының жобасын әзірлеу шеңберінде республикалық маңыздағы «Қызылорда-Жезқазған» автомобиль жолын  қайта жаңарту мәселесін пысықтау.
Аудандық маңыздағы «Самара-Шымкент-Бекбауыл» автомобиль жолының 22 шақырымының құрылысын, аудандық маңызы бар Қазалы ауданындағы «Бозколь-Тасарық» автомобиль жолының 22 шақырымына қайта жаңғырту жұмыстарын бастау.
Қазалы ауданының аудандық маңыздағы «Бекарыстан би – Қожабақы» жолының 18 шақырымына орташа жөндеу жұ­мыстарын аяқтау.
Қазалы ауданында Жанқожа батыр және Жалағаш ауданында Мәдениет, Сырдария ауданында Ақжарма тіректі елді мекендерінің көшелеріне күрделі жөндеу жүргізу.
Жеке инвестиция тарта отырып, Қызылорда қаласында автовокзалдың, Шиелі және Жосалы кенттерінде автотұрақтың және Жаңақорған ауданының «Шалқия» кентінде, Шиелі ауданының Жөлек ауылында, Қазалы ауданының Ғ.Мұратбаев ауылында жолаушыларға қызмет көрсететін пункттердің құрылыстарын бастау мәселелерін пысықтау.
Коммуналдық қызмет сапасын жақсарту мақсатында кәсіпорындарға инвестициялық тариф бекітуді қамтамасыз ету.
Еуропаның қайта жаңғырту және даму банкісімен электр желілерін, сумен және жылумен қамтамасыз ету жүйелерін жаңғыртуға, облыс орталығын жарықтандыруға қаржы тарту бойынша жұмыстарды жалғастыру.
Басқа да халықаралық банктерден, атап айтқанда Ислам даму банкі, Азия даму банкі және басқаларынан қаржы тарту мәселелерін пысықтау.
 
Электр энергиясымен
қамтамасыз ету

Өңірді электр энергиясымен қамтамасыз ету мәселелерін шешу мақсатында, қуаттылықты ұлғайтудың бірнеше нұсқаларын пысықтау жоспарлануда: Ұлттық қор қаржысы есебінен қуаттылығы 450 мегаватқа дейін жаңа жылу-электр орталығының құрылысы, Еуропаның қайта жаңғырту және даму банкісімен қоса қаржыландыру шартымен  немесе Қазақстанның даму банкісінің желісі бойынша инвестиция тарта отырып, жұмыс жасап тұрған жылу-электр орталығын қайта жаңғырту.
Арал ауданындағы «Аральская» қосалқы стансасын қайта жаңғырту бойынша жұмыстарды аяқтау.
Қазалы ауданындағы «Ново-Казалинск» қосалқы стансасын, сондай-ақ, облыс орталығындағы жұмыс істеп тұрған трансформаторлық қосалқы стансаларды (қуаттылығы 35 киловатт) қайта жаңғырту жұмыстарын жалғастыру.
Иесіз қалған энергетикалық инфрақұрылым объектілерін «Қызылорда электр тарату компаниясы» акционерлік қоғамына  басқаруға беру бойынша жұмыстарды жалғастыру.
Облысты электр энергиямен қамтамасыз ету мәселелерін кешенді шешу үшін, облыс орталығының сол жақ жағалауын дамыту және ірі индустриалдық нысандар құруды есепке ала отырып, 2020 жылға, келешекте 2025 жылға дейінгі электр желілерін дамыту Схемасын әзірлеуді бастау.
Аудандарды облыс орталығымен байланыстыратын желілерді қайта жаңғырту бойынша дайындық жұмыстарын бастау.
 
Жылумен қамтамасыз ету
Қызылорда қаласының жылу желілерін жөндеуді жалғастыру.

 
Сумен қамтамасыз ету
Елді мекендерді сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында сумен жабдықтау жүйелерін қайта жаңғырту және кеңейту бойынша жобаларды жүзеге асыруды қамтамасыз ету:
 Қармақшы ауданында – Жосалы кенті, Ақай, Тұрмағамбет ауылдары;
Сырдария ауданында – Ақжарма, Бесарық, Аманкелді ауылдары;
Жаңақорған ауданында – Түгіскен ауылы.
Қазалы ауданының Ақтан батыр, Бекарыстан би, Мұратбаев, Жанқожа батыр, Пірімов, Түктібаев және Сырдария ауданының С.Сейфулин ауылдарындағы су құбыры желілерін тұтынушылар учаскесінің аймағына дейін жеткізу бойынша жобаларды жүзеге асыруды, сонымен қатар,  Қазалы ауданының Қазалы қаласы мен Әйтеке би кентінде су желілерінің құрылысын салу және кеңейту бойынша жұмыстарды бастау.
Қызылжарма жерасты су қорын одан әрі игеруді қаржыландыру мәселесін пысықтау.
 
Газдандыру
Облыстың елді мекендерін және Қызылорда қаласын газбен қамтамасыз ету мақсатында:
Қызылорда қаласындағы Қызылжарма ауылдық округін және Тасбөгет кентін газбен жабдықтау бойынша жұмыстарды;
Арал қаласын, Әйтеке би, Шиелі, Жаңақорған кенттерін және Байқоңыр қаласын газбен жабдықтау бойынша жұмыстарды аяқтау.
Қызылорда қаласындағы Талсуат ауылын газбен жабдықтау бойынша жұмыстарды бастау.
Сексеуіл және Жосалы кенттеріне автоматтандырылған газ тарату стансасын  орнатумен «Бейнеу-Шымкент» магистральды газ құбырынан газ құбыры-бұрыпының құрылысы» жобасы бойынша жобалық-сметалық құжаттарын әзірлеуді аяқтау.
 Сырдария ауданының Тереңөзек кентінде, Арал ауданының Қамыстыбас ауылында, Шиелі ауданының Шоқай ауылында автоматтандырылған газ тарату стансасын  орнатумен «Бейнеу-Шымкент» магистральды газ құбырынан газ құбыры-бұрыпының құрылысын салу бойынша, сондай-ақ,  Сырдария ауданының Тереңөзек кентінің, Қазалы ауданының Қазалы қаласының және Шиелі ауданының Шоқай ауылының кварталішілік газ тарату желілерін және жүргізілетін газ құбырларының жобалық-сметалық құжаттамасын әзірлеу.
 
Тұрғын үй құрылысы, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту және абаттандыру
Қызылорда қаласында 689 отбасы үшін тұрғын үй, оның ішінде жас отбасылар үшін 120 пәтерлік 2 арендалық үйдің және 240 пәтерлік 5 ипотекалық үйдің, сондай-ақ, облыс орталығындағы және аудандардағы кезектегілер үшін 329 пәтерлік 47 арендалық үйдің құрылысын аяқтау.
2015-2019 жылдарға арналған «Нұрлы жол» инфрақұрылымды дамытудың мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде, төмен пайызбен сатып алу және сатып алмау құқығымен халыққа делдалсыз ұзақ мерзімге арендаға беру мақсатымен халықтың әр түрлі категориялары үшін жаңа арендалық үйлер салуға қаржы тартуды қамтамасыз ету.
Облыстың аудандары мен Қызылорда қаласында 35 көпқа­батты тұрғын үйлерді күрделі жөндеу бойынша жұмыстарды жалғастыру.
Қармақшы, Жалағаш, Сырдария, Шиелі және Жаңақорған аудандарында мемлекеттік қала құрылысы кадастрының автоматтандырылған ақпараттық желелерін құруды аяқтау.
 
 
Төртінші. Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету
 
Қоғамдық қауіпсіздікті және құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету мақсатында:
ішкі істер органдарының материалдық-техникалық базаларын нығайту  жұмыстарын жалғастыру;
жедел басқару орталығын қайта жаңғыртуды аяқтау;
жасөспірімдер қылмыстығының алдын алу және ескерту бойынша кешенді шараларды іске асыру;
қоғамдық тәртіп бұзушылықтың кез келген түрлеріне «шыдамаушылықты» насихаттау;
Жалағаш ауданының Мәдениет, Сырдария ауданының Ақжарма, Шиелі ауданының Еңбекші, Жаңақорған ауданының Түгіскен тіректі елді мекендерінде учаскелік полиция бөлімшелерінің және Арал аудандық ішкі істер бөлімшесінің әкімшілік жазаға тартылғандары үшін арнайы қабылдау ғимаратының құрылыстарының жобалық-сметалық құжаттарын әзірлеуді аяқтау;
Ішкі істер органдарының жедел басқару орталықтарының пультіне шығу үшін қылмыс-түзету жүйелері мекемелерінің шоғырланған жерлеріне бейнебақылау камераларын орнатуды қамтамасыз ету жоспарлануда.
 
 
Бесінші. Жергілікті мемлекеттік басқаруды және
өзін-өзі басқаруды дамыту

 
2015 жылы барлық деңгейдегі әкімдердің қызметін бағалаудың негізгі критерийлері ретінде салық салу базасын кеңейту, тұрақты жұмыс орындарын ашу және әлеуметтік-саяси тұрақтылықты сақтау айқындалған.
Орталық мемлекеттік органдардан облыстық деңгейге берілген, білім, денсаулық сақтау, спорт, ауыл шаруашылығы, ветеринария, жер ресурстары, сәулет және қала құрылысы, энергетика және басқа да 261 функцияны қабылдау бойынша;
облыстан аудандық деңгейге берілген білім, спорт, құрылыс салалары және басқа да 14 функцияны беру бойынша іс-шараларды аяқтау қарастырылуда.
Жаңадан берілген қызметтердің тиімді атқарылуын ұйымдастыру.
Ауыл әкімдерінің экономикалық дербестігін кеңейтуді қарастыратын жергілікті басқаруды одан әрі дамытудың екінші кезеңін іске асыруды бастау. Осы орайда, мемлекеттік қызметкерлердің, оның ішінде ауылдық округ әкімдерінің аппараты қызметкерлерінің біліктілігін көтеруді жалғастыру.
Халыққа сапалы мемлекеттік қызмет көрсетуді қамтамасыз ету, әкімшілік рәсімдерді жеңілдету.
«Е-лицензиялау» және «Электронды әкімдік» ақпараттық жүйелеріндегі электронды қызметтер үлесін  арттыру. «Электронды Үкімет» порталы арқылы көрсетілетін электронды қызметтердің үлесін арттыру бойынша жұмыстар жүргізу.
Тұрғындардың компьютерлік сауаттылық деңгейін 58 пайызға дейін көтеру.
Қызылорда облысы әкімдігінің Ситуациялық орталығы ақпараттық-аналитикалық жүйесін басқармаларға енгізуді аяқтау және оның салалар бойынша мониторингісінің толыққанды жұмыс жасауын қамтамасыз ету.
Мұрағат құжаттарын сандық форматқа көшіру бойынша жұмыстарды жалғастыру.
 
Қаржы және бюджет
Облыс бюджеті өзінің әлеуметтік бағыттылығын сақтайды.
Облыстың дамуындағы ең өзекті мәселелерді шешу, барлық әлеуметтік міндеттемелерді уақытылы орындау мақсатында салық салу базасын кеңейту бойынша мақсатты бағытталған жұмыстар жүргізу.
Басталған әлеуметтік нысандар құрылыстарының тоқтап қалуына жол бермеу. Бұл үшін барлық резервтерді жұмылдыру.
Кәсіпкерлікті дамыту үшін жағдай жасаумен қатар, шағын және орта бизнес субъектілерінен салық жинау бойынша басқарудың сапасын арттыру. Ауылдық округтерде салық төлеушілер терминалдарын орнатуды аяқтау.
Қаржылық тәртіпті мүлтіксіз сақтау, бюджет қаражатының тиімді жұмсалуын көтеру бойынша шаралар қабылдау. 
«Қазақстан Республикасының азаматтары, оралмандар және олардың мүліктерін жария етуге байланысты Қазақстан Республикасында тұруға бұрыштамасы бар азаматтарға рақымшылық жасау туралы» 2014 жылғы 30 маусымдағы Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес облыс халқының капиталын және мүлкін жария ету бойынша жұмыстарды жалғастыру.
Кестеге сәйкес, жүргізіліп отырған мемлекеттік саясат шеңберінде коммуналдық меншіктегі нысандарды  жекешелендіру бойынша жұмыстар жүргізу.
НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 26 желтоксан 2014 г. 2 744 0