ДӘУІР ТУДЫРҒАН ТҰЛҒА

ДӘУІР ТУДЫРҒАН ТҰЛҒАКеше Н.Бекежанов атындағы қазақ драма театр­ын­­да Тұңғыш Президент күніне арналған салтанатты шара болып өтті. Ол Елбасы туралы дайындалған бейнефильм көрсетілімімен басталды.

Бейнефильм барысында Тәу­ел­­­­­сіз мем­­­­­ле­кетіміздің жеткен жетіс­тіктеріне қысқаша шолу жасалды. Әлемге танылған Қазақстандағы қарқынды даму Елбасының еңбегі екені айтылды. Халықаралық сарапшылар, саясаткерлер, әлемнің аузы дуалы қайраткерлері мемлекетіміздің әрбір жетістігін Елбасының есімімен байланыстырады. Қазақ халқы жүздеген жылғы арман-аңсарына Нұрсұлтан Назарбаевтың тұсында жетті. Қазақстанды әлемнің алпауыт мемлекеттері мойындап, стратегиялық әріптеске айналды. Есіл жағасында ертегіге бергісіз әсем қала тұрғызды. Қазір Еуразия жүрегіне айналған Елорданың бас архитекторы Елбасы. Ал көркем Астана барша қазақстандықтардың мақтанышы. Бейнефильм Ұлт Көшбасшымен еліміздің келешегі бұдан да жарқын, нұрлы бола бермек деген асқақ сөздермен түйінделеді.

Осыдан кейін облыс әкімі Қырымбек Көшербаев салтанатты шараға жиналған қауымға мерекелік құттықтауын жеткізді:

– Құрметті жерлестер! Қазақстан халқы 1 желтоқсанды Тұңғыш Президент мерекесі ретінде салтанатпен атап өтеді. Бұл барша қазақстандықтар үшін шын мәнінде халықтық мереке. Тұңғыш Президент мерекесі күні болып 1 желтоқсанның таңдалып алынуы кездейсоқтық емес. 1991 жылдың 1 желтоқсанында тәуелсіз еліміздің тарихында алғаш рет жалпыхалықтық Президент сайлауы өтіп, Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Тәуелсіз Отанымыздың Тұңғыш Президенті болып сайланды. Осы бір аса зор тарихи оқиға әрбір отандасымыздың санасында салтанатты күн болып қалғаны анық. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы әлсіз экономика мен жетілмеген саяси реформалар жағдайында Тұңғыш Президентіміз алдына Қазақстанды гүл­денген мемлекетке айналдыру мақсатын қойды.

Шын мәнінде Елбасының сарабдал саясатының арқасында Тәуелсіз Қазақ елі қалыптасып, тарихы түгенделіп, тіліміз, діліміз, дініміз қайта оралып, мемлекетіміздің ұлттық рәміздері дүниеге келді. Қазақстан ішкі, сыртқы саясатын тура жолға қойған қуатты мемлекетке айналды. Ол бір сөзінде «Қазақ халқы 20-ғасырдың өн бойында өзге халықтар түсінде көрсе, шошып оянатын қасіретті оқиғаларды басынан кешірді. Мен өз халқымның көнбеске көніп, шыдамасқа шыдай алатын қайратына қайран қалам. Қазақ халқы сан ғасырлар бойы өзінің егемендігі мен тәуелсіздігі үшін күресіп келді. Иә, Алла тағала қазақтың пейіліне сай ұлан-ғайыр жер берген, асты-үсті толы кен берген, жаны үшін малын, ары үшін жанын садақа еткен ер берген. Маған ары үшін жанын садаға ететін осындай текті халыққа, мені ұлым деп, перзентім деп төбесіне көтерген халыққа, арғы-бергідегі қазақ баласының бірде-бірінің пешенесіне бұйырмаған бақытты – толыққанды, тәуелсіз мемлекет құрудың басында болу бақытын бұйыртқан халыққа қызмет етуден артық ештеңенің керегі жоқ. Осы жолда мен бойымдағы бар қайрат-қабілетімді, білім-білігімді аямай жұмсаймын, қандай тәуекелге де барамын» деп ағынан жарылды.

Тәуелсіздік таңының атқанына да тура 23 жыл толғалы тұр. Осы аз уақыт ішінде Елбасымыз Қазақстанды қарышты қадамды қуатты елге айналдырды. Мемлекет басшысы әу бастан экономикалық реформаларды саясаттың алдына қойды. Соның арқасында Қазақстан экономикасы қарқынды дамушы, халқының әл-ауқаты жақсарған, экономикасы дамыған елдердің қатарына қосылды. Тұңғыш Прези­денттің халық алдындағы еңбегі ұшан-теңіз. Елбасы халыққа жол­даған «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты Жолдауында «Мәңгілік Ел – елдің біріктіруші күші, ешқашан таусылмас қуат көзі» деп атап өтті. Осы ұлы құндылықтың ұйтқысы болған да, ұлы идеялардың бастамашысы да болған біздің Елбасымыз. Тұңғыш Президент мерекесі халқының Елбасына деген шынайы құрметі, ыстық ықыласы.

Қазақ елі осы жылдары қандай да бір мақсаттарға қол жеткізсе, «Алаштың анасы» деп атаған Сыр елі халқы да Елбасының барлық бастамалары мен жүргізіп келе жатқан саясатына ұдайы қолдау көрсетіп, олардың жүзеге асуына лайықты үлес қосып келеді. Бүгінде Сыр бойы жұртшылығы Тұңғыш Президент мерекесін лайықты тартулармен қарсы алып отыр.

Облыс әкімінің құттықтау лебі­зінен кейін мерекелік концертке кезек келді. Ол жергілікті өнерпаз бала­лардың орындауындағы Кеңес Дүйсекеевтің «Нұр тұлға» әні­мен басталды. Концерт бары­­сында қызылордалықтар «Гүл­­дер» ансамблінің, «Астана» ән­шілер тобының және басқа да өнерпаздардың өнеріне риза­шы­лық­пен қол соқты.

Ы.ТҰРЛЫҒҰЛОВ.


НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР / АҚПАРАТ 29 қараша 2014 г. 1 237 0