
Аптаның сәрсенбі күні Баспасөз орталығында облыстық білім басқармасының басшысы Наурызбай Байқадамов БАҚ өкілдерімен баспасөз мәслихатын өткізді.
– Елбасының өзі елдің ертеңі білімді де білікті, алғыр да іскер жандар қолында екенін үнемі еске салып келеді,– деп бастады өз сөзін басқарма басшысы.– Сондықтан да болар уақыт өткен сайын салаға бөлінетін қаржы көлемі ұлғайып, ұстаздардың біліктілік санатын арттыруға жете көңіл бөлінуде. Білім негізі бастауыштан қаланатынын ескерсек, мектепке дейінгі мекемелердің жұмыстарын жандандыру міндеті туындайды. Соңғы мәліметтерге сүйенсек, 3-6 жас аралығындағы балалардың 79 пайызы балабақшамен қамтылған екен. Аймақта елімізде жүргізіліп жатқан «Балапан» бағдарламасын келер жылы мерзімінен бұрын толық аяқтауға мүмкіндік бары қуантады.
Басқарма басшысының айтуынша, биылғы оқу жылында 1-сыныпқа 125803 бала барған, бұл өткен жылмен салыстырғанда едәуір жоғары. Барлық мектептерде 1-сыныпқа ағылшын, 5- сыныпқа информатика пәні жаппай ендірілді. Ол пәндер оқулықтармен, педагогикалық мамандармен толық қамтылған. Тағы бір атап өтерлігі, Сыр бойы оқушылары биылғы оқу жылын осы кезеңге дейін санаға әбден сіңісті болған «үш ауысымдық мектеп» деген сөз тіркесінсіз бастады. Дей тұрғанмен, оқу жылы басында аймақта отызға тарта апатты мектеп бар болатын-ды. Биылғы оқу жылы басында олардың үшеуі жаңа мектеппен ауыстырылды, тағы үш мектеп құрылысы жыл аяғына дейін беріледі деп күтілуде. Қалған 18 апаттық мектептің жобалық-сметалық құжатын әзірлеуге қаржы бөлінді. Төрт мектептің архитектуралық-жобалау құжаттары дайындалуда. Таяудағы үш жыл көлемінде апатты мектептер мәселесін шешуге байланысты жұмыстар жүргізілуде. Сондай-ақ, білім басқармасының басшысы салаға биылғы бөлінген 51,3 млрд. теңгенің 1,1 есеге өскенін және тоғыз айда сол қаржының 96,3 пайызы игерілгенін жеткізді.
Облыстың білім саласында еңбек ететін мұғалімдер саны 18232-ні құрайды, оның 11265-і ауылдық елді мекендерде. Өткен жылы жоғары және бірінші санатты мұғалім саны 35,5 пайызды құрады, биылғы жылы бұл көрсеткіш көтеріледі деп күтілуде. Себебі, жыл басынан деңгейлік оқыту бағдарламасы бойынша барлығы 4550 мұғалім Назарбаев зияткерлік мектептері жанындағы педагогикалық шеберлік орталығында, «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы АҚ облыстық филиалында өз білімдерін көтеріп, біліктіліктерін жетілдірді. Олардың арасында бюджеттен тыс қаржы көздері есебінен негізгі пәндер бойынша қысқа мерзімді біліктілікті арттыру курсынан өткендер де бар.
Заман талабы оқушылардың қосымша білім алуын қамтамасыз етуді көздейді. Кешегі күнге дейін сынға ұшырап келе жатқан Сыр өңірінде қазір 55 қосымша білім беру ұйымдары жұмыс істейді. Оларда қазіргі таңда 63959 бала білімдерін жетілдіруде. Келешекте оған жалпы оқушылардың 50 пайызын қамту көзделуде.
Аймақта балалардың құқықтары мен мүдделерін қорғау бағытында нақты жұмыстар жүргізілуде. Аудандық, қалалық білім бөлімдерінде қорғаншылық және қамқоршылық міндетін жүзеге асыратын 8 маман, 10 штаттан тыс инспектор қызмет атқарады. Облыс бойынша 1053 жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған бала есепте тұрады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 28 балаға көп. Олардың 859-ы отбасы тәрбиесінде, яғни 621 бала қорғаншылық пен қамқоршылықта болса, 238 бала патронаттық тәрбиеге алынған. Ал қалған 194 жеткіншек балаларға арналған мекемелерде тәрбиеленуде. Мүмкіндігі шектеулі 803 бала үйден оқытылады.
Өңірдегі жалпы орта білім беретін 291 мектептің 6-ы интернаттық мекеме, 246 мектепте асхана, 29-да буфет ұйымдастырылған. Демек, барлық мектептердің 96,8 пайызында оқушыларға ыстық және буфеттік тамақ беруге жағдай жасалған. Тек оны үлгіртіп, ондағы тағамдарды балалар талғамынан шығатындай етіп дайындау қажеттігі туындайды.
Облыста 16 мемлекеттік, 18 жекеменшік, барлығы 34 колледж биылғы оқу жылына 88 мамандық бойынша 25953 оқушы қабылдады. Оларда 2145 инженер-педагог студенттерге сапалы білім, саналы тәрбие беру ісімен айналысады. Техникалық және кәсіптік білім беретін колледждер биылғы оқу жылында мемлекеттік тапсырыс негізінде 4688 оқушы қабылдады. Облыстың кәсіптік және техникалық білім жүйесін дамыту бағытында 6 оқу орнының шеберханалары мен арнаулы пән кабинеттерін жаңа замандық техникалармен жабдықтауға ҚР Білім және ғылым министрлігі тарпынан 150 млн. теңге қаржы бөлініп, ол тиісті құрал-жабдықтар алуға жұмсалуда.
Баспасөз мәслихатында сала басшысы биылғы ҰБТ-ға дайындық жұмыстары, өткен жылдар өкініштері мен кемшіліктеріне тоқталды, журналистер тарапынан қойылған өзге сұрақтарға жауап берді. Ең бастысы, Елбасы атап көрсеткеніндей, Тәуелсіздік туы білімді ұрпақ қолында екенін, сондықтан да елімізде білім мен ғылымды дамыту кезек күттірмейтін сала екендігін әр басшы, әрбір ұстаз жете білуі шарт.
Жұмагүл ОРАЛБАЕВА.