« Шілде 2025 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | 4 | 5 | 6 | |
7 | 8 | 9 | 10 | 11 | 12 | 13 |
14 | 15 | 16 | 17 | 18 | 19 | 20 |
21 | 22 | 23 | 24 | 25 | 26 | 27 |
28 | 29 | 30 | 31 |
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанға мемлекеттік сапармен келген
Француз Республикасының Президенті Франсуа Олландпен кездесті.
Шағын құрамдағы кездесу барысында қазақ-француз стратегиялық серіктестігінің негізгі бағыттары талқыланып, сауда-экономикалық, инвестициялық, ғарыш, мұнай-газ және теміржол машиналарын жасау салаларындағы ынтымақтастық мәселелері қаралды.
Мемлекет басшылары сондай-ақ халықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі өзекті жайттар туралы да пікір алмасты.
Нұрсұлтан Назарбаев екіжақты ынтымақтастықтың негізін еліміздің тәуелсіздігін Еуропада алғашқылардың бірі болып таныған және 1993 жылы Қазақстанға келген Франция Президенті Ф.Миттеран қалағанын айтты.
– Содан бері дамып келе жатқан қарым-қатынастарымыз бүгінде стратегиялық серіктестік деңгейінде. Қазақстанда 100-ден астам француз компаниясы жұмыс істейді, көптеген бірлескен кәсіпорындар бар. Қазір ондаған бірлескен жобалар іске асырылуда. Сізбен бірге іскер топ өкілдерінің үлкен бір қауымы келгеніне қуаныштымын. Біздің кездесуіміз қарым-қатынастарымызды әрі қарай ілгерілетуге ықпал етеді деп сенемін, – деді Мемлекет басшысы.
Ф.Олланд өзінің бұл сапары Қазақстан Президентінің Францияға 2012 жылғы сапарында жасалған уағдаластықтың нәтижесі екенін атап көрсетті.
– Егер кейінге үңіліп, Қазақстанның Ф.Миттеранның сапарынан бергі жүріп өткен жолына қарайтын болсақ, бүгінде бұл дамып, нығайып келе жатқан мүлде басқа ел. Біз Ресей мен Еуропа елдерінің арасындағы қарым-қатынастың ширығуы байқалып отырған уақытта кездесіп отырмыз. Мен мұның түйіні шешілгенін қалаймын, ал бұл орайда Сіздің ел айрықша рөл ойнайды, – деді Франция Президенті.
Кеңейтілген құрамда өткен келіссөздер барысында Мемлекет басшысы Франция Президентінің сапары еліміздің Тәуелсіздік күні қарсаңына орайлас келгеніне назар аударды.
– Қазақстандықтар Франция біздің егемендігімізді алғашқы болып таныған мемлекеттің бірі екенін біледі. Осы жылдар бойы біз бірлесе жұмыс істеп келеміз, елдеріміздің арасында стратегиялық серіктестік туралы шарт қолданылады. Париж Астанада ЕҚЫҰ Саммитін өткізу идеясын Еуропадағы астаналар ішінен ең бірінші қолдады, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Ф.Олланд өз кезегінде Қазақстанға салынып жатқан француз инвестициясы мен экспортының ұлғайып келе жатқанына назар аударды.
– Бүгін менімен бірге үлкен делегация келді, оның құрамына министрлер, парламентарийлер, кәсіпорындардың директорлары мен университеттердің ректорлары енді. Осының бәрі Францияның Орталық Азиядағы ірі экономикасы бар ел Қазақстанмен ынтымақтастыққа мүдделілігінің зор екенін көрсетеді. Сіздердің елдеріңіз экономикалық даму жөніндегі мақсаттарын табысты жүзеге асырып қана қойған жоқ, ол сондай-ақ өзіне көршілерімен тең дәрежеде диалог жүргізіп, ірі саяси мәні бар оқиғаларға ықпал етуге мүмкіндік беретін маңызды саяси және дипломатиялық рөл атқарады, – деді Франция Президенті.
Келіссөздер қорытындысына арналған бірлескен баспасөз мәслихатында Мемлекет басшысы Франция Президентімен жүргізілген келіссөздер барысында екіжақты ықпалдастықтың кең ауқымдағы мәселелері талқыланғанын атап өтті.
– Біз еліміздің индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының екінші кезеңіне француз компанияларының қатысу мүмкіндіктеріне ерекше көңіл бөлдік. Қазақстан бұл бағдарламаға қатысатындарға айрықша жеңілдіктер жасап отыр. Сондай-ақ француз тарапы «ЭКСПО-2017» көрмесіне әзірлікке және оны өткізуге атсалысуға ықылас танытты, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
– Бүгін білім беру саласындағы ынтымақтастық туралы келісімдерге қол қойылады. Олар дипломдар мен университеттік дәрежелерді өзара тануға, тілдерді белсендірек меңгеруге және ғылыми зерттеулер жүргізуге мүмкіндік береді. Алматыда «Сорбонна-Қазақстан» институтының – Орталық Азиядағы тұңғыш француз жоғары оқу орнының салтанатты ашылуы өтеді, – деді Мемлекет басшысы.
Келіссөздер қорытындысы бойынша Қазақстанның ЕО-мен ынтымақтастығының бірқатар өзекті мәселелеріне қатысты Франция тарапының қолдауы жөніндегі маңызды уағдаластықтарға қол жеткізілді, сондай-ақ Еуропалық Одақ пен ЕАЭО арасында диалог орнату мүмкіндігі қарастырылды.
Франция Президенті өз елінің Қазақстанды жоғары оқу орындарын дамыту мәселесі бойынша да қолдауға әзір екенін білдірді.
– Біз сіздің еліңізбен жоғары деңгейде ынтымақтастық орната аламыз. Бұл дипломдарды өзара мойындауға және Қазақстан мен Франция жоғары оқу орындары арасындағы зерттеу, ғылыми, университеттік ықпалдастық салаларында жаңа байланыстар орнатуға мүмкіндік беретін келісімдерге қол қоюға байланысты мәселе, – деді ол.
Осыдан кейін Қазақстан мен Франция президенттері қазақ-француз бизнес және университеттер форумына қатысты. Форум жұмысына 350-ден астам адам қатысып, түрлі салаларда шарттар жасалды.
Қазақстан Президенті елімізде жүйелі дамуға бағытталған бірқатар маңызды бағдарламалар жүзеге асырылып жатқанын айтты. Атап айтқанда, индустриялық-инновациялық бағдарламаның екінші бесжылдығын бастау жоспарлануда, шетелдік инвесторлар үшін түрлі преференциялар мен ынталандырулар қарастырылған. Сондай-ақ, «Нұрлы жол» жаңа экономикалық саясаты қабылданды, оның аясында маңызды инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру жоспарланған.
Сапар аясында Қазақстан мен Франция Президенттері Алматы қаласындағы Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің базасында құрылған «Сорбонна-Қазақстан» институтының салтанатты ашылу рәсіміне қатысты.
Мемлекет басшысы бұл шараға француз көшбасшысының қатысуы білім беру саласындағы осы бірлескен жобаның екі ел үшін де маңызы жоғары екенін білдіретінін айтты.
Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан әлемдік білім беру кеңістігіне кірікпейінше, инновациялар мен білімге негізделген жаңа экономика құра алмайтынын да атап өтті.
Өз кезегінде Франсуа Олланд мәдениет және білім беру саласындағы қазақ-француз ынтымақтастығы бұдан әрі де кеңейе беретіндігіне тоқталды. Сондай-ақ жаңа ЖОО түлектері Қазақстанның инновациялық дамуына елеулі үлес қоса алатындығына сенім білдірді.
«Сорбонна – Қазақстан» институты «Париж қаласының Сорбоннасы» (PRES Sorbonne Paris Cité) Жоғары білім ғылыми орталығының әлемдегі екінші және Орталық Азиядағы бірден-бір филиалы болып отыр. Ондағы білім беру үдерісі Болон конвенциясына сәйкес жүргізіледі. Қазақстан мен Францияның профессорлары сабақ береді.
Бірлескен институттың ашылуы отандық білім беруді елдің жоғары білікті мамандарға деген сұранысын қамтамасыз етуге бағыттаудағы маңызды қадамдардың бірі болып саналады.
« Шілде 2025 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | 4 | 5 | 6 | |
7 | 8 | 9 | 10 | 11 | 12 | 13 |
14 | 15 | 16 | 17 | 18 | 19 | 20 |
21 | 22 | 23 | 24 | 25 | 26 | 27 |
28 | 29 | 30 | 31 |